Құралай Бақытқызы: Менің болжамым бойынша, билікте өзгеріс болуы мүмкін емес.
«Әлемді алаңдатқан дерт келесі жылдың көктеміне дейін созылуы мүмкін» дейді шетелдік БАҚ. Осы бір вирустың әсерінен қазір дүние жүзі дүрбелең күй кешіп отырғаны белгілі. Бізде бүгін шоу-бизнестен аздап ауытқып, танымал нумеролог Құралай Бақытқызымен бірге сандарды сөйлетіп көрдік.
Қарашаш Есенбай: Құралай ханым, еліміздігі жағдай өзіңізге белгілі. Бұл бұдан әрі өршуі мүмкін бе, сандар не дейді?
Құралай Бақытқызы: Соңғы оқиғалар елді біраз дүрліктірді. Бұл әлі де біраз өршиді, дегенмен бүкіл Қазақстанға таралады деп айта алмаймын. «Көбі жылдың соңына дейін созылады» деп жатыр, менің болжамым бойынша мамыр айының соңына дейін бітуі керек. Өйткені сәуір айында Қытайдағы жағдай жақсарады, ал мамыр - шипа, ем, сауығу айы. Яғни мамырдың соңына дейін алысамыз, ал маусымға жақын жағдай тұрақталып, реттеледі.
Қарашаш Есенбай: Бұрынғы жазбаларға қарасақ, көп ел үшін «Кібісе жылы» қауіпті саналған екен. Мұның да әсері болуы мүмкін бе?
Құралай Бақытқызы: Иә, бұл жылдың да адам баласына мүшел жас сияқты әсері бар. Әрбір айдың, күннің өмірімізге айтарлықтай өз әсері болады. "Кібісе жылы" көбінде денсаулыққа зиян келуі мүмкін, тіпті кейбір жылдары ашаршылық болғанымен есте қалған. Нумерологияда да солай қарастыралады.
Қарашаш Есенбай: Енді бұл сұрақ өзім үшін де қорқынышты, әрине нетижесін уақыт көрсетеді. Бірақ өзге елдегі дерттің кесірінен қаза тапқандардың саны күннен күнге өсуде. Бізде де адам шығыны болуы мүмкін бе?
Құралай Бақытқызы: Бұл жағын нақты айта алмаймын. Дегенмен адам шығына болмауы керек деп есептеймін. Кішкентайлар болмаса, ересек адамдардың шығыны болмайды. Оның үстіне қазақ халқының генетикасы мықты, сондықтан шығын болады деп ойламаймын.
Қарашаш Есенбай: Құралай ханым, осы жылдың басында жасаған жорамалдарыңызды оқып шықтым. Сонда «Адамдар өз денсаулығына мән беріп, оны жақсартуға ұмтылады. Сауықтыру орталықтары, медициналық мекемелер көптеп салынуы мүмкін» депсіз. Демек қандай да бір қауіп боларын сездіңіз бе?
Құралай Бақытқызы: Сенсеңіз, мүлде ойлаған жоқпын. Бірақ биылғы жылдың саны - 4. Қытайлар мұны «өлім саны» деп қарайды, ал қазақтар «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп жақсылыққа бағыттаған. Сондықтан өзгелерде өлім жағдайы болса да, бізде тіркелмеуі керек деп есептеймін. Нумерология ортақ ілім болғанымен, оны әркім өз халқының негізінде жорамалдайды.
Қарашаш Есенбай: Тағы бір сөзіңізде «Басшылар қате шешім қабылдап, халықтың наразылығын тудыруы мүмкін. Былайша айтқанда, толқу жылы. Өте тыныш жыл болады деп айта алмаймын» депсіз. Басшылар қандай қателік жіберуі мүмкін?
Құралай Бақытқызы: Мен негізі тек басшыларды айтқан жоқпын, ол журналистердің бұрмалауымен кеткен қателік. Осы жыл жалпылама қарағанда «қате шешімдер» жасалатын кезең. Яғни, тек басшылар ғана емес, қарапайым адамдардың да қателесуі жиі болуы мүмкін. Олар жұмыс барысында, не маңызды шешімдер қабылдауда, несие мен ипотека рәсімдейтін кезде қателіктерге ұрынуы мүмкін.
Елімізді туған күні бойынша есептер болсақ, өткен жылы біз үшін - өзгеру, ал биыл – қауіп-қатер жылы. Өйткені жылдың коды – 13, ол сан осындай жайттармен тікелей байланысты. Сонымен бірге көшіп-қону жиі болады. Сонда "Қытай мен Еуропадан атажұртқа оралатындар көп болатын шығар" деп жорыдым, бірақ оны вируспен байланыстырған жоқпын. Дегенмен осы жылы елімізге келетін қандастар көп болады. Бір жағынан «карманың» түрі шығар деп есептеймін, яғни шыққан тегіңе, жеріңе оралатын кезең болар?!
Қарашаш Есенбай: Ұзынқұлақ «билік ауысуы мүмкін» деп жүр, мұны сіздің сандарыңыз қалай жорып отыр?
Құралай Бақытқызы: Менің болжамым бойынша, ондай болуы мүмкін емес.
Қарашаш Есенбай: Ал қазіргі жағдай экономикамызға қалай әсер етеді?
Құралай Бақытқызы: Шығындар болуы заңды, бірақ түбегейлі дағдарыс болады деп айта алмаймын. Қыркүйек айына қарай экономикалық жағдай тұрақталады.
Қарашаш Есенбай: Елімізде вирустың таралуына байланысты көптеген шағын және орта бизнестер жұмысын тоқтатты, оқу орындары мен біршама мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшті. Бұл жағдай кімдер үшін көп шығын алып келеді?
Құралай Бақытқызы: Биыл - инвестиция жылы, кәсіпкерлер мен ауқатты адамдар демеушілік жасап, көмек беріп жатқандықтан аса қорқудың қажеті жоқ.
Көп шығынға бататын – шағын бизнес өкілдері. Оның себебін жаңа өзіңіз айтқан, жұмыстың тоқтатылуымен байланыстыра аламыз. Одан кейін әскери салада шығын болады. Үшінші кезекте медицина көп шығынға ұшырайды. Қазір дәрігерлерге көмек жақсы көрсетіліп жатыр, бірақ жеке емханаларда жұмыс тоқтауы мүмкін. Содан кейін құрылыс саласына да зиян келеді.
Қарашаш Есенбай: Бұл жағдай қазір бірнеше елдің «ұйқысын» бұзды. Әлі де алысатын елдер қатарымызға қосылуы мүмкін бе?
Құралай Бақытқызы: Иә, елдердің саны әлі де артуы мүмкін. Аурулардың көбін зерттеген кезде байқағаным, дерт шығыстан бастау алып, батысқа барады екен. Холераның өзі оңтүстік-шығыста басталып Сици́лия қаласына дейін жайылған. Қызығы, осы заңдылық тағы қайталанып тұр. Бірақ солтүстік аймақтағы елдерге айтарлықтай зиян келмейді. Шығыс пен батыс және оңтүстік-шығыстағы елдерге қатты әсер етеді.
Қарашаш Есенбай: Соңы қашан және қалай аяқталады?
Құралай Бақытқызы: Жоғарыда айтқанымдай, жазға жуық жағдайымыз тұрақталады. Соңы жақсы болады деп жорамал жасап отырмын.
Қарашаш Есенбай: Иә, бәріміз жақсылықтан үміттіміз. Жауаптарыңызға рақмет!