Жас дизайнер: "Шетелдік танымал брендтермен де бәсекеге дайынмыз!"

0
6 594


Жас дизайнер:

Менің бүгінгі кейіпкерім - талантты дизайнер, жас кәсіпкер, жас ана Айдана Бақытқызы.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Айдана, сізбен сұқбаттасып отырғаныма қуаныштымын! Соңғы кездері ерекше дизайндарыңызбен өзіңізді желіден жиі байқап жүрмін. Әңгімені сән мен сән әлеміне деген қызығушылығыңыз қашан басталғанынан бастайық. Осы өнер сіздің өмірлік миссияңыз екенін қалай түсіндіңіз?


Айдана Бақытқызы: Менің еңбектерімді көріп жүргендеріңізге рақмет! Бұл кәсіпке келуіме cебепкер бірінші – Алла, екінші - анашым. Анам - тігінші, қазір Шымкент қаласында өзінің ательесі бар. Мен сол кісінің қасында жүріп, еңбегін көріп, әрі үйреніп өстік. Сондықтан бұл өнер маған қанмен берілген деп айта аламын.

Негізі техникалық мамандықты бітіріп, сол салада екі жылдай уақыт қызмет еттім. Осы аралықта мен өзімнің тігіншілікке құмар екенімді шын сезіндім, Себебі, мата көрсем содан түрліше дизайндарды көзбен сызып, құрап отыратын едім (күліп). Одан кейін жұмыстан шығып, тігіншілікпен айналысуға бел будым. Шымкентке барып жарты жылдай уақыт анамның ательесінде жұмыс істедім. Кішкентайымнан көріп өскен соң, маған жұмыс барысы жат болмады.

Жарты жылдан кейін Алматы қаласына тұрмысқа шықтым. Тігінші ретінде білімімді толықтыру үшін курстарға барып, өз бетімше іздене бастадым, сол кезде күйеуім тігін мәшинесін сатып алып берді. Сонымен алғашқы тапсырыстарды үйде қабылдап, қызметім басталып кетті.


Қарашаш Есенбай: Қазір өзіңіздің орталығыңыз бар, алыс-жақын шетелдіктерге киім тігіп жүрсіз. Ал ең алғаш тіккен бұйымыңыз есіңіз де ме?


Айдана Бақытқызы: Ең алғаш қуыршақтарға киім тіккенім есімде. Ол кезде кішкентаймын ғой, өз қуыршақтарыммен қоса көрші қыздардың да қуыршақтарын мен киіндіретін едім (күліп). Анамның тігін мәшинесі босай қалса, соған отыруға асығатынмын. Өзім ойластырған түрлі дизайндарды пішіп, тігетін едім. Оған деген қызығушылық маған анамның сүтімен келген болуы керек?! Өйткені тігіншіліктің базасын ешкімнен үйренбеппін. Алғашында менің хоббиім секілді еді, қазір сүйікті кәсібіме айналды.


Қарашаш Есенбай: Айдана, қазіргі таңда дизейнер көп, оған сай бәсеке де өсті. Дизайнерді өзгелерден артық ететін - өзгешілік, сіз қандай стиліңізбен өзгешемін деп есептейсіз?


Айдана Бақытқызы: Иә, қазір тігінші де, дизайнер де көп. Бірақ әр адамның осы өнерде өзіндік қолтаңбасы мен қалдырар жолы бар, яғни әркім өз несібесіне қарай көреді. Аллаға шүкір етемін, осы кәсіпті бастағалы тапсырыстарымыз үзілген емес. Барлық тапсырыс берушілерден «Сіздің стиліңіз үнайды» деген сөзді естимін десем, өтірік емес.

Менің стилім – нәзіктік. Мен әйелдің нәзіктігін, ұяңдығын айқындап тұратын үлгідегі киімдерді жақсы көремін. Сән өнерінде бастысы – қарапайымдылық пен ерекшелік. Осы екеуі үйлесіп тапса, сіздің үлгіңіз көз тартатынына күмәніңіз болмасын. Мен әр туындым үшін жан салып, ерекше көңіл бөлемін. Өйткені, бұл менің табыс көзімнен бұрын, жан қалауым. Сондықтан, менің көйлектерім өмірімнің бір бөлшегі сияқты (күліп).



Қарашаш Есенбай: Қазіргі Қазақстанның фэшн-индустриясының өсу қарқынын қалай бағалайсыз, әлемдік брендтермен бәсекеге дайын ба?


Айдана Бақытқызы: Бұ күнгі еліміздің фэшн-индустириясы жақсы дамып келе жатыр деп есептеймін. Шетелдік танымал брендтермен де бәсекеге дайынмыз деп ойлаймын.
Мысалы, менің бұл кәсіпті қолға алғаныма көп уақыт болмаса да, шетелден тұрақты тұтынушыларымыз бар. Осы уақытқа дейін Ресей, Америка, Корея, Израиль, Беларуссия, Қырғызстан елдерінен тапсырыстар қабылдап, көңілдерінен шықтық. Көбіне өзге аймақтағылар тапсырыс беріп жатады екен. Бірақ әрқашан сәтті шығып, алғыстарын аламыз.


Қарашаш Есенбай: Отандық сән көрсетілімдеріне қатысасыз ба, онда шығу үшін жастарға жасалатын мүмкіндікке көңіліңіз тола ма?


