Ұлдана Ерқасым, "Qalaýym Live" жобасының қатысушысы, "Қоқыстан табылған миллионер қыз", "Qalaýym AQIQAT" кітаптарының авторы.
Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.
Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Ұлдана. Сұқбатқа келіскеніңе рақмет! Ұлдана, сенімен алғаш рет осыдан 6-7 жыл бұрын Көркемсөз шеберлерінің байқауында танысқаным есімде. Кейін сен журналистика факультетіне оқуға түсіп, қатар оқыдық. Бәлкім менің бұл айтқаным, қалыптан шықпау секілді көрінетін шығар, дегенмен мен сені сол кезде ұяң, қазақы тәрбиенің шекараларынан шықпайтын Ұлдана деп білетінмін. Қазір желіні ашсам, «Ұлдана шашын алып тастады», «Ұлдана бір жігітпен ерегісіп жатыр», «Ұлдана төбелесіп қалды» былайша айтқанда хайпқа жақын жаңалықтармен есіміңді естіп жүрмін. Мен білетін екі бейненің қайсысында шынайы Ұлдана бар?
Ұлдана Ерқасым: Қарашаш, сіз мені жәй ғана Ұлдана ретінде танитынсыз. Ал, халық мені аты шулы бағдарлама арқылы таныды. Біз - өз өміріміздің әртістеріміз. Эфирде әркім өз рөлін жоғары деңгейде сомдап шықты. Менде жеген наныма адал болдым. Өмірде сабырлы болсам, эфирде шыдамсыз кейіп таныттым. Маған бәрі Ұлдана өмірде басқа, эфирде басқа деп пікір білдіріп жатады. Басқа болмай ше? Мен өмірде адам баласының ала жібін аттап, өзгеге қол көтеріп көрген адам емеспін. Ал эфирде көп адамның жүрегіне ауыр сөздер айтам. Дәл сол сөздерді айтамын деп дайындалып айтады дейсіз бе немесе белгілі бір сценарий бойынша айтасың, иә болмаса дәл сол жерде сүмірейіп кетіп бара жатқан есеңнің ақысы үшін айтасың. Бағдарлама иммунитеті әлсіздерді сыртқа теуіп, шеттетіп отыратыны тағы бар. Кім басынан сөз асырғысы келеді дейсің?! Қоғам азамат атаулының өзіндік параметрлерін ұсынып қойғаны белгілі. Ал шашымның құрбандығы – шалыс айтқан сөздерімнің нәтижесі. Мінезімнің минус тұсы - күлкім мен болмысым. Ал бағдарлама арқылы әлеуметтік желілерде таныған көрермен үшін, мен маған берілген рөл мен миссиямды толықтай орындап шықтым деп айтар едім. Енді мені қандай деп ойлайсыз? Өз еркіңіз...
Қарашаш Есенбай: Жақсы, Ұлдана! Мен сенің бір сұқбатыңда «Жалғыз болып мыңмен алыстым. Жалғыз болып жабырқадым. Жалғыз отырып жыладым. Жалғыз жүріп сауда жасадым. Жалғыз көтеріп жүк тасыдым»... дегеніңді оқыдым. Жалғыз сөзін көп айтқаныңа қарағанда жалғыздықты жиі сезінетін секілдісің. Қазір жаныңда кім бар?
Ұлдана Ерқасым: Қазір айналамда мені бақылап отырған қоғам бар. Шынайылығымды жақсы көретін достарым бар. Мінезімді бағалайтын сүйікті оқырмандарым бар. Жүрегімде Аллам бар!
Қарашаш Есенбай: Басында «Qalaýym Live» жобасына барудағы мақсатың не болған еді?
Ұлдана Ерқасым: Басты мақсатым – халыққа танылу. Жұрт «хайп» деген тіркесті әу баста игеріп алып, ашық-шашық киініп, сәукелені қор қылып, есер әнмен ез болып, пәтуасыз пікірмен танылып жатқанда, бір бағдарламада мен танылсам несі айып деген ойдың болғаны рас. Бағдарлама арқылы кітабымды насихаттағым келгені де рас. Ішкі түкпірімде мүмкін болашақ адамым бұйырар деген ойдың қылаң еткені де жасырын емес.Бірақ, ең бастысы дәл осындай «лас»бағдарламаның ішкі кухнясына кіріп, зерттеп, ащы шындықты кітап етіп жазғым келгені де өтірік емес. Көрген дүниені дәлелмен, фактпен жазсақ, халықтың көзі ашылады ғой. Әйтпесе «бағдарлама жабылсын» деп қанша аға-апаларымыз айтса да құлақ асар кісі табылмай жатыр. Тіпті менің оған қауқарым жетпейтін де шығар. Десе де осы кітаптағы ащы шындықтан кейін түзелер деген оймен барғанмын.
