"Жеңу үшін ақша ұсынған": Қазақстандық теннисші Тимур Хабибулин өмір бойына жарыстардан шеттетілді

0
652

Жарыстардан шеттетілген спортшыға 28 миллион теңге айыппұл салынды.


ERNUR.KZ. Қазақстандық теннисші Тимур Хабибулин матчтардың нәтижелерін ұзақ жылдар бойы бұрмалап, әділетсіздікке жол бергені үшін енді ешқашан жарыстарға қатыса алмайды, деп жазады stan.kz.

Жарыстардан шеттетілген спортшыға 28 миллион теңге айыппұл салынды.

Теннис адалдығы жөніндегі халықаралық агенттік осыған дейін ATP-де ең жоғары орында тұрған Тимур Хабибулинге қатысты шара қабылдады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тыңдаулар бойынша тәуелсіз сарапшы Джени Сублиер қазақстандық теннисшіні кінәлі деп таныды. 2014-2019 жылдар аралығындағы 21 ойында Тимур Хабибулин матчтардың жекелеген аспектілерін ойластырып, бәс тігулерге ықпал еткен, матчтарда жеңу үшін ақша ұсынғаны белгілі болды.

Теннистің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын бұзғаны үшін Тимур Хабибулин 60 мың доллар (28 миллион теңге) төлеуі тиіс. Ол өмір бойына жарыстардан шеттетілді.

Бастапқыда Тимур Хабибулин өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарып, тыңдаулар өткізуді талап еткен. Алайда көп ұзамай кінәсін мойындап, ең болмағанда жаттықтырушы болып жұмыс істеуге рұқсат беруін сұрады. Бірақ бұл өтініші қанағаттандырылған жоқ.

Енді Тимур Хабибулинге теннис жарыстарына қатысуға, жаттықтыруға, тіпті ITIA мүшелері ұйымдастырған кез келген теннис іс-шараларына қатысуға тыйым салынады.

Бұған дейін допинг үшін жарыстардан шеттетілген қазақстандық спортшылардың тізімі жарияланды.