Айдана Бақытқызы: Отандық сән көрсетіліміне қатарынан екі жыл қатыстық. Анамның шеберханасымен біріге отырып қатысқанбыз, екеуінде де жүлделі орын алдық.

Мүмкіндікті адам өзі жасайды. Егер, кәсібіңе деген махаббатың мен құштарлығың болса, қалауыңды орындай аласың деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Тігіншілік те шығармашылық жұмыс қой, оған да көңіл күй, шабыт керек. Өзіңіз неден ләззат алып, қалай жұмыс істейсіз?


Айдана Бақытқызы: Әр тапсырыс берушімнің айтқан алғысымен, берген бағасынан шабыт аламын. Адамның ықыласынан, жылы сөзінен жұмысқа деген құлшынысым арта түседі. Шығармашылық адам болған соң, сұлулық пен жылулықты жақсы көремін. Әрі сол үшін туындымның сұлулығына бар ынтамды саламын.


Қарашаш Есенбай: Иә, еңбектеріңіздің көркем екеніне дауым жоқ. Осы сұлулықты бір орталықта неше тігінші жасап жатыр?


Айдана Бақытқызы: Шеберханамда 3 тігінші бар. Барлық тапсырысты өзім қабылдаймын, әр тұтынушының көңілін табу үшін, жақсы қарым-қатынас таныту маңызды. Негізі бұл шеберханамның ашылуына қолдау көрсеткен – жұбайым. Моралді әрі материалдық тұрғыдағы қолдаушым сол кісі (күліп). Ол үшін алғысым да шексіз.


Қарашаш Есенбай. Қандай стилдегі киімдерге тапсырыс көп түседі? Әр тұтыншымен жеке ұмыс істегенде нені басты наарға аласыз?


Айдана Бақытқызы: Көбіне біз сауық кештері мен тойға арналған көйлектерді тігеміз. Күнделікті киімдерге тапсырыс алмаппыз... Мерекелік кештерге арналған көйлектер және ұзату, сырға салу рәсімдеріне киетін ұлттық үлгідегі киімдерге тапсырыс көп береді. Барлық аумақтан тапсырыс аламыз. Сіздердің сайттарыңызды пайдалана отырып айта кетейін, кез келген жерде отырып өзіңізге ұнайтын үлгіні жіберсеңіз, ойыңыздағыдай етіп тігіп береміз.


Қарашаш Есенбай: Айдана, кейде тапсырыс берушінің көңілінен шықпай қалған сәттер болды ма? Ондай уақытта қалай жол табасыз?


Айдана Бақытқызы: Әрине, барлық адамның көңілін табу оңай емес қой. Дегенмен барынша тырысамыз. Ал, тұтынушы киімнің ұнамайтын тұсын айтса, қайта өңдейміз. Жалпы тапсырыс берушінің талабынан шығу үшін барлық амалды қарастырамыз ғой (күліп). Бірақ ондай жағдайға түспеппіз.


Қарашаш Есенбай: Айдана, бұл өнердің қанмен келгенін айтып отырсыз ғой. Жалпы тігіншілікті оқуға бола ма, әлде қанмен келетін қабілет пе?


Айдана Бақытқызы: Егер адам өзі қаласа, әрине үйренуге болады. Бірақ тектің де қатысы бар ма деп ойлаймын. Өйткені мен кездестірген тігіншілердің барлығында дерлік анасы, не әжесі тігінші болған болып шығады. Сондықтан, қанмен келетін қасиет деуіме негіз бар шығар?!




Қарашаш Есенбай: Өзіңіз жас ана екенсіз, шығармашылыққа уақыт табу қиынға соғып жүрген жоқ па? Тайм-менеджмендті қалай пайдаланасыз?


Айдана Бақытқызы: Иә, тұңғышым бір жасқа келді. Екінші сәбиімізді күтіп жүрміз, оған да аз қалды. Екі баламның арасы жақын, десе де одан жұмысым қалып кетеді деп қорықпаймын. Адам өз кәсібін сүйсе, кедергі жоқ қой. Бір жағынан жолдасым көп қолдау беріп, көмектеседі. «Әйел адам қырық жанды» деп бекер айтпаса керек, үлгеруге, бәрінің көңілін табуға болады.


Қарашаш Есенбай: Иә, дұрыс айтасыз! Қазір кез келген әйел отбасымен қатар, өзін өсіруді, дамытуды қалайды. Ал, сіз өзіңізді бес жылдан кейін қандай образда көресіз?


Айдана Бақытқызы: Кәсіп ашып, үйде отырып та өзін дамытқысы келетін әйелдер өте көп. Мен оларды қолдаймын! Меніңше, әйел алдымен өзін жақсы көруі керек. Сонда ол үй тірлігін ғана емес, сүйікті ісін де қатар алып жүреді. Маған да тігіншілікті үйренгісі келетін әйелдер көп келеді. Барынша білгенімді үйретуге, көрсетуге тырысамын.

Ал, өзімді бес жылдан кейін үлкен тігін цехінің басшысы, сән үйі мен дүкендері бар Айдана ретінде елестетемін. Алла бұйыртса, ол күнге де жетеміз. Сол үшін талмай еңбек етудемін!

Қарашаш Есенбай: Сол армандарыңыздың орындалуына тілектеспін! Сұқбатыңызға рақмет!