Ата-аналар ҚАЛАЙ БАҚЫТТЫ БОЛА АЛАДЫ

0
1 979

Алдымен қандай ата-ана болғыңыз келетінін түсініп алу керек.


Ата-аналар ҚАЛАЙ БАҚЫТТЫ БОЛА АЛАДЫ

Әрбір ата-ананың өзін бақытты әке немесе ана сезінуінің өз құпиясы бар. Дегенмен кейбір тәрбие беру тәсілдері мен амалдар әмбебап әрекет етеді. Яғни төмендегі кеңестер барлық ата-анаға өзін бақытты сезінуге септігін тигізеді.


Өз отбасыңыз бен балаларыңызды өзгелермен салыстырмаңыз

Көп ата-аналар кейде ойланбастан құрбысының, көршісінің баласын өз баласымен салыстырып жібереді.

«Пәленшенің баласын көрсең әуесің келеді», «Анау досыңа қарап үлгі алсаң болады ғой» немесе «Көршінің баласы сенен әлдеқайда ақылды» деген сынды сөздерді естімей өскен бала кем де кем болар. Мұндай салыстырулар баланы ренжітіп, өзіңізді бақытсыз ете түседі. Өзгенің баласынан, отбасынан артықшылық көріп, өз жанұяңызға көңіліңіз толмай, береке кете бастайды.

Иә, біреудің табысы жоғары болады, өзге біреудің өмірі керемет, олардың барлығы сізге қарағанда жақсы өмір сүреді. Алайда бұл олай емес, бұл сізге көрінетін жағы ғана. Сіз өзіңіздің қандай жақсы екеніңізді, балаларыңыз бен отбасыңыз үшін қолыңыздан келгеннің барлығын жасап жатқаныңызды ойланыңыз. Отбасыңыздың қандай керемет екенін ескеріңіз.


Отбасыңыздың қасында болған уақытты бағалаңыз

Балаларға қарап уақыттың қалай жылдам өтіп жатқанын байқаймыз. Олардың балалық шағының әр уақыты бағалы. Дәл қазіргі уақыттың ертең немесе бір жылдан соң тура солай қайталануы мүмкін емес. Сондықтан отбасыңызбен, балаңызбен өткізген әр уақытты жақсы жағынан есте қалардай, қызықты мәнді етіп өткізуге тырысыңыз. Көбіне оймен және жоспармен болашақта өмір сүреміз. Яғни, ертең жұмыс азайғанда немесе демалыста балаларды паркке, демалыс орнына апарам деп жоспарлайсыз. Алайда ол демалыста басқа мәселелермен жағдай өзгеріп кетеді, өкінішке орай жұмыс та азаймайды. Ал сіздің жұмысыңыз азайып, уақытыңыз болғанда балалардың өсіп, көп нәрсенің уақыты өтіп кеткенін байқайсыз.


Қандай ата-ана болғыңыз келетінін елестетіп көріңіз

Иә, қандай ата-ана болғыңыз келетінін түсіну өте маңызды. Балаларыңызды қандай жағдайда, қандай қалыпта өсіргіңіз келеді және оның бойына қандай құндылықтарды дарытқыңыз келеді. Мейрімді, қайырымды, бауырмал адам етіп өсіргіңіз келе ме? Олай болса ол үшін өзіңіз бір нәрсе істеуіңіз қажет.

Баланы қамқор, мейірімді етіп тәрбиелеудің жолын білу керек. Егер ата-ана болу, балаға тәрбие беру өздігінен жүре келе қалыптасатын жағдай деп ойласаңыз, онда өз күшіңіз бен әркеттеріңізде қатты қателесуіңіз мүмкін. Ата-ана кез-келген, тіпті күтпеген жағдайда да қалай әрекет жасау керек екені туралы алдын-ала білуі керек. Яғни бала отырған жерде қандай әрекеттерге жол бар, қандайына жол жоқ екенін жақсы білесіз. Егер мұның бәрін пайымдай алмасаңыз онда кез-келген жағдайда баланың орнына өзіңізді қойып, ата-анаңыз кезінде сізге солай десе, онда өз әрекетіңіз қандай болатынын салыстырып көріңіз. Жақсы ата-ана болуға көмектесетін кітаптар оқуға тырысыңыз.


