Танымал сазгер: "Мен атағы жоқ композиторлардың әнін орындамаймын" дегендер де бар"

0
6 822

Сосын «Менің "халық әртісі" деген атағымды сыйлап бір тегін ән беруге болмай ма?» дейді.


Танымал сазгер:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.


«Таң атса болды күн батты,


Ұршығын мезгіл зырлатты,


Құсқанат менің ғұмырым,


Қанатын тағы бір қақты»...

Бұл - елдің сүйікті Мейрамбегінің орындауындағы тыңдарманның сүйікті әні. Сөзімен әнін тыңдаған жан бір сәт өткеніне есеп беріп, ғұмырының қамшыдай ғана екенін есіне алады.



Менің бүгінгі кейіпкерім - ойлы және сезімге толы әндердің авторы, композитор, әнші Ербол Спаналиев.


Қарашаш Есенбай: Ербол аға, бір сұқбатыңыз да «балалығым туралы айтқым келмейді» деген екенсіз. Неге көпшілік «қайта барғысы келетін шақты» айтқыңыз келмейді?


Ербол Спаналиев: Менде әдемі балалық шақ болды деп айта алмаймын. Әкемді көрген жоқпын, үш жасымда дүниеден озып кеткен екен. Ал анам мені мектепке алып барған жылы жеті жасымда дүние салды. Одан кейін Аллаға шүкір, қолына алып тәрбиелеген ағайындарым және алдымыздағы үлкен әпкеміз болды, өзім жеті баланың кенжесімін. Аудан орталығындағы қойшының балалары оқитын интернатта өстік, қалған уақытта қара шаңырақта бауырларыммен боламын. Әкемнің қойшы інісі бар еді, сол кісілермен жайлауда көп жүртенмін, ата-анам жоқ болғаннан кейін бұзықтау болдым. Ол кезде өзіміздікі білінбейді ғой, бірақ қазір ойласам шынында бұзық болыппын. Көшеде бала жетектеп бара жатқан әйел көрсең жылағың келеді, ішіңнен қайнап бір нәрсе шыға алмай жатқандай болады. Сосын біреуді соғып, тиісіп «тазы ашуын тырнадан аладының» кейпінде жүрген сияқтымын. Біреудің бауын тонап, бақшасын жайпап кету дегендер көп болды. Бірақ кішкентайымнан домбыра шертіп, ән салып, бет ашатынмын, яғни өнерге жақын болдым. Көргендер әкем марқұмды жақсы домбырашы болған деп айтады.


Қарашаш Есенбай: Ол еркеліктеріңіз үшін туыстарыңыздан көп сөз естіген боларсыз, әсіресе қандай бұзықтықты жиі жасайтын едіңіз?


Ербол Спаналиев: Сабақтан көп қашатынмын. Бірақ мен сабақтан емес, мектептен қашатынмын. Интернаты да, мектебі де суық сезілетін. Ата-анамды жұтқан интернат сияқты көрінетін еді. Амалсыз барып, ауылға қаша беретінмін. Тәрбиешілермен келіспей қалатын, олардың әкесін танытып боқтап кететін кездерде болды.


Қарашаш Есенбай: Жақында интернатта өскен бір жігітпен сұқбаттасқанымда, ол интернаттың өмірі өзіне жігер сыйлағанын айтып еді. Керісінше пісіретін, өсіретін орта емес пе?


Ербол Спанәлиев: Әркімге әртүрлі әсер ететін болуы керек, біреуді қайрап шықса, басқаны керісінше... Бірақ өзім көз ашқалы өнермен өскен адаммын, интернат мені тәрбиеледі деп айта алмаймын. Өмір өзі аштыққа да, тоқтыққа да шыдауды үйретті. Бірақ аш-жалаңаш өмір сүрдім демеймін. Ол кезде кеңшілік еді ғой, көмектер мен қолдаулар көп болды. Одан кейін мектепті бітіріп, оқуға түстік. Кезінде Алтынбек Қоразбаев көкем басқарған үш жарым жылдық училищеден білім алдым.



Қарашаш Есенбай: Негізі актерлік оқуды тәмамдап, театрда қызмет еткен екенсіз. Театр актерлері ол жердің бір құдіреті болатынын жиі айтады. Сізді де ол жаққа тартып тұратын бір күш бар шығар?


Ербол Спаналиев: Алғашында ұлттық аспаптарда оқыдым, одан кейін актерлік мамандық ұнап соны бітіріп шықтым. Жамбыл облысындағы драма театрда қызмет еттім. Рас, театрдан кеткен кезде «ауырғанмын». Бірақ біздің театрда «актермін» деп өз-өзіңе ғана айта аласың. Ал Тараздың адамдары сенің актер, не вахтер екеніңмен аса шаруасы жоқ еді (күліп). Жамандаймай-ақ қояйын, бірақ өнерді аса түсінеді деп айта алмаймын. Содан кейін шығар, театрдың жастары үй-күй болмағасын қаңғырып жүрді. Басында театрға кірген кезде жатақхана ретінде берілген төрт бөлмелі пәтерлерінде тұрдым. Дегенмен сол пәтерде менің шығармашылығым басталғанын айта кетуім керек.


