​«Жүрміз ауылда, боти киіп»: Жұлдыздар карантинді қалай өткізіп жатыр?

0
5 015

Осыған байланысты бірнеше сұраққа, танымал халық сүйіктілерінен жауап алдық.


​«Жүрміз ауылда, боти киіп»: Жұлдыздар карантинді қалай өткізіп жатыр?

Әлемге таралған коронавирус індетіне байланысты қазір елімізде төтенше жағдай жарияланып, барлығымыз дерлік үйде отырмыз. Әдетте көп нәрсеге «уақыт жоқ» деп себеп табатын біз үшін бұл кезең бір тұрғыдан тағат тауып, ойлануға әсер еткендей.

Ал, әдетте концерт пен тойдың арасында жүретін, жұмыс кестелері тығыз шоу-бизнес өкілдері бұл кезеңді қалай өткізіп жатыр екен? Осыған байланысты бірнеше сұраққа, танымал халық сүйіктілерінен жауап алдық.


1. Карантин кезінде немен айналысып жатырсыз және уақытыңыздың көп бөлігін қандай іске жұмсайсыз?

2. Шоу-бизнес өкілдерінің негізгі табыс көзі – той. Қазір той жасауға уақытша тыйым салынды, егер осы тыйым әрі қарай да жалғасатын болса, қандай салаға кетуді қалар едіңіз?

3. Ғалымдардың зерттеуі бойынша үй карантині кезінде отбасылық жанжал көп болады екен. Сіз карантин кезінде өз отбасы мүшелеріңізбен сөзге келіп көрдіңіз бе және қаншалықьы жиі ашуланасыз?

4. Еліміздің екі ірі қаласы карантинге жабылар кезде, көпшілік өз туған ауылдарына асықты. Егер әлі де жағдай қиындаса, қай қалаға кететін (қашатын) едіңіз және неліктен?

5. Оқырмандарға айтар кеңесіңіз бен тілегіңіз?!



Қанат Әлжаппаров, актер:

1. Қазір Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Қалжан ахун ауылындамыз. Біз әуелден отбасымызбен осында тұрамыз. Баяғыда қалай болса, қазірде солай күнделікті өмір өтіп жатыр. Тек арасында жөтелгендерден қорқып қаламыз (күліп).


2. Шынымен табыс көзіміз - той. Егер тойға тыйым салатын болса, театрдағы қызметімізді жалғастыра береміз деп ойлаймын. «Тойды алып тастады екен» деп қарап отыруға болмайды. Театрда қызмет етіп, елді күлдіріп жүреміз.


3. Үйде әзір жанжал болып жатқан жоқ, қалыпты өмір өтіп жатыр (күліп). Оның үстіне біз ауылда жер үйде тұрамыз, мұнда шаруа жетеді. Одан кейін әлі бізде жаппай қарантин болған жоқ. Кейде үйден шығып тұрамыз, сондықтан «нормально» (күліп).


4. Өзім бұрыннан ауылда тұрамын. Бес-алты жылдай бұрын алты айға жуық Нұр-Сұлтан қаласында тұрақтадық. Карантин болса да, болмаса да тұрғылықты жеріміз осы ауыл. Ауыл рахат қой, боти киіп, ағарған ішіп жатырмыз (күліп).


5. Оқырманға айтарым, елдің қамын ойлап жатқан үкіметтің нұсқауларынан шықпаса екен. «Отыр» десе отырып, «той жасама» десе жасамайық. Өйткені оның бәрі біздің қауіпсіздігіміз үшін! Сондықтан сіз-біз болып айтқанды істеп, үйден шықпайықшы.



Айдар Тұрғанбек, әнші:

1. Жалпы үйдемін, көбіне өзімді дамытуға, білімімді шыңдауға және отбасыма көңіл бөлуге тырысып жатырмын. Негізі уақытымды оқуға арнаймын. Онлайн сабақтар алып, кітаптар оқимын. Әр дүниненің қайыры бар дегендей, Аллаға шүкір бұл карантин менің дамуыма септігін тигізіп жатыр.


2. Өзім бірнеше мамандықты, оның ішінде қаржы, мұнай-газ, одан кейін музыка саласын бітірген адаммын. Той, концерт жоқ болса да, Алла екі қол мен екі аяқ және бас берді ғой. Кез келген салада қызмет істеп кете алатын білімім бар деп есептеймін. Сондықтан бұл үшін қорықпаймын! Жаңа айтқанымдай қазір де білім алып, қаржы саласы бойынша білімімді арттырудамын.


3. Бұл сұрақты аса түсінбеймін. «Әйелі мен күйеуі ұрсып жатыр, уақыт өткізе алмай жатыр» деген ақпараттарға таң қаламын. Өзімде керісінше уақыт жетпей жатыр. Уақытымды жүйелеп, әр сағатта белгілі бір дүниемен айналысамын. Мысалы, таңғы алтыдан онға дейін сабақ оқып, одан кейін таңғы асымды ішемін. Сосын жаттығуға барамын, ал түскі астан кейін тағы сабақ оқимын. Арасында отбасыма, әлеуметтік желіге де көңіл бөлемін. Ойланып қарасақ, уақыт деген зымырап жатыр ғой...


