​СҰЛУЛЫҚты сақтау үшін әйелге ең қажетті 20 кеңес

0
6 933

ЕГЕР әйел қуыршақ секілді мінсіз мүсінге ие болуға талпынса, онда...


​СҰЛУЛЫҚты сақтау үшін әйелге ең қажетті 20 кеңес

Әйелдің барлығы сұлу, тек қана сол сұлулығын аша алмайтындар, сұлу болу білмейтіндер бар. Сұлулық дегенде ең алдымен көпшілігіміздің көз алдымызға келетіні табиғилық, қарапайымдылықтан гөрі, бет-жүзін бояған, әдемі, қымбат киінген адам елестейді. Әрине, бұл біраз дұрыс емес пікір. Өйткені, сұлу болу үшін қымбат косметика мен сәнді киімдердің өзі көмектесе алмайтын кезеңдер де болады.


Сондықтан, мамандардың бірнеше кеңестеріне назар аударып, жадыңызға тоқып алсаңыз, сұлулығыңызды еселей түсуге септігін тигізеді.


1. Бет терісінің ұзақ уақыт бойы өңін бермей, балғындығын сақтап қалуы үшін, яғни, жылдам қартайып кеткіңіз келмесе, әр күні таңертең ұйқыңыздан оянған сәтіңізде беті-қолыңызды жууды әуелі ыстық судан бастап, соңыра салқын суға ауыстырыңыз. Бұл әдістің бет терісі үшін өте үлкен көмегі бар. Себебі, бұл бетіңізге ерте әжім түсудің алдын алады. Бетке жасалатын жаттығудың ең қарапайым түрі осы.

Есіңізде болсын: ыстық су мен салқын судың арасындағы айырмашылық қаншалықты үлкен болса, соғұрлым жақсы. Бірақ, мұндай әдісті кез-келген бет терісіне қолдана алмайсыз. Тым сезімтал бет терісі үшін бұл әдісті еппен қолданып көріңіз.


2. Тағы бір мәлімет, бадам есте сақтау қабілетін күшейтеді. Күн сайын ұйқыға жатардан алдын 1 стакан сүтке аз мөлшердегі бадам майын қосып ішетін болсаңыз, нәтижесін көп күттірмей-ақ байқайтын боласыз. Бадам майын үй жағдайында да дайындауға болады. Ол үшін бадамды сыртқы қабығынан тазартып, дәнін ұнтақтаңыз. Үстінен қант қосылған су құйып араластырып жіберіңіз.


3. Артық салмақ денсаулық үшін қауіпті екендігін барлығыңыз жақсы білесіздер. Бұл туралы көптеген мәліметтер бар, артық салмақтан арылудың сан түрлі жолдары да көрсетіледі. Бірақ, адамның ерік-жігеріне байланысты, артық салмақтан арылу да оңай шаруа емес екендігін арнайы диета ұстаған адам жақсы түсінеді. Соған қарамастан, тамақтану мөлшерін біртіндеп кеміту, көбірек қимыл-қозғалыста болу арқылы адам белгілі бір уақыт ішінде көздеген мақсатына жете алады. Сондықтан, жаяу жүруден шаршамаңыз және міндетті түрде кешкі асқа жеміс-жидектермен шектелгеніңіз өз денсаулығыңыз үшін пайдалы болмақ.


4. Психологтардың пайымдауынша, 30 жас әйелдер үшін ең қауіпті жас болып саналады екен. Міне, дәл осы жасқа келгенде көптеген әйелдерде күйзеліске түсу бейімділігі жоғары болады екен. Мұның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір әйелдер отбасын құрып, үй шаруасынан босай алмай, бір жағынан, бала тәрбиесі де оған қолбайлау болып, алдына қойған мақсатына жете алмай қалғандай сезінеді. Тек қана күйеуінің қолына қарап, өз бетінше ештеңе істей алмай отырғанына қапаланса, енді кейбірі, осы жасқа келгенше карьера қуып, өз мақсатыма жетемін деген талпыныспен отбасын құруды кешіктіріп алғанына қынжылады екен.

Қысқасы, 30 жасқа толған әрбір қыз-келіншектің бойында болатын осындай қорқыныш сезімінен арылу үшін өмірге деген көзқарасты біршама басқа бағытқа өзгертуге күш салуы тиіс. Сондай-ақ, өмірдің көбі әлі де алда екендігіне, жақсылықтардың ерте-кеші жоқтығын, барлығы да өз қалпына келетіне сенімді болуы керектігін түсінуі керек. Алдағы күндерінің бақытқа толы болатынына, арманына жететініне шүбә келтірмегені жөн.


5. Кез-келген адам үшін қызыл түсті жеміс-жидектер көңіл-күйді көтереді. Қанық сары түсті жемістер ширақтығыңызды арттырады. Ашық сары түстілер тыныштық сыйлайды. Қанық көк түсті жеміс-жидектер болса, күйзелісті жеңуге көмектеседі.


6. Лимон шырыны майлы бет терісі үшін пайдалы. Ол майдың әсерінен жылтырау және түрлі ыңғайсыздық сезімдерінен арылтады. Сонымен қатар, бет терісін ағартып, түрлі дақтарды жоюға да қабілетті. Мамандар лимон шырынын пайдалану үшін оны құбыр суымен араластырып қолданғаныңыз жөн дейді. Өйткені, тек қана лимон шырыны терінің сезімталдығын арттырып, кері әсер етуі мүмкін.


