"42500 теңгені қайтарып бердім": Жұлдыздар әлеуметтік төлемді қайда жұмсағандарын айтты

0
2 874

"Білгенмін беріп қайта аларыңды..."


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғанына бір айға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде дөңгелетіп отырған кәсібін тоқтатуға мәжбүр болып, төрт қабырғаға қамалған отбасы қаншама. Халыққа көмек болу үшін мемлекет 42500 теңге көлемінде жәрдемақы төлей бастады. Қолы жетіп үлгергендер де бар, алғанымен «жауапкершілігінен қашып», мемлекетке қайтарып жатқандар да аз емес. Қарапайым жұрттың жағдайы түсінікті, ал осы аз ғана көмек өнер жұлдыздарына қажет пе? Арнайы сауалнама жүргізіп көрдік.

  1. Карантин мерзімі ұзарды, қалай өткізіп жатырсыз? Көбірек неге көңіл бөлесіз және шығармашылыққа үзіліс жарияламадыңыз ба?
  2. Желіде үйдегі жастық, көрпелермен суретке түсу челленджі басталды неге қатыспадыңыз? Әрі өзіңіз қандай челлендж бастар едіңіз?
  3. 42 500 алдыңыз ба? Желіде «Жұлдыздар челленджден басқа қандай көмек беруде» деген сияқты түрлі сын айтылып жатыр, осы мерзімде қайырымдылық жасадыңыз ба, құпия болмаса қанша көлемде?
  4. «Коронавирус жоқ», «Ол – саясат» немесе осы сияқты түрлі фейк ақпараттарға сеніп жүрген әріптестеріңізге не айтар едіңіз?
  5. Оқырманға айтар тілегіңіз!



ҚАРАҚАТ ӘБІЛДИНА, ӘНШІ


1. Президентіміз төтенше жағдай жариялағаннан күннен бері бала-шағамызбен тәртіпке бағынып, үйден шықпай отырмыз. Біріншіден, заң бәрімізге ортақ және бұл індеттен үйден шықпай, көпшілік жиналатын жерге бармай ғана сақтана алады екенбіз. Бұл жерде бір адамның ғана емес, ұлт қауіпсіздігі мен бала-шағамыздың амандығы тұр.

Бірақ «әр істің қайыры бар» деген қанатты сөз бекер емес. Осы уақыт күйбең тіршілікпен отбасына көңіл бөлуді ұмытып кеткендерге ой салу, ойлану үшін берілгендей көрінеді. Шыны керек, соңғы кездері түсірілім, гастрольдік сапарларымыз бен телеарнадағы жұмысымызға байланысты уақыттың көбі сыртта өтеді. Үйге балалар ұйықтап қалғанда бірақ келеміз, сондықтан іштей оларға дұрыс көңіл бөле алмағанымыз үшін кінәлі сезінетін едік. Осы уақыт сол сәттердің орнын толтыруға арналған тәрізді. Қазір жиырма төрт сағат біргеміз. Үйде бір студент пен үш оқушы және балабақшаға баратын бала бар. Мен олардың әрқайсысына жеке көңіл бөліп, бірге сабаққа дайындалуына да көмектесіп жүрмін. Бос уақыт көп болғандықтан оларды үнемі теледидар мен телефонға телмірту дұрыс емес. Қазіргі онлайн сабақтан бөлек, кітап оқуды да қолға алдық. Арасында үй шаруасына да қолғабыс болады. Карантин демесеңіз, күнделікті тіршілікті белгілі бір режиммен өткізіп жатырмыз.

Әйел адам үшін қай уақытта үйдің тіршілігі аз болған емес. Күнделікті ас үйдің қамынан бөлек, киім-кешек пен көрпе-жастықты да таза ұстау қажет. Өз шаруашылығыңды ретке келтіріп, қадалағап отыратын тірлік көп. Оның барлығы үйбикесі үшін өзіндік ләззат беретін дүние деп ойлаймын. Сондықтан қазір бар уақытымды отбасы, ошақ қасына арнап жатырмын.Әрине, бойдағы шығармашылықты да мүлдем ысырып қою мүмкін емес. Арасында домбырамызды қолға алып, халыққа демеу ретінде желідегі тікелей эфирге қосылып, ән салып тұрамыз.


2. Челлендж дегенде, әріптестеріммен бірге 2-3 рет қана ән айтуға қатыстым. Бірақ оның өзі де уақыт алатындықтан, көпшілігіне «қатыспаймын» деп шештім. Әрі үнемі үйде отырғанда тыныштыққа тез үйренеді екенсің. Бос уақытымда дұғада отырамын, сондықтан челлендж ұйымдастыруға уақыт та табыла бермейді. Тек оқырманыма пайдалы деген дүниелерді парақшама бөлісіп қоямын.


