Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі таңдаулылардың қатарына кірді

0
659

WBO, IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына қол жеткізген Жәнібек Әлімханұлының атағы әлі де төмен.


Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі таңдаулылардың қатарына кірді

ERNUR.KZ. 2024 жылы көрермендер асыға күтетін айқастардың қатарына жерлесіміз де енді, деп жазады baq.kz.

Шетелдің танымал vringe.com сайты 2024 жылы ең мықты деген ТОП жекпе-жектердің тізімін жасады:

1. Александр Усик (Украина) — Тайсон Фьюри (Ұлыбритания)

Құны: аса ауыр салмақтағы абсолютті чемпион анықталады.

Жеңілістің дәмін татып көрмеген қос боксшының арасындағы айқас 17 ақпан күні Сауд Арабиясында өтеді.

2. Сауль Альварес (Мексика) — Давид Бенавидес (АҚШ)

Құны: 2-ші орта салмақтағы абсолютті чемпион анықталады.

Қос спортшының арасындағы жекпе-жектің болуы жайлы 2 жылдан бері айтылып келеді. Осы жолы Сауль Альварес келісе ме екен?!

3. Теренс Кроуфорд (АҚШ) — Джарон Эннис (АҚШ)

Құны: жартылай орта салмақтағы абсолютті чемпион анықталады.

Әлемдегі теңдессіз боксшының бірі – Теренс Кроуфорд өзінің мықтылығын үнемі дәлелдеп келеді. Енді тағы да сондай қарсылас – 26 жастағы Джарон Эннис. Теренс Кроуфорд кезекті рет басын қауіпке тіге ме?

4. Девин Хэйни (АҚШ) — Теофимо Лопес (АҚШ)

Құны: жеңіл салмақтағы абсолютті чемпион анықталады.

61,2 келіден жоғары көтерілген қос жұлдыздың жекпе-жегін тамашалағысы келетін жанкүйерлердің қарасы көп.

5. Джермелл Чарло (АҚШ) — Тим Цзю (Аустралия)

Құны: 1-ші орта салмақтағы абсолютті чемпион анықталады.

2-ші орта салмаққа көтеріліп, жеңілістің дәмін татқан Джермелл Чарло өз салмағындағы қауіпті қарсыласымен шыға қоя ма екен?

6. Артур Бетербиев (Канада) — Дмитрий Бивол (Ресей)

Құны: жартылай ауыр салмақтағы абсолютті чемпион анықталады.

Барлық айқастарын мерзімінен бұрын аяқтайтын Артур Бетербиевтің қауқары техникалық шеберлігі жоғары Дмитрий Биволға жете ме екен? Айқас маусым айында Сауд Арабиясында өтуі мүмкін.

7. Наоя Иноуэ (Жапония) — Луис Нери (Мексика)

Құны: 2-ші жеңіл салмақтағы абсолютті чемпион анықталады.

2 жылда екі түрлі салмақта абсолютті чемпион атанған жапон боксшысы енді міндетті қарсыластарымен жұдырықтасуға шешім қабылдады. Сондай қауіпті әрі қызықты жекпе-жектің бірі – нокаутер Луис Неримен болмақ.

8. Энтони Джошуа (Ұлыбритания) — Чжан Чжилеи (Қытай)

Құны: WBO тұжырымы бойынша аса ауыр салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы.

Лондон Олимпиадасында қос боксшының айқасы Энтони Джошуаның пайдасына шешілген еді. Енді кәсіпқой бокста тағы да кездесіп қалуы мүмкін.

9. Шакур Стивенсон (АҚШ) — Эмануэль Наваррете (Мексика)

Құны: WBC тұжырымы бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағы.

Екі салмақтағы экс-әлем чемпионы Шакур Стивенсон үш салмақтағы экс-әлем чемпионы Эмануэль Наварретемен жекпе-жек өткізгісі келетіндігін әлеуметтік желіде мәлімдеді.

10. Жәнібек Әлімханұлы (Қазақстан) — Крис Юбенк (Ұлыбритания)

Құны: Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы қос чемпиондық белбеуі.

WBO, IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына қол жеткізген Жәнібек Әлімханұлының атағы әлі де төмен. Осы орайда ол Ұлыбритания жерінде 34 жастағы танымал боксшы Крис Юбенкпен шығып қалуы мүмкін.