Сиырларды «сөйлететін» блогер - тараздық Жанат Абдалимовамен сыр-сұхбат

0
1 429

«Мені сынаған адамды оқырмандарым «талап» тастайды»


Сиырларды «сөйлететін» блогер - тараздық Жанат Абдалимовамен сыр-сұхбат

Тараз қаласының іргесінде Тектұрмас деген ауыл бар. Сол ауылдың «хит» келіні Жанат Абдалимова қазір «Инстаграм» жұлдызы боп жүр. Өзінің өмірінен, тыныс-тіршілігінен шынайы видеолар салып, миллиондаған қаралым жинайды. Әсіресе «Каталек» деген сиыры желінің жұлдызы, «сөйлейді»...


- Жанат, сиырды «сөйлеткен» жалғыз блогер өзіңіз шығарсыз. Блогерлік қырыңыз қашан ашылды, жалпы? Неден басталды бәрі?

- Әлеуметтік желіге тараздық журналист Мөлдір Анарбаева арқылы келдім. Менің мал шаруашылығымен айналысатынымды біліп, қызығып, «Ошағың сөнбесін» деген бағдарламасына шақырған. Бағдарлама соңында әлеуметтік желі арқылы өз өнімдерімді көрсетіп, танымал болуға мүмкіндік барын айтты. Осылайша, 2021-жылдан жәймендеп блог жүргізе бастадым.

Басында мені көп адам түсінбеді. «Сиырмен сөйлескені несі, есі ауысып қалған ба?» деп шықты. Кейбіреулер түрімді сынады. Әзілімді түсінбеген адамдар да болды. Бәріне уақыт керек екен. Қазір менің оқырмандарым туыс-бауырларым сияқты, не айтайын деп тұрғанымды бірден түсінеді. Солар үшін қызықты нәрселер салуға тырысам, қазір видеоларды өңдеу, арасына музыка қосу, переход жасау, бәрін үйреніп алғам.


- Ең алғашқы жазбаңыз есіңізде ме? Не жайлы еді, қанша қаралым, қанша лайк жинадыңыз?

- Қанша қаралым болғанын білмеймін, бірақ кең таралғаны анық. Туған-туыс, тамыр-таныстың бәрі «құтты болсын» айтып, біраз әңгіме болғанбыз. Морька деген сиырыммен қымбатшылық жайлы жырлағанбыз. Сол постым блогерлерге, әншілер мен жұлдыздардың арасында хит болып, өз парақшаларында бөлісіп, әп-сәтте 10 мың оқырман жинап алғам. Қазір 93 мыңнан астам адам мені оқып отыр.


- Байқаймыз, сиырларыңыздың бәріне ат қойғансыз. Морька, Каталек, Күлшетай, Бэйджман... Әсіресе қазір «Каталектің» бағы жанып тұр. Өткенде ауырып қалғанын көрдік, қазір жағдайы қалай? Сиырларға атты кім қояды?

- Балаларымызбен бірлесіп, ойласып қоямыз. Қазір олар өз аттарын жаттап алған, айта қалсаң шауып келеді, бастарын бұрып қарайды. Каталек – дін аман, жазылды. Мен видеосын салғанда мыңдаған адамнан «жазылып кетсін» деген хат келді. Көптің тілеуінің арқасында аяққа тұрып кетті.


- Сиырларыңыз өте тәртіпті, айтқаныңызды кәдімгідей тыңдап, жауап береді. Бұның қандай да бір құпиясы бар ма? Қалай үйреттіңіз?

- Ол енді ешкімге айта алмайтын, бөлісе бермейтін фишкам. Айып етпеңіз.. Жалпы, ешкімнен ерекшеленгім келмейді. Бірақ шындығын айту керек, үй жануарларым ерекше. Елдің жүрегі бәрібір қарапайымдылықты, шынайылықты қалап тұрады екен. Жалт-жұлт еткен өмірден, аста-төк дастархан, той-жиынды көрсету қазір өтпейді. Ал менің күнделікті айран ұйытып, сиыр сауып, соғым таратқаным жұртты өзіне қатты тартады.


- Туып-өскен ортаңыз, отбасыңыз туралы айтып беріңізші.

- Мен 1987 жылы Тараз қаласында дүниеге келгем. !кем инжинер-конструктор, анам кран айдайтын. Екеуі бір зауытта жұмыс істеді. Қаланың ақсаусақ қызы болдым. Көпқабатты үйде тұрдық. Бірақ жазғы каникул басталған күні нағашыларымның ауылына тартып кетуші едім. Себебі ол ауылдың өмірі маған ерекше қызық еді, бау-бақшасы, мал-жаны, тіпті ит-мысығына дейін сағынатынмын.

Сол себепті шығар, небәрі 18 жасымда ауылдың қарапайым, мал-жанды отбасына келін боп түстім. Мен келгенде енем 6 сиыр сауатын. Енеммен жағаласып жүріп 19 жасымда сиырларды түгел игеріп әкеттім. Сүтін өңдеп, айран ұйытып, күбі пісіп, май шайқап, енемнен бәрін үйреніп алдым. Менің енемнің айранындай айран еш жерде жоқ. Соны меңгеріп алғам. Қазір менің айранымды ел-жұрт таласып алады. Сол үшін енеме алғыс айтып отырамын.

Ал енді қазір Ерекем екеуміздің 4 перзентіміз бар. Үлкеніміз студент. Күйеуім де мал шаруашылығымен айналысады. Мал бордақылаймыз, оны соғым қылып сатамыз. Жалпы, блог жүргізудегі мақсатым – «Жанаттың сүт өнімдері» деген брендті қалыптастыру.


- «Инстаграмнан» қанша табыс табасыз?

- Шүкір, бұйырғаны келіп жатыр. Бірақ мен жарнаманы көп ала бермеймін. Таңдап, елге пайдасы тиетін, алдап соқпайтын нәрселерді ғана саламын. Көбіне күнделікті тіршілік қой...


- Хейтерлеріңіз көп пе?

- Хейт деген сөзді түсінбеймін. Сынайтындарды айтып жатырсыз-ау, басында көп болатын. Солардың кесірінен ашуланып, парақшамды жауып тастағым келген. Бірақ отбасым қолдау көрсетті. Уақыт өте бәріне үйрендік. Қазір жаман пікір жазатындар жоқтың қасы, арасында адасып келіп қалып, жазып қояды. Ондайда оқырмандарым жабылып, әлгі адамды «талап» тастайды ғой.


- Блог жүргізу, қора-қора малды бағу, құрт қайнатып, май шайқау, одан қалса ененің бабы, бала-шағаның шаруасы бар, бәріне қалай үлгересіз? Жас қыз-келіншектерге кеңес болсын, құпияңызбен бөліссеңізші...

- Ерекше ештеңем жоқ, жастайымнан келіп боп түсіп, тірлікке «пісіп» кеткеннен кейін шығар, аса қиналмаймын. Үйдің төрт қабырғасының бір бұрышын еркек, қалған үшеуін әйел адам ұстайды екен. Яғни әйелдерге артылатын жауапкершілік үлкен боп тұр ғой. Бірақ біздің үйде Ерекем бар, бала-шағам да есейіп қалған, солар қолғабыс етеді. Әйтпесе бір әйелге осынша шаруаны атқару оңай емес, жалғыздың шаңы шықпайды.


- Уақыт тауып, өз әлеміңізбен бөліскеніңізге рахмет! Мал-жаныңыз аман болсын!


Сұхбаттасқан - Сапарайым Кенжалиева.

ERNUR.KZ