3. 42 500 теңге каспий голдқа түсті, оған өзім де таң қалдым (күліп). Себебі оған құжат толтырып, «мен де алайын» деп құнттаған жоқ едім. Бірақ көмекшілерім жұмыс орным арқылы өтініш беріпті, оны өзім де білмедім. Солардың арқасы әрі Алланың балаларыма берген несібесі шығар, түсті. Ол үшін үкіметке рақмет! Қазір барлық жұмыс тоқтады, елдің бәрі үйінде, сондықтан көмек кімге болмасын керек. Ал қайырымдылық мәселесінде «оң қолым бергенді, сол қолым жасырсын» деген қағиданы ұстанамыз.Мүмкіндігінше берген садақаны жария қылмауға тырысамын.Оған қазіргі технология да көмек, әр жұма сайын мұқтаж жандардың картасына аударып отыруға тырысамын. Шыны керек, жекеме келетін хаттың басым көпшілігі – көмек сұрайтындар, карантин басталғалы бері олар тіпті көбейді. Бірақ барлығына бірдей қол ұшын созу мүмкін емес. Шын мұқтаж, әсіресе, дертке шалдыққан бала бағып отырған отбасына көмек беруге тырысамыз. Мәселен, былтырғы өткен концертімізден түскен 4 млн табысты асыраушысына айырылған, 6 балалы отбасына аудардық. Күні бойы тік тұрып өткізген екі концерттің қаржысы сол жандарға бұйырды. Қай уақытта болмасын қайырымдылық жобалардан қалыс қалмауға, көмек беруге тырысамыз. Оның көлемі де әртүрлі. Бірақ бастысы қайырымдылық тек ақшалай емес, жылы сөз, дұрыс жөн сілтеуіңмен де өлшенеді емес пе? Сондықтан әрбірін тізіп отырғаным жөн емес. Жасаған жақсылығымыз, ұрпағымызға қайтсын деп тілеймін!


4. Бұл індетті саясат делік не Жаратқанның сынағы дейік, қалай болғанда да бізге келді. Енді оны талқылаудың өзі артық деп ойлаймын. Бір жапырақ болсын Алланың әмірінсіз жерге түспейді. Жаратқанның әмірімен болып жатқан осы сынаққа көнеміз, елмен бірге көреміз. Бастысы - Президенттің үндеуіне құлақ асып, дәрігердің нұсқауларын орындап, өзімізге жауапты болайық! Елдің амандығына әрбіріміз жауаптымыз, осыны түсінсек екен.


5. Еліме тыныштық пен амандық тілеймін! Әр дұғам мен намазымда осы дерттен аман алып шығуын сұраймын... Ана болған соң балапандарымыз үшін уайымдаймыз, солардың болашағы қалай болар екен деп алаңдайсын. Тек ниетіміз бен пейілімізді тарылтпайық дегім келеді. Жақсылық ойлап, жақсы күндерге асығайық!



ӘЙГЕРІМ СЫРЛЫБАЕВА ӘНШІ, САЗГЕР


1. Ия, карантин мерзімі ұзарды, бірақ уақыт тез өтіп жатыр. Қазір балалар қашықтан оқып жатқандықтан, олардың үлгеріміне мұғалімге қарағанды ата-ана жауапты болды. Сондықтан қасында отырып, сабағына көмектесеміз. Одан бөлек күнұзақ істесең де бітпейтін үй тірлігі бар (күліп). Ең бастысы – жақындарым жанымда, көңілім тыныш!

Шабыт келіп тұрса, шығармашылық тоқтамайды ғой.Дегенмен қазіргі жағдайда бірінші назар, басты көңіл – отбасында. Осы кезеңнен тезірек өтіп кетсек деген тілек бар.


2. Үйдегі жастық-көрпелермен суретке түсу челленджі мен үшін қызық емес! Уақытымды мұндай бос дүниелерге қимаймын (күліп). Егер өзім челлендж бастасам, эпос-жырларды оқуды бастар едім.


3. Әлеуметтік төлем алмадым (күліп). Ал қайырымдылық - бұлжария ететін дүние емес! "Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін" деген ғой. Өзім қолдан келгенше жасауға тырысамын.


