​«Несиемді төлеу үшін өтініш бердім»: Жұлдыздар 42 500 теңге алды ма?

0
2 909

"Өзім де «Түріне сенімді жігіттер шашын алады» деп қалжыңдап қоямын, сол сенімді болғандықтан алып тастадық" (күліп).


​«Несиемді төлеу үшін өтініш бердім»: Жұлдыздар 42 500 теңге алды ма?

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Қазір әлеуметтік желіде хит екі тақырыптың бірі - 42 500 теңге. Сонымен бірге түрлі челлендждер трендте болып тұр. Челленджге белсенді жұлдыздар әлеуметтік көмек алды ма және олар карантиндегі уақытты қалай өткізуде деген сұрақтарға жауап іздеп бірнеше шоу-бизнес өкілдеріне хабарластық.


  • Карантин мерзімі ұзарды, қалай өткізіп жатырсыз? Неге көбірек көңіл бөлесіз? Сазгерлер мен ақындар тапсырыстың жоқ екенін айтып қалды, шығармашылық тоқтап қалған жоқ па?
  • Карантинде уақыттың көптігінен бе, түрлі челлендждер қаптап кетті. Оның біріне, яғни «шашты алуға» өзіңіз де қатыстыңыз. Мұндай қадамға неге бардыңыз және келесі айда концерттер басталса имиджге әсер етпей ме, өкініп қалмайсыз ба?
  • Осы челлендждердің көбеюі іш пысудан деп ойлайсыз ба, әлде демалған халыққа жаңа идеялар келгеннен бе?
  • 42 500 теңге алдыңыз ба?
  • Оқырманға айтар тілегіңіз.



Бағлан Әбдрайымов, «Жігіттер» квартетінің әншісі


1. Шығармашылық тоқтаған жоқ! Үйде қара домбыраны алып, ескі әндерді еске түсіріп жүрмін. Сонымен бірге Абай атамыздың 175 жылдығына орай шығармашылықтарын оқып, өлеңдерін жаттадым. Жаңа ән дегенге келер болсақ, бұған дейін жазылған әндеріміз бар еді, соны ретімен желіге жариялап отырмын. Ал «карантиннің кесірінен шығармашылық тоқтап қалды» деген әңгіме жоқ!

Қазір уақытымның көбін іздену мен оқуға арнаудамын. Карантин менің «Алаш зиялыларына» деген махаббатымды ашты. Сұм заманда қаншама интеллигенция мен 103 мыңға жуық адамның қуғын-сүргінге ұшырауы, кейіннен тағы 37 мыңдай адамның сүйектері көмусіз қалғаны жанға батады. Солар туралы тереңірек зерттеп өмірбаянымен танысып жүрмін. Бүгінгі қазақтардың бақытты өмір сүруі үшін кеуделерін оққа тосқан ерлердің тарихын білу, құрметтеу бізге міндет деп білемін. Әрине, арасында отбасымызға да көңіл бөлуді ұмытпаймыз.


2. Челленджге қатысқан жоқпын! Тек Ердос бастағандықтан және қазір үйде отырғандықтан «басты да бір демалдырып алайық» деген оймен шашымды алдым. Ал концерт, кештерге баруыма кедергі болатындай, олар мені шашыма қарап шақырады деп ойламаймын (күліп). Өзім де «Түріне сенімді жігіттер шашын алады» деп қалжыңдап қоямын, сол сенімді болғандықтан алып тастадық (күліп).


3. Бұл челлендждерден жаңа идея көріп тұрған жоқпын. Маған да қаншамасы жолданып жатыр, оның бәріне қол көтеріп, қосылып кетпеймін. Себебі болмысымызға келетіні, келмейтіні бар дегендей... Өзімізге ыңғайлысын қабылдап, қалғанын өткізіп жібереміз...


4. Өтініш бердім және түсті. Бірақ сіздің «Қайырымдылық жасап жатырсыз ба?» деген сұрағыңызға келер болсақ, парақшамды оқысаңыз хабарыңыз болуы керек. Еріктілердің қатарына қосылып, түрлі шараларға атсалысып жатырмыз. «Әншілер көмектеспеді» деп сынайтындар өз деңгейінде жазып жатыр. Ондай "қылық" үйде отырған адамдардың шаруасы деп ойлаймын, мысалы менің ондайға уақытым жоқ! Әрі оған уақыт кетіргім де келмейді.


