"Меніңше, жаназа күні сонда тілшілерді кіргізбеу керек еді" - Абу Кай.
Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.
«Қызғалдақтай қаншама қыз жүргенімен айнала,
Мен олардан ерекшемін, ерекшемін жай ғана» деп ән салған нәзік жүректің шынымен болмысы да, тағдыры да өзгеге ұқсамайды, өзінше ерек болды.
Өткен апта қазақ жұрты үшін ауыр басталды және апта бойы қаршадай қыздың өлімі туралы ақпарат «Қазнеттің» басты бетінен түспеді. Ол туралы түрлі ақпараттар мен қауесеттер әлі де тарап жатыр. Осы орайда біз бүгін Жанардың досы, әріптесі көпшілікке Абу Кай есімен танымал Әбубәкір Ужазовпен сұқбаттастық.
Қарашаш Есенбай: Сәлем, Абу Кай! Жанардың қазасын алғашқылардың бірі болып жариялаған достарының бірісіз, өзіңіз бұл хабарды қайдан естідіңіз?
Әбубакір Ужазов: Иә, Жанардың қазасын есту бәрімізге де оңай тиген жоқ. Төбемізден жай түскендей, естіген сәтте есеңгіреп қалдық. Сол күні достарымнан, тыңдармандардан әлеуметтік желіге көп хаттар келіп бәрі «Жанарға не болды?» деп сұрап жатыр екен, өзің де сол кезде жазған едің ғой. Сол сияқты көп адамдар хабарласып жатты, солардың ішінде бір әпкеміз «Жанардан айырылып қалдық. Бүгін таңертең қайтыс болды» деп жазып жіберіпті. Ол кісімен хабарласып, кім екенін сұрағанымда Жанардың жерлес әпкесі екенін айтты. Сосын туыс, бауырларының нөмірін тауып хабарластым. Сөйтсем, өкінішке орай біз естіген хабар шын екен, Жанардың сол күні өмірден озғаны рас болып шықты. Әрине, өкінішті... Жап-жас, өнерлі адамның кетуі бәріне ауыр болды. Мен де сол хабардан кейін өзіме келіп, сұрап жатқан хабарламаларға жауап ретінде, әрі қазақ еліне көңіл айтып парақшама жарияладым.
Қарашаш Есенбай: Жанардың өлімі туралы түрлі қауесеттер тарап жатыр. Сіз туған жеріне барып, жаназаға қатысып, отбасын көзіңізбен көріп келдіңіз ғой. Шын мәнінде қалай болған?
Әбубакір Ужазов: Жанардың өлімі туралы түрлі қауесеттер тарап, тіпті кәсіби журналистердің өзі де «өз-өзіне қол жұмсады» деген ақпарат таратып жатыр. Қала берді «өзін тұмшалады» деген де ақпараттарды естіп қалдық. Оның бәрі жалған екені белгілі. Ата-анасымен сөйлескен кезде әкесі Аманжол ағамыз «Жүрегі шыдамады. Жүрегі тоқтап қалды» деп айтқан болатын.
Әрине, оңай емес қой, ана болып балаларынан жырақ жүру және халықтың түрлі сынына ұшырау кез келген адамға ауыр соққы болар еді. Жанар оның бәрін ішіне жасырды, бірақ оған жүрегі шыдамаған болса керек.
Осы орайда айтқым келетіні, қасында болмағаннан кейін хабар таратқанда абай болу керек қой. Біз ата-анасымен кездесіп, сөйлесіп оның өзіне қол жұмсамағанына көзіміз жетті. Сол үшін осындай қауесеттер тоқтаса екен деймін. Туыстарына қазір оңай емес, бәріміз уақытша ғана пендеміз... Әркімнің өз өмірі, тағдыры бар. Енді бұл дүниеде жоқ адамның артын қазбалаудан не ұтамыз? Керісінше, ол үшін дұға жасасақ екен. Меніңше, жаназа күні сонда тілшілерді кіргізбеу керек еді деп ойлаймын. Жаназа намазы оқылып жатқан кезде бейнетаспаға түсіріп жүрді, менің көзқарасымда бұл дұрыс емес сияқты. Менен де пікір сұраған еді, шетке шығып Жанар туралы естелік айттым...
Қарашаш Есенбай: Осы орайда оның отбасымен танысып, көзіңізбен көріп келдіңіз. Қандай жанұя екен, олар сізге не айтты?
Әбубакір Ужазов: Өкініштісі, Жанардың ата-анасымен танысуымыз осындай жағдайда болды. Жанар екеуміз бір-бірімізді ата-аналарымызбен таныстырамыз деп жүруші едік...