Қарашаш Есенбай: Қаталеспесем сол үйде атақты Шәмші тұрған деседі...


Ербол Спаналиев: Иә, ол рас! Маған берген пәтер өзі бір қызық жер домбыра өзі дыңғырлайды, оны балконға шығарып тастасаң да дауысы шығып жататын. Сосын «Мына үйдің иесі бар екен» деп қорқа бастадық. Содан театрдың директоры марқұм Спандияр ағайға барып, «Аға, мынадан басқа берілетін үй жоқ па? «Домовой» бар-ау» деп едім, ашуланып отыр екен, ол: «Сенің өзіңнің ішіңде домовой бар. Ұнатпасаң, шықта пәтер жалда! Сені үйленген, балалары бар деген соң беріп отырмыз. Әйтпесе, талай актерге үй таппай отырмыз», - деді. Ол кезде ән, өлең жазу деген дүние түсіме де кірген емес еді. Бір күні Спандияр ағайдың өзі шақырып алып «Домбыраң әлі дыңғырлап жүр ме?» деді, «Иә» дегенімде: «Саған бір нәрсе қонайын деп жүр-ау», - деді. «Не қонады, аға?» деп сұрағанымда ол үйде Шәмшінің тұрғанын айтты. Кейін ол кісі көшкен соң, Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мамбетов сияқты тұлғалар тұрған екен. Әрі театрға келіп спектакль қойған талай дарынды тұлғалар қонып кеткен жер екен.


Қарашаш Есенбай: Әр актердің көздеген шыңы болады ғой, өзіңіз актер ретінде қандай рөлді сомдауды армандайтын едіңіз?


Ербол Спаналиев: Мен комедияға қызығып, басқа салмақты, атақты рөлдер ойыма да кіріп шықпапты. Киноға түсуді армандайтынмын. Қазір де шақырады, бірақ ұсыныстарын қабылдамаймын. Қайбір кино дейсіз, сериал сияқты дүниелер... Қазір өзім шығармашылықтың қызығына еніп кеттім.


Қарашаш Есенбай: «Комедиялық рөлдерді жақсы көретін едім» дейсіз, ал сіздің әндеріңіздің көбі керісінше мұңлы, қайғылы әуендер. Қарама-қайшылық...бұл сіздің ішіңізде ме?


Ербол Спаналиев: Мен соған өзім де таң қаламын, осы сұрақты өзіме өзім қоямын. Мен театрда комедияға жақын адам болдым, бірақ ол жерден кеткеннен кейін мұңға батып кеттім. Театрдың, өзіңнің өмір өткелдеріндегі жолдарың бар дегендей... Өнер адамы қиял болады ғой, ол әндер сол бір мұңға батып шыққан дүниелер-ау. Бірақ өмірде мұңмен жүретін адам емеспін, тек әнге келгенде тұңғиыққа батып кетемін. Қарапайым, жеңіл дүниелер жасағым келеді, бірақ бара алмаймын. Біз композиторлықты дала мектебінен оқыдық қой, жайлауда мал бағып, жүріп ана жақты, ата-ананы аңсадық.


Қарашаш Есенбай: Шәмшінің үйінде туған алғашқы әніңіздің тарихын білгіміз келеді?


Ербол Спаналиев: Оны айту қиындау енді, «соғыс» басталып кетуі мүмкін (күліп). Мен негізі осындай сұрақтардан қашамын ғой, осы араны дұрыстап жазу керек шығар?

«Бақ құсым менің аққанат

Жанымды жүрсің отқа орап,

Сен едің тым кештеу

Жүректі жаралап жолыққан махаббат» деген сөздері бар «Кеш жолыққан махаббат» деген ән болатын. Бұрынырақта марқұм Нәби Аймұратов орындаған, өзіміз де орындадық. Жалпы сол әннің бағы жанбай қалды. Сөзін басында өзіп жазып, кейін Қуаныш Қолхаев деген бауырыма жаздырдым. Ол ән шыққан кезде, үйленгем, балалы шағалы едім. Сонда өмірде бір қимас адам жолықты. Менің жұмыстан шығуым, қимасымның тұрмысқа шығу деген сияқты қабырғама батқан жағдайлардың тұсында жазылған шығарма еді. Шығармашылықтың бастауы - махаббат.



Қарашаш Есенбай: Әншілерді шоу-бизнестің және халықтың әншісі деп бөледі екенсіз. Қандай айырмашылықтары бар?


