​Әйеліңіз МИЫҢЫЗДЫ «ЖЕЙ» БЕРСЕ: Еркектер үшін АРНАЙЫ 6 кеңес

0
5 487

Әйелі барлар жақсы түсінсе керек мұны. Үйленейін деп жүргендерге де таныс болуы керек әйелдің «ми жейтін» қасиеті бар екенін...


​Әйеліңіз МИЫҢЫЗДЫ «ЖЕЙ» БЕРСЕ: Еркектер үшін АРНАЙЫ 6 кеңес

Әйелдің жаны тыныш болса, отағасының жүйкесін жұқарта қоймас. Қит еткеннен кикілжің шығаратын әйел болса, демек оның өзінің жүйкесі жұқарып кеткені. Тап осы тұста еркектер өздерінің ірі де үйдің пірі екенін «пайдаланып» кетіп, аяғы әжептеуір дауға ұласып кететіні бар.

Әлбетте, еркектің пір екені, үйдің «ірісі» екенін барлық әйелдер мойындайды, біледі, түсінеді. Бірақ сол еркектер де әйелдің жанын түсінбей қалып, «артық кетіп» қалатыны да рас.

Жарайды, бұл турасында айта берсе, сөз көп. Бастапқы тақырыпқа оралып, әйел «миды жей берсе» не істеу керек екеніне ой жүгіртіп көрейікші. Неге? Не үшін?


Әйел – кешкі асқа отбасымен түгел отырғанын қалайды

«Кешкі асқа не дайындайын?» деген сұрағынан-ақ әйелдің «кешкі асқа уақытында келші» деген өтінішін аңғаруға болады.

Әйелдердің басым көпшілігі асты бала-шағасына арнап жасамайды. Оларға бөлек дәм дайындауы мүмкін. Бірақ негізгі тағамды ең бірінші ерінің көңілінен шығуы үшін дайындайды. Сондай-ақ, астың пісу уақытын да ерінің келетін кезіне туралап, алдымен оның баға бергенін қалайды.

Мұның екінші «тактикасы» - отағасының жұмыстан соң отбасына қайтуын қалағаны. Қайсыбір әйел болмасын, көрген-естігенінен көңіліне күдік кіріп, бала-шағасының әкесін, отағасын теріс жолдан сақтағысы келеді.


Әйел – балаларының әкесімен ойнап, асыр салғанын көргісі келеді

Бұл – барлық әйелдер үшін орнын ештеңе толтыра алмайтын бақыт.

Қолында шөміші, алдында алжапқышы бар әйелді балалар бөлмесінде әке мен баланың ойнап жатқанына қарап тұру керемет сезімге бөлейді. Сондай сәтте ешбір әйел «неменеңе жетісіп ойнап отырсың, бақшаны суғар, ақша жоқ» демейді, ақылы болса...

Баласымен жеке өзі ғана қыдырғысы келмейді ешбір әйелдің. Қасында отағасының бірге жүргенін, бәрі бірге серуендегенін қалайды.

Базарға, дүкенге барса да ақылдасып, ауырын көтерісіп, керек кезінде кеңесетін ері қасында болғанын қалайды.


Әйел – жиын-тойға ешқашан жалғыз барғысы келмейді

Көпшілік жиынға бәрі жұбымен келгенде өзі жалғыз отыру – басқа-басқа, әйелдер үшін ауыр тиеді. Тіпті, «күйеуің қайда?» деген сұраққа жауап берудің өзі олардың жүйкесіне теріс әсер етеді.


Әйел – ерінің епті болғанын қалайды

Қулық-сұмдыққа емес, қисайған шегені қағуға, бұзылған топсаны жөндеуге, өтпей қалған пышақты қайрап, қисайған орындықты түзеуге.

Қолыңыздан одан да көп іс келетін болса және ондайды дер кезінде жасап тастасаңыз, сіздің әйеліңіздің «миыңызды жеуі» мүмкін емес.

Қолыңыздан келмесе, оны үйреніп алу бүгінде қиын емес. Ешкімнің алдына барып «үйретші» деп жалынбайсыз да. Интернет деген құдірет бар емес пе?!


Әйел – күйеуінің табыс тапқанын қалайды

Иә, мұны қаламайтын әйел жоқ шығар әлемде. Оны еркектердің өзі де жақсы біледі.

Сондықтан, жұмыссыз (табыссыз) жүрген күндеріңіз уақытша ғана, қызмет орнын ауыстырған кезде болмаса, айлап жатып алатын еркек әйелдің «тілін» шығарады.

Шығайын деп шығады дейсіз бе, үйдің керек-жарағын түгендейдін болған соң, қолда бары былай тартса мұнда, былай тартса анда жетпейтін болған соң күйінеді де?!

Үш күннен соң не жейтінін ойлайтын әйел болса, сол күнгі азық-түліктің ақшасын бүгін сұрайды әйелдер.

Үш айдан кейін баласы оқуға баратын болса, киімін бүтіндеу үшін де оған ақша бүгін керек.

Үш жылдан соң үйленетін ұлы үшін де әйел бүгіннен бастап дайындалады.


Әйел – еркектің абыройын өзінен бұрын ойлайды

Тұрсынбектің «мен білмеймін, өзі ғой бәрін тындырып жүрген» дейтіні бар емес пе еді?! Рас сол...

Елдің алдына шығып кетпесе де, сол көптен кем болмағанын қалайды күйеуінің.

«Үй жөндейік, көлік алайық, жер алайық, үй салайық» десе, ол күйеуіне идея тастағаны. Соның барлығын атқарып тастайтын ері бар екенімен мақтанғысы келгені. Әлбетте, келешегін ойлап, осы бастан әрекет жасағысы келгені.


Әйелді осы себептері үшін айыптай алмайсыз!

Әйел нені жоспарласа да өзі үшін емес, бүтін отбасы үшін жасайды. Осы жағдайларды керісінше жағдайда елестетіп көріңізші.

Сізге қарамай, сіздің қалауыңызбен санаспай ас жасап, күтпей іше берсе ше?

Баласын алып жеке өзі қыдырғысы келсе қайтер едіңіз?

Жиын-тойға жалғыз бара берсе көңілізге тағы күдік ұялайтыны сөзсіз...

Үйдегі сынған-қисайғанды жөндей салуға «Әлөштің әйелі» сияқты сырттан шебер шақырса ше?!

Табысты өзі тапқан әйелдің бәрібір міндеті болады...

Алға ұмтылуы жоқ, келешегін ойламайтын, бүгінімен ғана өмір сүріп, еріне айтар назы жоқ әйел сізге керек пе?

Ендеше, әйел «ызыңдай» бермесін десеңіз, ең болмағанда осы алты қағидаға сай болыңыз, қадірменді ер-азамат! Бұларды місе тұтпай, аспандағы айды алып бер деп жатса, ол басқа әңгіме. Есі бар әйел осының өзін қанағат тұтады.

Қырмызы САУРАН,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Үй шаруасына ЕПТІ бала есейгенде КӨПКЕ жетеді


Баланы ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚтан қорғау үшін ата-ана нені білу тиіс?