ШАШты түнде емес, ТАҢЕРТЕҢ жуған жөн

0
2 500

Сонда шаштың тазалығы біршама ұзақ сақталады.


ШАШты түнде емес, ТАҢЕРТЕҢ жуған жөн

фото: avon-061.ru

Кез-келген шаш дұрыс және мұқият күтімді қажет етеді. Қазір көктем мезгілі, шашыңызды енді қалпақтың ішіне «жасыра» алмайсыз. Сондықтан, шаш күтімін қолға алыңыз. Өйткені шаш әйелдің көркі. Әсіресе майлы шашқа көбірек күтім қажет. Майлы шаш тез кірленеді, сондықтан сізді ыңғайсыздыққа салуы мүмкін.


Шаштың тез майлану себептері

Оның түрліше себептері болуы мүмкін.

* Генетикалық бейімділік;

* Эндокриндік жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі;

* Майлы тері;

* Зат алмасудың бұзылысы;

* Дұрыс тамақтанбау немесе антибиотиктерді қабылдау;

* Стресс және кез келген жаман әдеттердің болуы (алкогольді ішімдіктер мен темекіні пайдалану);

* Жасөспірімдік кезеңде гормондардың өзгерістері әсер етуі мүмкін. Егер сіз бұл себептердің біріне де келіспесеңіз, дәрігерге көріну қажет.


Майлы шаш күтімі

Шашты жиі жуу шаштың майлануына жол ашады деген түсінік бар. Бірақ сіздің шашыңыз майлы болса, жумай жүре бергеніңіз де әрине дұрыс емес. Тек қана сусабынның құрамына назар аударыңыз, нұсқаулық бойынша шашыңызға сәйкес келетін түрін таңдаңыз.


фото: avon-061.ru


Майлы шашты жууға арналған бірнеше ережелер бар

Шашыңызды ластанған кезде жуыңыз;

Есіңізде болсын, ыстық су майдың өнуін арттырады, сондықтан жылы суды пайдаланғаныңыз дұрыс.

Шашты жуғаннан соң, сусабынды жақсылап шайыңыз. Себебі дұрыс шайылмаған шаш та тез кірленеді. Сусабынмен жуғаннан кейін түймедақ қоспасымен немесе шашыратқы гүлінің тұнбасымен шайсаңыз көп көмектеседі.

-1 ас қасық қышаны (горчица) 1 литр суға ерітіп шайыңыз;

-1 дана жұмыртқаны таза жуылған шашыңызға түбінен бастап, ұшына дейін жағып шығыңыз. 10 минуттан соң шайып тастаңыз.

-1 дана жұмыртқаны 2 шай қасық балмен араластырып, шашқа арналған маска жасасаңыз да болады. Мұны ұйқыға жатар алдында шашыңызға жағып, сыртынан мықтап орап, сосын таңертең жуып тастасаңыз нәтижесі жылдамдайды.


Жұмыртқа мен зәйтүн майы бар сусабын

Майлы шаш үшін кез келген сусабынның азғантай бөлігіне 1 дана жұмыртқаның сарысын және 1 шай қасық зәйтүн майын қосып араластырып алыңыз. Шашыңыздың дымқыл болғаны жақсы, осы қоспаны бүкіл шашыңыздың ұзындығына жағып шығыңыз. 20 минуттан соң, жуып тастаңыз.

фото: saloon-beauty.ru


Коньяк пен алоэ қосылған бал сусабыны

Сусабынның құрамындағы коньяк шаш түптеріндегі майды терең тазартады. Ал бал мен алоэ шырыны қажетті дәрумендер мен микроэлементтермен қамтамасыз етеді.

Қажеттілер:

Бал - 2 ас қасық;

Коньяк - 2 ас қасық;

Алоэ шырыны - 10 тамшы.

Барлығын біркелкі етіп араластырып, ылғалды шашқа жағыңыз. Салқын сумен шаю керек.


А дәрумені, глицерин, картоп сөлі қосылған сусабын

Картоптың майды жоятын қасиеті бар, ал А дәрумені мен глицерин ұштанған, құрғақ шашты ылғалдандырады.

Ол үшін бізге қажет:

Шикі картоптың сөлі - 2 ас қасық;

А дәрумені - 10 тамшы;

Глицерин - 10 тамшы

Картоптың сөлін шығару үшін әдеттегідей ұсақ көзді үккіштен өткізіңіз. Таза дәкеге салып, сөлін бір ыдысқа сығып аласыз. Оның үстінен А дәруменінің 10 тамшысын қосыңыз. Осы сұйықтықтың үстіне тағы да 10 тамшы глицерин қосыңыз. Барлығын мұқият араластырыңыз. Осы сұйықтықпен майлы шашты жуып болған соң, соңынан шашыңызға жағып, кемінде жарты сағаттан соң шайып тастайсыз.

Бұл көрсетілген әдістердің барлығы да майлы шаштың күтіміне арналған. Шашыңыздың жылтырап, таза көрінуі үшін осы күтімдердің кем дегенде біреуін жасаңыз. Ол сұлулығыңыз және денсаулығыңыз үшін маңызды.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Боянуда ПРАЙМЕР не үшін ҚАЖЕТ


Қолдағы бармен сұлу болуға арналған 6 кеңес