5. Тыңдармандарыма айтарым, қауіпсіздік ережелерін сақтайық! Сонымен қатар босқа уақыт өлтірмей, пайдалы дүниемен айналысайық. Кітап оқыңыз, сурет салыңыз, ән айтыңыз, жалпы дамуға тырысыңыз. Карантин - әр адам өз ішіндегі менімен тілдесетін, өзіне есеп беретін уақыт.



Ерлан Дәулетбеков, «Шымкент шоу» театрының актері


1. Карантин уақытында адамның бағы түзде болғанымен, бақыты үйде екенін түсіндім. Өзім осы уақытта көбірек кітап оқуға тырысып жатырмын. Бұл – бәріміз үшін жеке дамуға, өсуге, көзқарасымызды кеңейтуге берілген уақыт. Сондықтан барынша тиімді пайдалануға тырысып пайдалы видеолар мен кино көремін, арасында сериалдарға сенарий жазуға да уақыт табамын.


2. Шаш алу челленджін желіден көрдім, бірақ мен карантин басталған алғашқы күндері-ақ шашымды алып тастаған болатынмын. Бала кезімізде «Шашыңды жиі алсаң, үлкейгенде қалың, қайратты болып өседі» деп жататын еді, сондай бір үміт қой... (күліп). Ал келесі айда концерттер болса одан еш қымсынбаймын және театр сахнасында шашқа тікелей байланысты рөлдерім жоқ.


3. Жаңа челлендждердің көбеюі іш пысқанның көрінісі секілді. Өйткені идея дейтіндей жаңалық көріп тұрған жоқпын. Жақында өзім де бір челлендж бастадым, оның шарты боайынша, қатысушы рухани-патриоттық тақырыптағы поэзия немесе проза оқуы керек. Оны сізге және барша оқырманға жолдаймын.




4. Табыс көзім – той. Қазір тойлардың тоқтауына байланысты, әлеуметтік көмекке мен де өтініш бергенмін. Бірақ әзірге жауабы келмеді, бұйырғаны болар. Бұл ақшаға менен де мұқтаж адамдардың бар екенін білемін және оларға бұйыруын тілеймін! Мен тек «несиемді төлесем» деген оймен ғана өтініш берген едім...


5. Біріншіден, карантин уақытында қызмет етіп жатқан ақ халатты абзал жандардың өздері мен отбасына Алла амандық берсін. Әрбір дәрігер өз үйіне аман-есен оралуын тілеймін! Сонымен бірге Ішкі Істер Министрлігінің қызметкерлері, әскери қызметкерлер және барша еріктілерге рақмет айтып, жақсылық тілеймін! Мөңке бидің «Хан әділ болса, қараша табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді» деген сөзі бар ғой, бұл да өтеді. Дерт – жеке адамның, не бір отбасының ғана емес, бүкіл мемлекет басына төнген проблема. Сондықтан осы өткінші кезеңде сабыр сақтап, үйде отырып, дұға жасайық. Бәріңізге бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!



Алмас Мұхтарұлы, сазгер


1. Ең бірінші үй шаруасына уақыт тауып, аулада шаруашылықпен айналысып жатырмын.Жер аударып, қызанақ,қияр, сәбіз, сарымсақ тағы басқа көкөністерді ектім. Бұл - карантиннің пайдалы жағы. Cондай-ақ кешқұрым кітаптар оқып, проза мен поэзияға шолу жасап жүрмін. Карантин кітап оқу, ән тыңдау деген дүниелерге қолайлы болып тұр.

Әнге тапсырыстар азайғаны рас, бірақ шығармашылық тоқтаған жоқ.


2. Иә, қазір челлендждер көп, мен де Ердос ағамыздың челленджін қабылдап, шашымды алып тастадым. Оның кері әсері болады деп ойламаймын. Тіпті болмаса, сахнаға бас киім киім шығуға да болады. Сондықтан өкінбеймін, керісінше басымыз демалып қалды (күліп).


3. Қазір әртүрлі челлендждер шығып жатыр ғой, солардың ішінде маған ұнағаны - әншілердің арнайы әндері. Мысалы, «Жігіттер» квартетінің және Әлжан деген бауырымыздың, одан кейін Ұшқын Жамалбек пен Имбрагим Ескендірдің де әнін ерекше атауға болады. Әрине, іш пыстыратындары да бар...


4. Алмадым, өйткені маған бүгін ғана «Әлеуметтік төлемақы берілмейді» деген хабарлама келді. Себебін түсінбедім...


5. Алла осы індеттен аман шығуымызды нәсіп етсін. Амандықта қауышайық!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