«Федерация шешімін өзгертсін»: Қазақстан спортшылар одағы волейболшыға араша түсті

0
699

Одақ басшылығы Алеся Сафронованың мәселесіне қатысты тиісті орындарға хат жолдады


«Федерация шешімін өзгертсін»: Қазақстан спортшылар одағы волейболшыға араша түсті

ERNUR.KZ. «Қазақстанда бәрі сатылады» деп тікелей эфирде айтқан «Жетісу» командасының волейболшысы Алеся Сафроноваға қатысты мәселе басқаша реңк алды. Бұған дейін волейболшыға ауыр атлетикадан әлемнің 4 дүркін чемпионы Илья Ильин қолдау білдірсе, енді Қазақстан спортшылары одағы араша түсті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Одақ басшылығының хабарлауынша, жарыстан бұлай шеттету ережеге сай емес. Сондықтан волейбол федерациясына хат жазып, мәселені қайта қарауды талап еткен. Волейболшының өзі де уақытша шектеуге келіскенімен, бүкіл чемпионаттан сырт қалуға қарсы.

«Қазақстан волейбол федерациясының ішкі тәртібін қарап көрдік. Онда шеттету туралы еш жерде жазылмаған. Тек әлеуметтік желілерде балағаттап жазса ғана осындай жаза қарастырылған екен. Одан бөлек, халықаралық волейбол федерациясының құжаттарын да қарадық. Алесяның әрекеті онда да шеттетуге жатпайды екен», - Қазақстан спортшылары одағының төрағасы Азамат Қарлығашов.

Қазақстан спортшылар одағы Алесяның жағдайына қатысты Қазақстан волейбол федерациясы мен Ұлттық олимпиада комитетіне, Дене шынықтыру және спорт комитетіне түсініктеме беру жөнінде хат жазған. Волейболшының өзі шулы мәлімдемесіне қатысты кешірім сұрағанмен, чемпионаттан шеттетілуіне түбегейлі қарсы.

«Мені ойыннан шеттету дұрыс шешім болған шығар деп ойлаймын. Бір ойыннан шеттетсе болар еді. Бірақ олар бес ойынға қатыстырмай тастады. Жарайды, оған да көндім. Себебі, тікелей эфирде ондай сөз айтуға болмайды. Бірақ, бүкіл чемпионаттан алып тастаса, бұл үлкен қателік болғалы тұр. Өйткені мен команданың маңызды ойыншысымын», - дейді ол.

Бұл жағдайға қатысты ҚР Волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев та пікірін айтты.

«Алдымен, ол федерацияда бірнәрсе сатылатынын дәлелдесін. Дәлелі бар ма? Бұл негізі, сотта қаралатын жағдай. Біздің төрешілер – ең әділ төрешілер. Біздің арбитрлардың әлемде рейтингі жоғары. Қандай жағдай болмасын, адам өзін қадағалап, айтқан сөзіне жауап беруі керек!», - дейді Ермек Сырлыбаев.

Еске сала кетейік, 12 қарашада «Жетісу» мен «Алтай» арасындағы кездесуде волейболшы Алеся Сафронова эмоциясын тежей алмай, тікелей эфирде «Қазақстанда бәрі сатылады, Федерацияда да» деп мәлімдеме жасаған болатын.