Қарашаш Есенбай: Ол жобаның арқасында ешкімнің сөзіне мән бермейтініңді айтыпсың. Былайша айтқанда, «По барабану» дедің. Қазақтың қазақтығын жоғалтпай тұрған бір сөз болса ол - «Ұят болады». Ол сөзді сен де естіп өскен шығарсың, оңаша да осы сөз өзіңді мазаламай ма?
Ұлдана Ерқасым: Біздің қоғам, сол қоғамның ішіндегі адамдар күнделікті не көреді, не оқиды, не қарайды деген сұрақтарға ойланып көріңізші. ҚОҒАМ даттаса да, мақтаса да күнделікті тікелей эфирде болатын «Қалаулым» секілді бағдарламаларды үзбей көреді. ҚОҒАМды әлеуметтің жағдайы, елдің ішкі-сыртқы саясаты, жалпы денсаулық, білімге қатысты мемлекеттік шешімдер алаңдатпаса да инстаграмдағы жалт-жұлт еткен жұлдыздардың жарқын өмірі мен ішіп-жегені, айқай-шулы ұрыс-керісі мен ажырасқаны қатты алаңдатады. Адамдар еңбекке күш жұмсауға уақыт таппайды. Алайда бір фотоның астына ерінбей комментарий жазып, пікір білдіруге уақыттары жеткілікті. Сын айтқанды жаны сүйеді. Біздің халық қызыққа құмар, даттағаным емес өсекке құмар, бос сөзге құмар. Бұл пікірді маған дейін Абай да, Шәкәрім де, басқалар да жетер жеріне жеткізіп айтып кеткен. Бұл жерде мен еш данышпансынып отқаным жоқ. Жай ғана көзім жеткен дүниенің нәтижесі осындай екеніне іштей қынжыламын. Зайырлы қоғамның білімді адамдарында мұндай дүниелерге уақыт жоқ болуы керек қой! Ал бізде шай үстінде адам тағдырын талқылап, адам сыртынан пікір білдіру әдетке айналғалы да біршама уақыт өтіп кетіпті. Шын мәнінде ұят дегеніміз не? Блогер-журналист Динара Болаттың "Сүрінген жеріңде қала беру - ұят" деген сөзі бар... Енді ойланып көріңізші?!
Өз қалауыңмен өмір сүру ұятсыздық па? Мен қазақтығымды жоғалпадым! Қазаққа жаным ашығасын "ұятсыз" кейіпкер болып бағдарламының ішкі кухнясын қорықпастан зерттеп шықтым. Енді соны халыққа ұсынбақшымын. Менің кітабымнан кейін бағдарлама жабылып кетпесе де халық қойылым көріп жүргеніне көзі жетеді. Мен өзімді экспериментке журналист ретінде сала алған жер болса – ол осы «Қалауым» бағдарламасы. Ал маған "ұятсызсың" деп айтатын көрермен болып отырған халықтың санасы сол жердегі барша қатысушымен деңгейлес екені ащы да болса шындық. Мені оңаша да мазалайтын өзімнің әрекеттерім емес, осы әрекеттерімді жүзеге асыруға итермелеген қоғамның жағдайы.
Сіздер үшін біз эфир ішіндегі алысып-жұлысқан абыройсыздармыз. Ал сіз бізге таңырқап қарап, әрекеттерімізден әңгіме құрап, хикаяларымызды сөз етіп жүргенде өзіңізді қаншалықты абыройлымын деп есептейсіз? Мен өз кемшілігімді жақсы білемін! Дәл осы сәтті пайдалана отырып, күллі халық, күллі оқырманнан кешірім сұрағым келеді. Бірақ менің кешірімімнен қоғам өзгеріске түсе ме?!
Қарашаш Есенбай: Күйінішің орынды. Енді қазір жобадан кетіп, соның олқылықтарын айтып көзге түсіп жүрсіңдер. Бұл су ішкен құдыққа түскірген секілді емес пе? Мысалы, ертең біреу сені солай сатпасына сенімдісің бе?
