​АЖЫРАСЫП кеткен ерлі-зайыптыны ТАТУЛАСТЫРАТЫН 4 тәсіл

0
5 689

«Ажырасқан» деген жақсы ат әпермейді...


​АЖЫРАСЫП кеткен ерлі-зайыптыны ТАТУЛАСТЫРАТЫН 4 тәсіл

Ажырасу – бүгінде қоғам дерті. Басқа-басқа, қазақ үшін аса қауіпті дертке айналып отырғаны жасырын емес. Бұрындары жас отбасының шаңырағы шайқалмауын бүткіл әулет болып уайымдап, керегесі кеңіп, босағасы бекігенге дейін қарауында ұстаса, бүгінде ол жағы кем тартып барады. Өзімбілермендікке салынған жастардың талайы жыл озбай-ақ ажырасуға арыз беріп үлгереді.


Ешкімге ақыл айтпаймыз, тек қана көтерілген шаңырақтар шайқалса да, бақаны құламаса, туырлығы желге ұшпаса дейміз. Көпке ой салса деген ниетпен осынау қателіктің орнын толтыруға арналған азды-көпті кеңесімізді ұсынуды жөн көрдік.


Бақытты бола алмайтын адам қанша неке құрса да бақытсыз болып қала береді

Керемет күйеуге тиіп немесе ең жақсы әйелге үйленгеннен ешкім бақытты болып кете салмайды.

Жалпы, бақыт деген біреу арқылы келмейді. Балалы болып та бақытты бола алмайтындар бар.

Бақыттың кілті – кез келген аз ғана қуанышқа қуана білуде.

Әйелің дәмді ас дайындады ма, соған да қуана алу қажет. Күйеуің таңнан кешке дейін 500 теңге тауып келсе де, соған қуанышты екеніңді білдіре алсаң, міне, сол бақыт.

Егер олай болмаса, «байлар да жыламас» еді.

Осы айтылғандарды көңілге тоқи алсаңыз, некеңізді бұзуға деген ниетіңізге біршама болса да кедергі жасайсыз. «Ажырасамын» деген ойыңыздан айни бастайсыз. Барына қуанып көріңізші.


Қазір ажырасуға кеңес бергендер екі күннен соң Сізді ұмытады

Иә, солай. Қазір Сіздің шашбауыңызды көтеріп, дем беріп, ақылын үйіп-төккендер уақыт келгенде өз отбасымен, өз проблемасымен айналысып кетеді. Олар өмір бойы Сіздің жаныңызда болмайды.

Бұдан шығатын қорытынды – ажырасу-ажыраспауды тек Өзіңіз ғана шешесіз. Басқа ешкім де Сіздің отбасыңыздың мәселесін шешуге хақы жоқ!

Сондықтан, «не керегі бар?», «өміріңді қор қылғанша...» деген сынды кеңес айтатындар бойды аулақ салып барып, шешім қабылдаңыз.


Шаңырақ шайқалмау үшін НЕ ІСТЕДІҢІЗ?

Отбасыңыздың ойраны шықпауы үшін не істедіңіз? Кеткен кемшілікті жөндеуге ұмтылып көрдіңіз бе әлде қырсығып, «мен де солай ете аламын» деп күйеуіңіздің немесе әйеліңіздің қылығына қарсы қитығып жауап бердіңіз бе? Ал ол әрекетіңізден не шықты? Пайдасы қанша, зияны қандай болды?

Оңашада ойланып көріңіз. Тіпті, тізім жасап жазып шықсаңыз да болады.

Жасамағандарыңыз болса, кеш емес.


Некелі жұбыңызға мүмкіндік бердіңіз бе?

Түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Көзге шөп салу, сәтсіздіктер, қиындықтар...

Сіз де қателесесіз. Иә, қателік жасаудан пенде ешқашан құтылған емес. Бірақ, кез келген адам мүмкіндік алуға, қатесінің орнын толтыруға хақы бар.

Мейлі, оған мүмкіндік бермедіңіз делік. Ал, өзіңіз қателескенде Оның кешіргенін, Өзіңізге де бір мүмкіндік бергенін қалайтын шығарсыз?

Қазір мүмкіндік бермесеңіз, бір қателіктің орнына екеуі пайда болып, құлағалы тұрғанды қиратып кетуі әбден мүмкін. Бір ғана мүмкіндік – өмір бойғы орны толмас қателікті болдырмауы мүмкін.


Ажыраспас бұрын білгеніңіз жөн...

  • «Ажырасқан» деген жақсы ат әпермейді
  • Бір отбасын сақтай алмағандарға екінші рет сенім артатындар аз болады
  • Төсек үшін ажырасып кету – ақымақтық, білмесе, үйретуге де, үйренуге де болады
  • Табыс тапқаның ешкімге міндет емес, әсіресе, отбасыңа...
  • Ерлі-зайыптылар арасына түсетін «есі кеткендерден» барынша сақтануы керек. Сөз тас пен басты жарғаны былай тұрсын, ең берік деген шаңырақты ортасына түсіреді
  • Бір-бірінің қолынан жиі ұстайтын, жиі құшақ айқастыратындар тез татуласады
  • Махаббат сөнбейді, жәй ғана оның отын үрлеп отыруды ерлі-зайыптылар естен шығарып алады
  • Бір-бірін тыңдай білмейтін ерлі-зайыптылардың ажырасып кету мүмкіндігі жоғары
  • Ерлі-зайыпты болу – екеудің бір-бірінен тек талап етіп өмір сүруі емес
  • Некелі жұптар ажыраспас бұрын өмірге келген перзентінің көзіне шынайы қарауы тиіс

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

Қ.Сауран,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Әйеліңіз МИЫҢЫЗДЫ «ЖЕЙ» БЕРСЕ: Еркектер үшін АРНАЙЫ 6 кеңес


Үй шаруасына ЕПТІ бала есейгенде КӨПКЕ жетеді