Кешірім сұрауға ұялмаңыз

Бәрі емес, бірақ көптеген ата-аналар баланың алдында өз қателігін мойындап кешірім сұрауды дұрыс деп санамайды. Бұл бала алдындағы ата-ананың беделін түсіреді деп санайды.

Алайда ата-ананың қателесуі қалыпты жағдай. Егер баланы кешірім сұрауға үйреткіңіз келсе, онда алдымен оның алдында кешірім сұрап үйреніңіз. Кінәлі екеніңді біле тұра кешірім сұрауға тырыспау адамды бақытты етпейді. Сондықтан оған баланы да үйретудің қажеті жоқ. Бала алдында кешірім сұрауға ұялмаңыз.


Әрбір жаңа күн үшін қуана біліңіз

Әрбір жаңа күн өмір үшін қуануға негізгі себеп. Тіпті өткен күн көңілсіз өтсе де, жаңа күнді қуана қарсы алуға, бүгінгі күннің жақсы болатынына сеніммен қараңыз. Әрбір күнді кішкентай өмір деп қарастырып және ол күнді күшті көңіл күймен өткізуге, жақындарыңызды ренжітпеуге, өткен күндердің қателігін қайталамауға, кішкентай, бірақ жақсы іс жасауға тырысыңыз. Сіздің көңілді жүргеніңіз балаларға да жақсы әсер етеді. Сондықтан үнемі көңілді жүріңіз.


Балаға өзімен-өзі болуға мүмкіндік беріңіз

Өзіңіз қол жеткізбеген армандардың орындалуын балаңыздың мойнына жүктемеңіз. Бала сіздің өз қиялыңызда жасап, суреттеп алғандай мінсіз болады деп күтпеңіз.

Баланы өзіңіз қалаған шахматпен немесе музыкамен айналысуға немесе жолдастарыңыздың балаларының көпшілігі компьютермен айналысады, сен де солар секілді бол деп мәжбүрлеуге болмайды. Балаға өз-өзімен болуға мүмкіндік беріп, оның мүмкіндіктерін, қызығушылығын қабылдай біліңіз.


Ойнаңыз

Балаға "ойнамаймын" деп айтпас бұрын бір рет ойнап көріңіз.

Ересектер секіріп, тығылып ойнау жарасымсыз деп ойлайды. Себебі көбіне өзіңізге өзгелердің көзқарасымен қарайсыз. Көршім немесе көрген өзге жандар "мынау жынды болған ба, үп-үлкен болып жүгіріп жүргені несі, баламен бала болып" деген сынды сөздерді айтады деп ыңғайсызданасыз. Алайда сіз өзіңізге балаңыздың көзқарасымен қараңыз. Баламен ойнаған кездегі қуанышты ештеңемен салыстыруға келмейді.


Өзіңізді ойлаңыз

Ата-ана болу өз қызығушылығыңды, арман тілегіңді ұмытып, бар өмірді балаға арнау деген нәрсе емес. Егер өзіңіз жақсы көретін тәттіні жемесеңіз, сүйікті кітап пен фильмдеріңізді көрмесеңіз, құрбы, достарыңызбен басқосудан бас тартсаңыз, онда өмірден ешқандай ғанибет ала алмайсыз.

Бастысы баланың жағдайын да жасап, өзіңізге де уақыт таба білу керек. Сіз өзіңізді сыйлап, бағалай білетін адам болғанда ғана бақытты ата-ана боласыз.


Өмірге көңілді, әзіл-сықақ сезіммен қараңыз

Өмірге әзіл-сықақ сезіммен қарай білу – жақсы көңіл күйдің кепілі. Қиындықтарға күле қарау арқылы оны жеңіп шығу оңай болады. Қайғыру аз болған сайын, күлкі еселей түседі.


Мұның барлығы Сіздің балаларыңызға үлгі. Бала - көргенін қайталайды.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз: "ЖЫЛАМА!": Өзіңіз істей алмайтынды БАЛАДАН ҚАЛАЙ ТАЛАП ЕТЕСІЗ?