Ұлдана Ерқасым: Төрінде отырып, енді несіне даттайды дейтін боларсыз? Рас! Бірақ менің әу бастағы мақсатым өзге еді. Мен Алматыға келгенде студент жап-жас, аңғал Ұлдана болдым. Одан кейін ысылдым. Оқыдым. Тәртіп пен еңбекке бағынған Ұлдана болдым. Одан жұрт «Қоқыстан табылған миллионер қыз» деп таныды. Миллионер болғаным да өтірік емес. Енді міне, «тақырбас» яки «тоқырбас» Ұлдана болдым. Шешімдер қабылданғанда «уәдені» құнды деп таптым. Жалған сөз басталғанда «ақиқатты» ақ деп ажыраттым. Кей сәтте надандық деңгейіне бір сүңгіп шықсам, кей сәтте алыс-беріс пен қағыс-тартысқа түстім. Эфирдің сыртынан бақылап отыру бәріне оңай. Ал эфирде мен үшін ештеңе оңай болмады. Айта берсем ақиқатпен таң атыруға болады. Бірақ сол ақиқаттың астарындағы өтірікте мен де өмір сүрдім ғой. Қанша тағдырмен қосылып мен де жыладым. Жаным күйіп кеткен кездер де болды. Сол сәт есіме түскенде тілімді тістеп қалатын сәттер көп болады. Бірақ дәл бүгін ол нәрселердің бәрі айтылуы керек. Ақиқатқа тура қарап үйренуіміз шарт. Мен халыққа, менің адресіме қарша бораған негативтерге жауап беретін күнді көп күттім. Сәт жетті! Әр дүниенің уақыты болады. Әрқайсысымыз бағдарламаға келген кезде арнайы келісімшартқа қол қойдық. Оның құны біз үшін жоғары болды. Басшылық қойған талаптарды өз дәрежесінен артық орындамасақ кем орындадық демейміз. Жүргізуші Аша ханыммен бірге жарыса жүріп, бағдарламаны жүргізіп кеткен сәттер де болды. Оған да көрермен куә. Рейтинг сәл төмендеп көңіл-күй болмаған сәтте өз өмірімізді құрбандыққа шалып, түрлі қитұрқы әрекеттерге де бардық. Не десек те біз өзімізге жүктелген жұмысты толықтай мүлтіксіз, шамамыздың жеткен жеріне дейін орындап шықтық. Біздің басты кемшілігіміз – кейінгі өмір, яғни болашақтан бұрын сол күнгі нан жеп отырған қызметімізді бірінші орынға қойдық. Кемшілік дегенім орынсыз болар, қателігіміз дейінші. «Ат баспаймын деген жерін үш басады»- деуші еді ғой. Мен де қателеспеймін деген сайын шалт басқан сәттерім көбейе түсті. Қай қатысушы болмасын, барып сұраңызшы, ешкім сізге бағдарламаны жамандамайды. Тіпті, алдыңғы маусымнан кетіп қалған адамдардың өзі жамандауға аузы бармайды. Дұрыс! Нан жеген жұмысқа, нан табуды үйреткен жерге кім не реніш білдіруі мүмкін?! Жоғарыда айттым ғой, кім нанды қандай жолмен табатыны сол адамның өзіне ғана байланысты. Мына әлемде бізден де лас деңгейде нан жеп жүргендер және соны «адал ас» санайтындар өте көп. Кез келген адам сол нанды асап жеген кезде ойлана ма екен деп қоямын кейде...Су ішкен құдығым деймін бе, ішкенім үшін талай түн қайта құстырған құдығым дейін бе? Ол «құдықтан» су ішсек, оларда бізден керектерін алды. Оның дәлелі сіз қойып отырған сұрақтар. Мені дебіреу сатпасына күдікпен қараредім, егер де басқалар сияқты әлі де бағдарламаны шынайы деп бетперде киіп жүрсем...
Қарашаш Есенбай: Мынадай бір ой келеді, болашақта жобаға қайта баруларың мүмкін бе, бәлкім бұл да Хайптың бір түрі шығар?
Ұлдана Ерқасым: Бағдарламаның ақиқатын бүкпесіз баяндайтын кітап жазып, оны 60000 тиражбен шығарып ақымақ дейсіз бе?Қайта бағдарламаға баратын болсам осыншама еңбек кім үшін не үшін?Жұқарған жүйке, мұқалған жігер, жұтаң мінез... Қиылған шаш, көзден сорғалаған жас. Бұл не көрмеген бас?!
Журналистік зерттеуімнің маңызы үшін аты дауда жүрген "Qalaýym Live” бағдарламасының сахнасында сомдаған рөлдеріме еш өкінбеймін! Қоғам игілігі үшін менің тарапымнан құрбандық көп болды. Қоғам бар жерде сан түрлі мінез, мінез бар жерде мыңдаған орта бар. Сондай ортада ұлт қалыптасады. Мен ұлтымның қалыптасу жолына кедергі дүниелер үшін не жасай алдым және не жасай аламын?! Мамандығым - журналист. Обьект - қоғам. Субьект - адам. Журналистің жегені - жантақ, арқалағаны - алтын. Расында бұл сөздің жаны бар. Менің де бал жұтып, май асаған уақытым есімде жоқ.
