​Ерін айналасындағы ӘЖІМді кетіретін МАСКА

0
3 060

Кез келген әжімді кетірудің жолы бар


​Ерін айналасындағы ӘЖІМді кетіретін МАСКА

фото: ufkis33.ru

Жас ұлғайған сайын ерін айналасында терең әжім сызықтары пайда болатыны белгілі. Бұл бет пішініңізді өзгертіп жіберетіні анық. Сондықтан әжім ізі тереңдемей тұрып, оған қарсы маска, я болмаса ем, жаттығу, массаж түрлерін қолданған дұрыс-ақ.

Көбінесе кәдімгі қасықтың көмегімен ерін айналасына массаж жасау тәсілі кең таралған. Алайда, бұл бір ғана тәсіл жеткіліксіз болар еді.

Сондықтан, массаждан бөлек, ерін айналасына түскен әжімдерді жою үшін арнайы маска түрлері де бар.

Ерін айналасындағы тері коллагені өз серпімділігін жоя бастағанда, онда әжім іздері пайда бола бастайды екен. Осы кезде мынандай емдік масканы қолданыңыз.


Қажеттілер:

- 2 шай қасық желатин;

- 4 түйір спирулина таблеткасы;
- 0,5 шай қасық лимон сөлі;

- 2 тамшы сұйық А дәрумені.

Бұл қажетті заттар дәріханаларда сатылады, ал желатинді азық-түлік дүкендеріндегі дәмдеуіштер қатарынан таба аласыз.

1/4 стакан қайнаған жылы суға желатинді салып, 30 минутқа қалдырыңыз. Ол «ісінгеннен» соң су ваннасында сәл қыздырып алғаныңыз жөн. Желатин қоспасын су ваннасында қыздырып жатқанда, бөлек ыдысқа 2 ас қасық су құйып, спирулина (микробалдыркөк) таблеткасын ерітіңіз. Содан соң бірнеше тамшы лимон сөлі мен А дәруменін (сұйық түрін) қосыңыз. Желатинмен араластырыңыз.

Макияждан тазартылған теріге, анығырақ айтқанда ерін, яғни ауыз айналасына мұқият жағып шығыңыз. Егер артылып жатса, көзге жақындатпай бет терісіне түгелдей жағуыңызға болады. 20 минуттан соң жылы сумен жуып, соңынан салқын сумен шайыңыз.

Міне, оп-оңай осындай қарапайым масканы әжіммен күресте қолданыңыз. Аптасына бір рет жасап отырсаңыз жеткілікті.

Үй жағдайында жасалатын маскалар мен скрабтар табиғи бет күтімі компоненттерін ұнататын әйелдер үшін таптырмас мүмкіндік. Ерін айналасындағы әжімдермен күресу үшін ақ және көк саз (глина), алоэ, бал, қияр, құлпынай секілді жеміс-жидектер де теріні қатайтатын қасиеттерге ие. Бұлардың барлығы да теріні керемет ылғалдандырады, еріннің айналасындағы әжімдердің пайда болуына жол бермейді. Мұрын-ерін қатпарларымен күресу үшін де тиімді маскалар да бар.

фото: Twitter

Солардың бірі:

Бұршақ, сұлы майы, бал және сүт

Ұнтақталған сұлы ұлпасының белгілі бір мөлшеріне, 2 ас қасық деп алайық, майдалап туралған 1 ас қасық бұршақты қосып, оның үстіне жарты ас қасық құрғақ сүт пен жарты ас қасық балды қосып, барлығын жақсылап араластырыңыз. Дайын болған қоспаны еріннің айналасына және мұрын-ерін қатпарларына да біркелкі етіп жағыңыз. Жағылған масса толық құрғағанша қалдырыңыз. Кепкен соң, ылғалды шүберекпен (губка) ақырын сүртіп тастаңыз.


Бал және алоэ

Кез-келген дәрілік өсімдіктің жарты ас қасық ұнтақталған жапырақтарын (түймедақ, шүйгіншөп, қалақай т.б) бөлме температурасына дейін қыздырылған 1 ас қасық балмен біріктіріңіз. Ылғалдандыратын масканы саусақ ұшымен жоғарғы еріннің бұрыштарынан мұрынға қарай жеңіл қозғалыстарымен жағып шығу керек. 10 минуттан кейін салқын сумен шайыңыз.


«У» дыбысын айтқандай ерніңізді созыңыз

Сонымен қатар, сіз жаттығулар жиынтығымен де әжімдерді кетіре аласыз. Бет терісінің бұлшық еттерін нығайту кем дегенде 3-5 айға созылады. Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін лифтинг гимнастикасын күніне екі рет 3-4 күн аралығында қайталаңыз.

Кремдерді қолданар алдында скрабтарды қолдана отырып, бет терісін эпидермистің өлі бөлшектерінен тазарту процедурасы артық болмайды. Еріннің айналасындағы нәзік аймақ үшін бал, сыра ашытқысы және В дәрумені бар кофе скрабы қолайлы.

Дайындаған: Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Қасыңыздың ПІШІНІ қандай? Дұрыс таңдадыңыз ба?


Күріш ұнынан МАСКА бетіңізді жылтыр етеді