4. Әр түрлі фейк ақпараттарға сеніп жүрген жандарға ештеңе айта алмаймын. Әр адам өз санасына жүгінеді. Өзім бірінші кезек елімнің амандығын тілеп отырмын. Қазағымның, жалпы әлем жұртының басына төнген нәубеттен аман-есен, төрт көзі түгел құтылып шыққанын қалаймын. Балаларымыз - болашағымыз. Олардың болашағының жарқын болуын тілеп отырмын. Ең бастысы - жүрегіміз таза болсын, соған орай Жаратқан тілеуімізді береді. Сондықтан әр түрлі қауесет сөздерге еріп жүрген жандарға айтарым жүрегімізді тазартайықшы, барлығы жақсы болатынына сенейік.


5. Оқырманға алдымен амандық тілеймін! Отбасыларыңызда бақ-береке, бірлік болсын! Қазағымыз жыламасын, қиналмасын. Уақытша сынақтан аман өтіп, бақытты күндерімізге оралуды жазсын.



САРА ЖҮНІСБЕК ӘНШІ, САЗГЕР


1. Карантин уақытында қатты өзгеріс болды дей алмаймын, тіпті негізгі жұмысым көбейіп кетті.Жұмыс істейтін кадрлар бөлімінде қазір нағыз қызу жұмыс болатын сәт. Ал шығармашылық тоқтап қалды, бірақ өнер менің хоббиім болғандықтан карантин еш кедергі берген жоқ.


2. Жастықпен түсу үшін жалаңаштану керек, негізі жастық ұйықтау үшін емес пе? Киімге тамақ салып жемейміз ғой, сол тәрізді әр затты орнымен қолданғанымыз дұрыс болар еді.


3. Негізі кеше 42500 теңге түсті, бірақ қайтарып бердім. Жұмыс орным жабылған жоқ, тұрақты табыс бар, соған шүкіршілік етемін! Ол ақшаға байланысты әзіл өлеңімді желіге де жариялаған болатынмын.

"Үкіметке қарайтын кез келді ғой
Десек те министрің сөз берді ғой
Айналайын 42500 теңге ай
Келуіңнен, кетуің тез болды ғой

Ойпыр ой мың долларға тап болғандай
Будақ-будақ ақшаға қап толғандай
Өзімді сезіндім ау баладайын
Кәмпит беріп, қайтадан ап қойғандай

Білгенмін беріп қайта аларыңды
Сеземін мұқтаж жанды табарыңды
Хош сәулем, енді қайтып көріспейміз
Мәңгі есте сақтаймын жанарыңды" (күліп).

Қайырымдылық жасаймын, әрине, бірақ сомасы бір Аллаға ғана аян болсын!


4. Әріптестерге айтарым, вирус болса да, болмаса да, «Тазалық - денсаулық кепілі» екендігін ұмытпаған жөн.


5. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! Тек осы сынақ адами қасиетімізді арттырса екен, той-томалаққа жұмсаған ақшаны білім мен пайдалы іске жұмсасақ болашақ жарқын болар еді.





БАЛЖАН БИДАШ, ӘНШІ

1. Карантинді ауылда отбасымызбен өткізіп жатырмыз. Бірақ әншілер үшін ыңғайлы уақыт, осы кезде көбірек ән жазуға болады. Қазір тапсырыс беріп қойдым, әннің музыкасы дайын болғанын күтіп жүрмін. Карантин біткенде студияға барып дауыс жазу ғана қалды.


2. Челлендждерге онша қатыса бермеймін. Жастықпен түскен арулардың түрлі суреттерін көрдім, бірақ солай түсіп көруді ойламаппын. Ал өзім ұйымдастыру керек болса, бірден әлемді аралап кететін челлендж ойлап тапқым келеді.


3. Осы вирус басталғалы бері менің инстаграм парақшама көмек сұрап жазатын адамдар көбейіп кетті. Тіпті екі нан немесе 2000-5000 тг сұрап жазатындар бар. Сондай аз ғана көмек сұрайтын елдің бар екенін түсінгенде, жүрегім ауырады. Шамам келгенше, ақшалай көмек беруге тырысамын. Біз қойнауы қазба-байлыққа толы елміз, халқымыз ашықпауы қажет. Көбірек еңбек етуіміз қажет.


4. Бұл вирус қарусыз соғыс деп түсінемін. Бір ғана елден шығып, қалайша бүкіл әлемді жаулап алды деген сұрақтың сан түрлі нұсқалары бар. Қанша саясат деуге тырысқанымен, өзім коронавирустың әлемді әуреге салған індет екендігіне сенімдімін.


5. Әр қазақстандыққа айтарым, жауапкершілікті ұмытпаңыздар. «Мен ауырмаймын, маған жоламайды» деп салғырттыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды. Қанша қиын болғанымен, аз ғана уақыт үйде отырып, шыдай тұрайық. ! Карантин уақыты тез біткенін қаласаңыз өзіңізден бастаңыз! Аман болайық, сау болайық!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