"Qalayym AQIQAT" кітабында елге мәлім бағдарламаның бар ақиқаты мен былығы, бергі бетпердесі мен арғы миссиясы ашылады. Естігеннің емес, көргеннің сөзі қоғамға сенімдірек екенін білемін. Кітапта тек көзбен көрген оқиғалар тізбегі айтылды. Еш қоспасыз. Боямасыз. Бүкпесіз. Сонымен қатар осы жолда жүріп өткен бар баспалдақтың, мен жүрген даңғыл да тар жолдардың қызығы мен қиындығы да сіздерге жол тартты.
Қарашаш Есенбай: Мен сенің бір сұқбатыңнан мына сөзді естідім: «Еркектігің осы ма шашыма тисесің. Тиіс менің қыздығыма, реально айтайын...» дейсің. Сеніңше, қыздықты сөз ету еркектік пе?
Ұлдана Ерқасым: Әрине еркектік. Еркек болашақ жарын таңдар кезде қыздығына аса мән беретіні өтірік пе? Еркектің еркектік намысы алған әйелінің қыздығында емес пе?!
Қарашаш Есенбай: Қыздың басты қаруы не деп білесің? Жалпы қазіргі заманауи қазақ қызының бейнесі қандай болуы керек деп ойлайсың?
Ұлдана Ерқасым: Мен идеал емеспін. Мен қазақ қызының символы да емеспін. Мен біреуге өмір сүруді үйрететін ешкім емеспін. Ақыл айтатындай ана болмадым, дана болмадым. Біреуге қазақ қызының бейнесі осындай болуы керек деп бірдеңе деу үшін ең азы Құнанбайды туған Зере болу керек шығар.
Қарашаш Есенбай: Өзіңнің Адайдың, батыстың қызы екеніңді жиі айтып, уәдеден таймайтыныңды айтасың. Осындай мінез қазір қаншалықты бағаланады? Әсіресе, қазіргі жігіттерден таба аласың ба осы қасиетті?
Ұлдана Ерқасым: Құдай ғана бағалайды. Өзім қазір жігіттерден...70/30 деп айтар едім
Қарашаш Есенбай: «Қоқыстан табылған миллионер қыз» кітабың көп таралды, талқыланды. Бірақ оның редакторы өзге адам екенін білгенде, сенің журфакта оқығаныңды білген көп адам таң қалғаны рас. Болашақта өзің кітап жазатыныңа өзім сенімдімін. Негізі осы кітап жазу, оны бестселлерге айналдыру шетелде жақсы жолға қойылған ғой. Ал, бізде керісінше. Автор ретінде біздің елдегі авторлардың құқы, кітап оқу мәдениетін қалай жолға қою керек деп ойлайсың?
Ұлдана Ерқасым: Кітап жазумен айналысып жүрген автордың бәрі біледі деп ойлаймын, кітапты өмірге алып келу оңай дүние емес. «Қоқыстан табылған миллионер қыз» кітабы менің ең қымбат меншігім, тура мағынасында да солай. Ол туралы толық мен екінші кітабымда жаздым. Жалпы ең алғашқы кітабымды «Меломан» дүкендеріне қоятын кезде қазақ аудиориясының кітап оқымайтындығына көзім жетті. Өйткені үлкен дүкеннің жеті сөресіне ғана қазақ авторларына беріледі. Яғни сұраныстың жоқтығын осыдан білуге болады. Қазақ тілді аудиторияға кітап емес, хайп қызық. Қоғамның санасы өте төмен! Автор өзінің ойындағысын жазып, оқырманға ұсына салмайды, үлкен команда жұмыс істейді. Мен жазған кітаптың редакторлығына, корректорлығына, дизайнына жеке адам тағайындалды. «Қоқыстан шыққан миллионер қыз» кітабы ойдан шығарылған дүние емес, ол менің өзімнің тағдырым. Дүниеге келуінің де өз тарихы бар.
Кез келген автор кітапты өзі жазбайды. Қазір осыны айтсам біраз шындықтың беті ашылар?! Менің әлсіздігім - барлығы қалай болды, солай ұсынатындығымда шығар. Мен оқиға қалай болғанын бүкпесіз жарияладым. Ешбір автор өз кітабын жазып отырмайды. Сапалы кітап шығару үшін жеке редактор, корректор жұмыс істеуі керек.
Қарашаш Есенбай: Ұлдана, уақыт бөліп сұқбаттасқаныңа рақмет! Ертең болатын кітабыңның тұсаукесері ойдағыдай өтуіне тілектеспін!
Автор: Қарашаш Есенбай
Фото: Жеке мұрағаттан алынды
ERNUR.KZ