Қарқаралы жеріне барып Жанардың ата-анасымен танысып, әкесінен Жанардың балалығы туралы естіп қайттық. «Жақсының жақсылығын айт» дейді ғой, Жанар кішкентайынан өзіміз білетіндей шапшаң, ерке, энергиясы тасып тұрған алғыр қыз болыпты. Ата-анасы өте қарапайым. Енді маған ол кісілер амандығымды тілеп: «Баламыздай болып қалдың. Сені де жақсы көреміз. Жанардың екінші рет осылай халықтың алдына шығуына, жолының ашылуына себепкердің бірі болдыңыздар ғой...», - деп батасын беріп шығарып салды.
Қарашаш Есенбай: Сізбен бір сөйлескенімде «Жанармен күзге қарай тағы ән жазуым мүмкін» деп едіңіз. Жалпы сондай жоспар болып па еді? Ол кісі Сивимен жұмысын тоқтатқан соң сізбен басқа жоспарлар құрды ма?
Әбубакір Ужазов: Иә, Қарашаш, сізбен бірінші рет сұқбаттасып отырған жоқпыз ғой. Осының алдында Жанармен бірге ән жаздыруымыз мүмкін дегенді айтқан едім, бірақ өкінішке орай үлгермей қалдық. Жанар екеуміз жаңа дуэтке дайындалып, елімізді гастрольдік сапармен аралаймыз деп жоспар құрғанбыз. Жанармен соңғы рет 12 қыркүйек күні сөйлестім. Ол өмірден өтетін күні оған жоспардағы концерттің афишасына суретін сұрап хабарласпақ болғанмын. Бірақ суық хабарды естідім. Сиви ханыммен жұмысын тоқтатқан соң, бірге кездесіп жаңа жоспарлар құрған едік. Жаңа әндермен ауыл-аймақты аралау ниетіміз болды. Енді тағдыр болған соң «жазмыштан, озмыш жоқ».
Қарашаш Есенбай: Сіздер орындаған «Армандаймын» деген көпшілікке жақсы таралды. Осы әдемі әннің тарихын білсек, авторлары кім, қалай туған ән?
Әбубакір Ужазов: Әнін Әли Жорабек деген бауырым, сөзін Ерболат Қарақойшы деген атыраулық ақын жігіт өзінің келіншегіне арнап жазған. Ол ән 4-курс оқитын кезімде жазылған. Одан кейін 3-4 рет өңдеп, дауыс жазып қойдық, бірақ сәті енді келген сияқты. Жанармен ән іздеген уақытта, осы «Армандаймын» деген ән еске түсті, екеумізге де жарасымды ән болған сияқты. Жанарға дейін де бұл әнді шығаруға ниеттенгенбіз, бірақ сәтті түспеді. Осы ән Жанар екеуміздің бағымызға беріліп тұрған сияқты көрінді.
Қарашаш Есенбай: Сіздің әндеріңізді де, есіміңізді де ел енді танып жатыр ғой, сондықтан жақынырақ таныстыра кетсек...
Әбубәкір Ужазов: Мен Түрікменстан Республикасында дүниеге келгенмін. 1992 жылы сол жердің Ашауыз деген облысы, Көнергенш қаласы Байрамтарам ауылында дүниеге келгенмін. Ауылым қазақи, тіпті түрікмендердің өзі бізбен қазақша сөйлесетін мекен еді. Балалық шағым сол жерде өтіп, алғашқы мүшел жасқа толғанда Қазақстанға көшіп келдік. Қазір Алматының Есік қаласында тұрамын.
Қарашаш Есенбай: Бірақ көпшілік сізді ақтөбелік деп ойлайды. Өзіңіз де желіде солай көрсеткенсіз, оның себебі неде?
Әбубәкір Ужазов: Аталарым сол Ақтөбенікі, кейіннен өзім де жол жерде білім алдым. Ақтөбедегі А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжде, Мадина Маратқызының шертер сыныбында дәріс алдым. Неге екенін өзім білмеймін, әйтеуір Ақтөбе десе бір бүйрегім бұрып тұратыны рас (күліп).
Қарашаш Есенбай: Демек кәсіби музыкантсыз?
Әбубәкір Ужазов: Иә, әрине! 4 жыл сол колледжде, одан соң Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында білім алдым. Ол жердегі ұстазым ҚР мәдениет қайраткері Ерсайын Басықараның атын ерекше атап кетуіме болады. Шертер аспабын меңгергенмін және жан дүниемнің рахаты үшін кейде өлең жазамын.