Ербол Спаналиев: Ол айдан анық нәрсе ғой, тіпті аттарын атамай-ақ білуге болады. Мысалы Рамазан, Мейрамбек сияқты әншілерді бейнебаян түсірмесе де халық іздеп, тойына шақырады. Ал шоу-бизнестің әншілері тоқтатпай жұмыс істеп келе жатыр. Ал бір күн жұмыс істемесе өшіп қалады. Оған қоса, қазір бәсеке көп, концертке емес, «тойға хит шығарсам» деген мақсаттары бірінші тұрады.


Қарашаш Есенбай: «Тойдың әндерін жаздырады» дейсіз. Бұрын ақындық, сазгерлікті Алладан келген қасиет дейтін, туындылардың өзіндік тарихы бар болатын.Қазір тапсырысқа жазы арқылы кәсіп түріне айналып кеткен жоқ па?


Ербол Спаналиев: Негізі расында кәсіпке айналған! Мен әншіге беретін кезде сөзімен толықтап жіберемін. Әндерін бере салып, «сөзін жаздыра бер» деп отыратын сазгерлер бар. Сосын әнші «хит» сөздерді іздейді, ол - бір сөз тоқсан рет қайталатанын жеңіл шумақтар. Ондай әнді әншінің өзі сұрап барады, мен есті ақын ессіз сөздерге барады деп ойламаймын. Жазып жүрген жақсы ақындар көп қой. Олар «Қызға, ұлтқа өсиет» деген сияқты дүниелерді де жаза алады. Ал жеңіл әнді ақшасын алғандықтан жазып береді, композиторға да ақша керек. Қазір біреу-біреуді мойындайтын кезеңнен өтіп кеттік. Баяғыдай дарындар бірін-бірі іздемейді, құрметтемейді. Өзім тапсырысқа жазбаймын. Тек екі рет қана өтінішпен жазылды, тойда айтылған соң қалып кетті. Тақырып өзіме жол тартпаса жаза алаймын, тек орайы келсе жазылады.


Қарашаш Есенбай: Қазір сіз айтпақшы, бірін-бірі мойындамайтындар бар. Атағын ортаға салып «маған ән жаза қал» дейтіндер де бар шығар. Олармен қалай тіл табысасыз?


Ербол Спаналиев: Бар, бар ондайлармен кездестік қой. Атын атамайын, бірақ халыққа танымал бір кісі менен өзі ән сұрап тұр, сосын «Менің "халық әртісі" деген атағымды сыйлап бір тегін ән беруге болмай ма?» дейді. Оның мені композитор ретінде танып тұрғанына рақмет айтамын, жаман қабылдаған жоқпын. Керісінше сұрағанына қуандым, өйткені бізде көбінде авторлар әншіні өзі іздейді ғой.

Тағы есімде қалғаны, ең бірінші өнерге келіп жатқан кезде бір ағама әнімді ұсынғанымда «Қандай хиттерің бар?» деді. Ол кезде аса танымал әнім жоқ, сосын ол кісі: «Мен негізі атағы жоқ композиторлардың әнін орындамаймын. Екіншіден, менің уақытым жоқ» деген. Үстіме мұздай су құйылғандай болған. Бәлкім дұрыс та шығар, менің ол кісілерге өкпем жоқ! Дегенмен жазу да - еңбек, ол бағалануы керек.


Қарашаш Есенбай: Біздің қазақ текті, жырау болған деп кеуде қағамыз. Бірақ неге өнерді, еңбекті бағалай алмаймыз?


Ербол Спаналиев: Біз жеңіл көзқараспен қараймыз. Оның үстіне қазір күндестік көп.


Қарашаш Есенбай: Ән бергіңіз келмейтін әншілеріңіз бар ма?


Ербол Спаналиев Бар! Ән шығарып жатқан кезде әншісін танып отырамын. Соған алып барған ән қайтқан емес. Барлығы дерлік репертуарына қосқан.


Қарашаш Есенбай: Енді отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз?


Ербол Спаналиев Меншігімде бір әйелім мен бала шағам бар. Студент кезімде отбасын құрдым, жұбайым Перизат екеуміз бірге оқуға түстік. Бірақ дипломын өзім «жазып бердім». Баланың қамымен үйде отырды. Әйтпесе ән салғанда бір қауымды тыңдата алатын дауысы бар еді. Ол кісіге арнап «Серігім» деген ән жазғанмын.


Қарашаш Есенбай: Сіздің барлық әніңізден өкпе, мұң бар. Өмірде де Ерболдың өткенге деген өкпесі бар ма?


Ербол Спаналиев: Балалыққа деген өкпе, әрине бар сияқты... Бірақ олай айтуға да болмайтын шығар?! Бұл өмірде барлығы табылады, тек ата-анамен болған шақтар нағыз бақыт дер едім. Балаларымды көріп шүкір етемін. Бала кезімізді айтып беретін әке-шешеміз болмады, дегенмен кіші ұлым Мұнарды көріп өзімді көргендей боламын. Алла соны «өзінің балалық шағын көріп жүрсін» деп берген сияқты...


Сол қуаныштан айырмасын, уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан алынды

ERNUR.KZ