"Шах-Керім еркекше сөйлесетін адам емес!": Бұрынғы депутаттыққа үміткер жігіт "Қалаулымға" неге барғанын айтты

0
9 273

Айдос Игіліков, журналист, "Қалаулым сен" бағдарламасының экс-қатысушысы


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Қарашаш Есенбай: Сәлем, Айдос! Алғашқы сұрақ былай болсын, осы уақытқа дейін түрлі сайттардан сенің халыққа жанашырлық мақсаттағы жазбаларыңды оқып қалатынмын... Бірақ көзі ашық халық қолдамайтын «Қалаулым сен» бағдарламасына барудағы мақсатың қандай болды?


Айдос Игіліков: Шынымды айтар болсам, мен ол бағдарламаға танымалдылық үшін бардым дей алмаймын. Егер танымал болғым келсе, басқа да бағдарламаларды дайындауға болар еді. Біріншіден, қызық үшін бардым. Рас әлде өтірік екенін білгім келді. Өйткені журналистика факультетіндегі ұстаздарым кез келген ақпараттың растығын жеткізу —журналистің басты мақсаты деп үйреткен.

Екіншіден, рейтингі жоғары бағдарлама арқылы халыққа идеологиясы дұрыс әңгіме, қазақилықты айтқым келді. Оны осыған дейін де айтып жүргенмін, әлі де айта беремін. Негізгі мақсатым осы еді, бірақ өміріме қарай шабуылдар жасала бастады. Меніңше, жеке өмір үнемі жұмбақ болып қалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, «Қалаулым сен» бағдарламасына баруымның басты себебі - қоғамға дұрыс ой салу.


Қарашаш Есенбай: Осы жерде мынаны анықтайықшы, жақында Ұлдананың «Qalayym AQIQAT» деген кітабы шықты. Кітапта да, маған берген сұқбатында да ол сол жердегінің барлығы тек қойылым екенін айтты. «Шынайылық жоқ» дейді, ал сен не дейсің?


Айдос Игіліков: Ұлдананы жеке өмірде танымаймын, дегенмен оның айтпағын түсінемін. Бірақ ол кітапта оны жазып Американы ашқан жоқ! Кәдімгі өсек әңгіме ғой... Ештеңе деп айтқым келмейді. Мысалы, осы сұқбатты оқып отырғандар да біледі ғой өтірік екенін, бірақ сол өтірікке өздері сенеді. Сондықтан ештеңе дей алмаймын!




Қарашаш Есенбай: Түсінікті! Өзің осы бағдарлама арқылы жарыңды таптың, сенің алып қашқаның да әлеуметтік желіде біраз жыр болды. Бұл да бағдарлама сценариі бойынша ма, әлде..?


Айдос Игіліков: Керісінше, алып қашқаным мен жарымды тапқаным сценарийден тыс болды. Ол - менің өмірімнің сценариі (күліп).

Жұбайымыз екеуміз бір-бірімізді жақсы көріп қалғандықтан сондай әрекет жасадық. Ол да жақсы көргесін келісімін берді. Сезімі болмаса, келіспес еді деп ойлаймын. Біз бұрыннан араласып жүретінбіз.


Қарашаш Есенбай: Айдос, сенімен жазда кездескен кезде түсірген видео менің телефонымда сақталып қалыпты. Сонда сен қыз іздейтініңді, бойы сенен ұзын болуын және Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Мағауинді міндетті түрде оқуы керектігін айтқан екенсің. Жеңгем дейінші, осы талаптарға қаншалықты сай келеді?


Айдос Игіліков: (Күліп) Келіншегімнің бойы қатты қысқа емес, әйел адамға жарасымды. Ал білім жағынан келгенде ол кісілерді білетін, шығармасын көрген адам.


Қарашаш Есенбай: Сонымен қандай қылықтарымен баурады?


Айдос Игіліков: Діни сауаты дұрыс болғандықтан таңдадым. Аяқ астынан шешім қабылдағаным рас, бірақ оныма өкінбеймін. Кездесіп, жүріп, уақыт өткізуге болар еді. Бірақ хайп іздемегендіктен, жігітше шешім қабылдадым. Әйтпесе, бір маусым «Қалаулым сеннің» жұлдызы болуымызға да болар еді ғой?