4. Ешқайда кетпейтін едім. Себебі біздің асыл дінімізде Пайғамбарымыз (с.ғ.с)«Бір жерден ауру шықса ол жерден кетпеңдер және ауру шыққан жерге бармаңдар» дейді. Мен сол хадиске сүйене отырып, Алматыдан еш жерге кетпеймін деп шештім. Сондықтан қандай жағдай болса да өз үйімде қала беремін.


5. Құдай қаласа, бұл қиындықтан да өтеміз. Осы кезге дейін қазақтың басынан қаншама сынақтар өтті. Алланың қалауымен бәрінен есен-сау өтіп келе жатырмыз. Сондықтан кішкене шыдасақ, барлығы да бітеді. Өзім «ауру», «карантин» дегенді өмірімде бірінші рет көріп жатырмын. Ал дағдарыс әр сегіз-тоғыз жылда қайта айналып келіп тұрады ғой. Доллардың көтерілуі, қымбатшылық дегендер осы кезге дейін өтіп жүрген жағдайлар. Әр қиындықтан соң, жеңілдік келеді дейді, барлықтарыңызға амандық тілеймін.




Марс Жайлауов «Назар Аудар» театрының актері:

1. Иә, қазір еліміз үшін жақсы емес кезеңдердің бірі. Осыған байланысты бәріміз үйдеміз. Өзім ата-анаммен жер үйде тұрамын. Жер үйдің жұмысы бітпейді, анда-санды шығып ауа жұтып, балыққа барып келіп жүрміз.


2. Мен тойға шықпайтын актермін! Театрда қызмет етемін, жылына екі-үш рет концерт, гастроль болады. Тек сол кезде ғана шығып, түсірілімдерге барамын. Негізі жеке кәсіпкермін. Басқа уақытта өзімнің кәсібіммен айналысамын. Сондықтан кәсібімді ауыстырамын дей алмаймын.


3. Әке-шешемізбен бірге тұрғандықтан, ол кісілерден дауысымызды асырып сөйлемейміз (күліп). Соған байланысты ұрыс болмайды, әрине келіспей қалатын кездер бар. Бірақ әйелім менің айтқаныма мойынсұнады ғой (күліп).


4. О, бастан Орал қаласының тұрғынымын, осында жұмыс істеймін. Басқа қалаға кететін ойым жоқ. Себебі әке-шешем, отбасым, достарым бар. Бұрындары да тек гастрольмен ғана өзге жаққа шығып, қайта айналып осы қалаға келетінбіз. Концертімізді кейінге шегергендіктен, елорда жабылмай, коронавирус елден табылмай тұрып елге қайтып кеткен болатынбыз.


5. Оқырмандарға саулық, жақсылық тілеймін! Айтарым, дәрігерлердің, үкіметтің айтқандарына құлақ асайық. Мұның бәрі біз үшін жасалып жатқанын түсініп отырмыз. Сондықтан бәріміз аман-есен осы кезеңді бірге өткерейік.



«Қуаныш пен Қарлығаш» дуэті, Қарлығаш:

1. Иә, төтенше жағдайға байланысты үйде отырмыз. Сыртқа шығуға мүмкіндік болмағандықтан, Алматы қаласында қалдық. Өзіміз үйде отыруға жете алмай жүргендердің қатарынан болғандықтан, осы уақыттан рахат алып отырмыз.


2. Той тоқтаса бизнеске кететін шығармыз. Өзіміздің мектебіміз бар, соны әрі қарай дамытамыз деп ойлаймын. Не де болса өзімді бизнестен көремін.


3. Ұрысқа да карантин бердік (күліп), негізі көп ұрыспаймыз. Бірақ балаларға «отыр, тыныш, қой» деген сияқты жағдайлар болып жатыр. Жолдасымды емес, балаларды тәртіпке салып жатырмыз.


4. Не болса да Алматыда қаламыз, өйткені дінімізде солай айтады. Әрі бұл соғыстың бір түрі ғой, соғыстан қашқандай болмайық. Көппен көрген ұлы той, отбасымызбен осы жерде боламыз.


5. Оқырмандарға шектен тыс абыржып, шу шығарудың қажеті жоқ деп айтар едім. Әр нәрсенің қайыры бар. Түсінгенім, көп адам күйбең тіршілікпен жүріп, виртуалды өмір сүріп жатыр екен. Бір бірінің қадірін білмейтін болып кеттік, соған берілген сынақ шығар деймін. Телефонға қараудан жалығып, бір-біріне көңіл бөліп, қадірін түсінсін деген шығар. Жақсылыққа жорып, жақсы күндерді тілейік!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