7. «Макарон өнімдері артық салмақ қосады» деп ойлайтын әйелдер көп. Шындығында бұл қате пікір. 100 грамм макаронның құрамында 13% калория бар, оның үстіне макаронның құрамындағы крахмал жылдам жойылып кетеді.

Есіңізде сақтаңыз: макарон артық салмақты қоспайды, керісінше артық майды ыдыратады.


8. Егер тырнағыңыздың сарғайғанын қаламасаңыз, онда тырнағыңызды боямастан (лак) бұрын, тырнаққа арналған арнайы сұйықтықты жағыңыз. Күңгірт түсті тырнақ бояуларын да мүмкіндігінше аз пайдаланыңыз.


9. Өзгелердің сіз туралы жағымды ой қалыптастырғанын қалайсыз ғой? Ендеше, алдымен өзіңізге деген құрметіңізді арттыңыз, өзіңіздің бағаңызды біліңіз. Ол үшін бірнеше рет «мен өзімді жақсы көремін!», «Мен бұған лайықпын!» және «Мен бұл істі жоғары деңгейде атқара аламын» деп қайталаңыз. «Бұл сөздерді қайталай бергеннен не өзгереді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ, тәжірибе жасап көріңізші, аз уақыттың ішінде жан-дүниеңізде тыныштық пайда болғанын, өзіңізге деген сенімнің артқанын байқайсыз.


10. Қара, ақ және сұр түсті киімдер сәннен қалмайтын және әртүрлі басқа түстерімен үйлестіріп киюге таптырмайтын мүмкіндік. Тіпті, ол ескі киімдерге жаңа леп беріп, жарасымды көрінуіне үлес қосады.

11. Қант-әйел ағзасы үшін ең керекті азық. Бірақ, оны мөлшерден тыс, тым көп пайдалануға да болмайды. Ағзаға қажетті қант мөлшерін біліңіз, артық салмақ жинап аламын деген қорқынышпен тәттіден мүлдем бас тартуға болмайды. Өйткені, бұл ағза үшін қауіпті.


12. ЕГЕР әйел қуыршақ секілді мінсіз мүсінге ие болуға талпынса, ол үшін ағза үшін қажетті азықтан бас тартса, әрине, оның денсаулығы жақсы болмайды. Идеал әйел мүсіні біздің білуімізше, «90-60-90» болса, бойы- 170 см-ден кем болмаса сұлулық деп санаймыз. Алайда, бұл параметрге әйелдің ағзасына барлық ішкі мүшелер дұрыс орналаса алмайды. Нәтижесінде денсаулықта міндетті түрде кінәрат пайда болады. Сондықтан,сіз үшін сұлулық деген денсаулық екендігін ұмытпаңыз.


13. Макияж жасағанда көзіңізге айрықша назар аударғыңыз келсе, ерніңізді ашық түсті далаппен немесе түссіз жылтыр бояу жағыңыз. Ал, керісінше, ерніңізге басымдық бергіңіз келсе, көзіңізді білінер-білінбес етіп бояңыз. Ашық түстерді қолданыңыз.


14. «Сұлулық-құрбандықты талап етеді»... Бірақ, мұның жүкті әйелге қатысы жоқ. Өйткені, сәби күтіп жүрген әйел онсыз да әдемі. Болашақ перзентіңіздің саулығын ойласаңыз, мұндай «құрбандықтың» түкке қажеті жоқ.


15. Раушан гүлі (роза) тек сұлулық емес, денсаулықтың да нышаны. Орта ғасырда Еуропада раушан гүлінен шәй демдеп ішу арқылы суықтау, тіс ауруы, ауыз қуысының дерттеріне ем ретінде пайдаланған. Бүгінде дәріханаларда раушан гүлінен алынған майды кездестіресіз. Бұл май есте сақтау қабілетін жақсартып, түрлі қабыну мен жұқпалы дерттерге қарсы күреседі.

(суреттер ашық дереккөзден алынды)

16. Мойын терісі ешқашан майлы болмайды (бет терісі майлы болса да). Сондықтан, мойын терісі үшін тек қана құрғақ және қалыпты теріге арналған маска, крем таңдағаныңыз жөн.


17. Сұлулықтың тағы бір көрінісі - жүріс-тұрысыңыз. Яғни, әрдайым денеңізді тік ұстап, асығыс болсаңыз да қадамыңызды алшақ тастамаңыз. Сонымен қатар, қолдарыңызды ерсілі-қарсылы сілкімеңіз.


18. Әрдайым күлімсіреп жүріңіз. Бұл қалпыңыз сізді «жеңіске жетелейді».


19. Ешқандай ер адамға көп бояу қолданған және тым жарқын түстерді қолданған әйел ұнамайды. Көбінесе, табиғи қалпыңызды сақтай отырып, аз-маз үйлесімді бояу таңдасаңыз ұтылмайсыз. Күндізгі макияж бен кешкі бояуды шатастырмай, әрқайсысын өз орнымен қолдана біліңіз.


20. Әйелдің ең жақсы сұлулық құралы-бұл шынайылық. Қандай жағдайда болмасын, жасандылықтан аулақ болыңыз. Өйткені, сіздің шынайылығыңыз сұлулығыңызды еселей түспесе, кемітпейді.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Көздің айналасындағы ӘЖІМДІ ТЕЗ КЕТІРЕТІН 5 түрлі маска


КҮЙГЕН ТЕРІдегі ДАҚ пен ТЫРТЫҚтан арылудың ең оңай жолдары