Қарашаш Есенбай: Қазір екеуің бірге емес деген сыбыс қаншалықты рас?


Айдос Игіліков: Қарашаш, отбасылық мәселемді бұқара білгенін қаламаймын. «Отбасы – ошақ қасындағы» әңгімеден шаршаймын... Оқырманға да оның пайдасы болмас?!


Қарашаш Есенбай: Жақсы, мен сенің ортаң журналистер, шоу-бизнес саласындағы адамдар екенін жақсы білемін. Олар және ата-анаң мен туыстарың экрандағы әрекеттеріңе қалай қарайды?


Айдос Игіліков: Әрине, барлығы қарсы болды. Бірақ тек жақсы дүниелерді айтамын дегендіктен келісті, түсінді...


Қарашаш Есенбай: Соңғы күндері бағдарламаның редакторы Шах-Керім екеуіңнің араңда түсініспеушілік болып жатыр. Өзің мән-жайын ашып айтып берші?


Айдос Игіліков: Шах-Керім екеуміз бір жоғары оқу орнында оқығанбыз. Бірақ Шах-Керім еркекше сөйлесетін адам емес, соған көзім жетті. Содан кейін қойдым... Идеологиясы да дұрыс емес! Рейтинг үшін керек емес дүниелерді шығаратынына ішім ашиды. Жақсы дүниелерді шығаруға, айтуға болады ғой. Үш сағаттық эфир - жақсы мүмкіндік. Іздесе табады, жоқ ойлайтындары – ХАЙП, ХАЙП, РЕЙТИНГ, РЕЙТИНГ!




Қарашаш Есенбай: Сенің бағдарламаның бұрынғы продюсері Аслы ханымға жазған хаттарың қаншалықты шынайы? Шынымен бағдарламаға жүргізуші ретінде барғың келді ме?


Айдос Игіліков: Негізі мен сол кезде түнгі сағат 12-нің шамасында жұмыста сценарий жазып отырған едім, әзілдеп аудиолар жібердім. Қарашаш, сен менің әзілге жақын жігіт екенімді білесің ғой?!

Кейін инстаграмды ашсам, сол аудиолар «ажиотаж» болып жатыр ғой. Оны ойнап, әдейі жазғанмын. Ол үшін арнайы сценарий дайындап, мені құрыққа салып бағдарлама жасапты. Мен аңқау екенмін, оны енді түсіндім! Олардың сондай қулыққа баратынын қайдан білейін? Аллаға тапсырдым! Екі адамның арасындағы жағдайды, біреудің қатесін жариялау сайып келгенде дұрыс емес. Бірақ ол кісіге денсаулық тілеймін, еміне шипа берсін.

Білесің бе, баяғыда шындық айтамын деп депутаттыққа үміткерлігімді алып тастаған. Сол кезде «56 тиынды жасырдың» деп жала жапқан. Менің өмірімде тек қана жала жабу, әйтеуір.


Қарашаш Есенбай: Есесіне алда сақтанып жүресің! Жақында өзің басқа бір жобаны қолға алған сияқтысың, сол туралы толығырақ айтып берші.


Айдос Игілік: Мен бұрыннан түрлі жобаларды дайындайтынмын, әлі де дайындай беремін. Шын мықтыға тұсау жоқ! Қазіргі дайындап жатқан жобамыз – интеллектуалды бағдарлама. Студенттер арасында тартысты ойын болады, сұранысқа ие болатын бағдарлама деп ойлаймын. Ол жерде тарих, салт-дәстүр, тәрбие бар. Жалпы айтқанда, көрген адам білім алатын, интеллектті дамытатын жоба. Менің әуелгі мақсатым да осы ғой. Сол мақсатым үшін жұмыс істеп жатырмын және соңына дейін қызмет етемін.

Қарашаш Есенбай: Сәттілік, Айдос. Уақыт бөлгеніңе рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан алынды

ERNUR.KZ