Қарашаш Есенбай: Қазір сізді толықтай шоу-бизнестің өкілі деп қарай аламыз ба? Жанар Хамитовамен әніңіз шыққанға дейін қайда қызмет істейтін едіңіз?
Әбубәкір Ужазов: Жақында өткен бағдарламадан кейін тек қана шығармашылықпен айналысып жатырмын. Бірақ бұрынырақта шоу-бизнестен алшақтаған кездерім болды. Сырттай қарап, бақылап, тыңдарман ретінде қарап жүрдім. Осы кезге дейін әртүрлі жерде жұмыс істедім. Бір кездері құрылыста, артынан такси болып күнелткен күндерім де бар. Соның арасында Қуандық Рахыммен де жұмыс атқардым.
Қарашаш Есенбай: Жұлдыздар «Өнер әлеміне келсең шыға алмай қаласың» деп жиі айтады ғой. Сіз бір кездері өнерден алшақтап кеттім дейсіз, бұл өнерге аса құлшыныстың болмауы ма, әлде шынайы махаббатпен келмегендіктен бе?
Әбубәкір Ужазов: Жоқ, мен бала кезімнен өнерге қызығатынмын. Әкем мені 3-4 жасымнан бастап тойларға шығара бастады. Бала кезде қой бағып өстік, кейде қораның төбесіне шығып алып, қолдағы күректі микрофон қылып ән айтатынмын. Сыныптастарыммен сабаққа барғанда да, ең соңынан мен баратынмын, болмаса сынып жетекшімнің өзі келіп үйден алып кететін. Себебі, мен таң атпай қораның төбесінде ән айтып тұратынмын. Бала кезден бастап шығармашылыққа қызығып өстім. Адам болған соң күйзеліс болады, түрлі ой маза бермейтін кездерде басқа салаға кетсем деген ой болғанын жасырмаймын. Бірақ достарымның қолдауымен өнер жолынан шықпадым.
Қарашаш Есенбай: Жанар Хамитовамен танысу сізге қандай өзгеріс алып келді?
Әбубәкір Ужазов: Шынымды айтайын, мұндай болады деп ойламадым. Бірақ жақсы өзгерістердің болғаны рас.
Қарашаш Есенбай: Жанарға арналған бір бағдарламада Жанар да, оның продюсері болған Сиви ханым да сізге өшігіп отырады. Журналист Зарина ханымның да мынандай бір сөзі бар: «Сенің танымал бола алмай жүргенің мінезіңнен, іштарлығыңнан». Журналистің бұлай деуіне қандай да бір себеп бар ма? Қазір қатынастарыңыз дұрыс па?
Әбубәкір Ужазов: Соны неге айтқанын мен түсіне алмадым, Зарина ханымға да сұқбат берген едім. Бәріміз пендеміз ғой, бір жағдайлармен ашуланып тұрғанымда сұқбат бердім. Бірақ оған Жанардың қатысы жоқ еді. Сондықтан, Зарина ханымға сұқбат бергенде эмоциям басым болып, өз ойымды ашық жеткізе алмаған шығармын. Оны Зарина ханым солай қабылдаған болуы керек. Енді өздерінің пікірі ғой, ренішім жоқ. Қазір бәрі дұрыс.
Қарашаш Есенбай: Қазір жеке әндер жазып жүргеніңізді білеміз. Шығармашылықта нендей жаңалықтар бар?
Жақында «Қара қыз» деген жаңа ән шықты. Ол қырғыз бауырларымыздың әні, ол жақта Асхат Мұсабеков деген ағамыздан бір жыл бұрын рұқсатын алғанмын. Одан бөлек оншақты ән жазылып тұр, оның ішінде Жібек Шахмарданқызының «Жаңалығымсың» деген әні халыққа жол тартты. Бейнебаян түсіру ойымда бар еді, осы айда жұмыстарына кіріскелі отырғанбыз. Бірақ соңғы жағдайдан кейін әлі өзіме келе алмадым...
Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің жеке отбасыңызға қатысты түрлі ақпараттар жүр. Нақтысын білгіміз келеді, ол "Қара қыз" үйіңізде ме?
Әбубәкір Ужазов: Мен туралы өзім білмейтін мәліметті қайдан тауып алады екен (күліп)? Отбасы туралы айтуды кейінге қалдырып жүр едім. Менің тарапымнан жақсы көретін «Қара қыз» бар. Былай айтайықшы, мамамның келіні бар. Ал өз келіншегім туралы айтудың өз уақыты келеді.
Қарашаш Есенбай: Сол уақытқа жетейік, бастысы амандық болсын!
Автор: Қарашаш Есенбай,
Фото: жеке мұрағаттан.