​Бала САБАҚТАН ҚАШУды әдет етсе МЫНА 5 шараны қолданып көріңіз

0
1 265

Бала қандай жағдайда САБАҚТАН ҚАШАДЫ? Себебін тауып, шара көріңіз!


​Бала САБАҚТАН ҚАШУды әдет етсе МЫНА 5 шараны қолданып көріңіз

Мектеп жасындағы балалардың сабаққа деген қызығушылығы төмендеп, белгілі бір пәнге келгенде ол сабаққа қатысқысы келмей, түрлі сылтауларды айтуы кездесіп тұрады. Мұны әрбір ата-ана білуі тиіс.

Әр балада зейін мен ынта әр түрлі болады. Бірақ, баланың талпынысы, білімге деген құштарлығын арттыру тек мұғалімнің ғана емес, ата-ананың да қолдауымен, ықпалымен жүзеге асатынын естен шығармаңыз!


Бұрын сабақтан қалмай, «4» пен «5» деген бағаларға оқып жүрген баланың кенеттен өзгеріп, күнделігіне үштік, тіпті кейде екілік түсіп қалуы да түсініксіз жағдай болып көрінуі мүмкін.

«Мен балам үшін барлығын жасап жатырмын. Балам алаңсыз білім алып, жақсы азамат болып өсуі үшін, оған қажеттінің барлығын алып беремін. Бірақ, оның ой өзгеріп жатыр ма, әлде пән мұғалімінің әсері бар ма білмеймін, сабағы нашарлап кетті» деген шағымды кейбір ата-аналардан естіп қалып жатамыз.


Ата-ана мен мұғалімнің, сынып жетекшісінің арасында тығыз байланыс орнамағандықтан, мәселе тереңдеп, оны шешу қиындай түспек. Сондықтан, алдын алу шараларын жүргізу баласының болашағына алаңдаушылық білдіретін әрбір ата-ананың міндеті.



БАЛА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА САБАҚТАН ҚАШАДЫ?

Жоғары сыныптың оқушылары, оның ішінде әсіресе, ер балалардың «сабақтан қашып кетуін» еліктеушілік, жасөспірімдік кезең деп қарастыруға да болады. Дегенмен, мұндай ересек жастағы оқушылар ғана емес, кейде тіпті бастауыш сыныптың оқушылары да сабаққа қатысқысы келмей, қашып кететін немесе барудан бас тартатын жағдайлар да кездесіп тұрады.


Біріншіден, бала сыныптастарымен дұрыс қарым-қатынас орнатып, тіл табыса алмағандықтан және мұғалімнің басқа балаларға көңіл аударғандай, сіздің балаңызға көңіл бөлмегендігінен де «шаршайды». Мектепке барғысы келмеген баланың ішкі жан-дүниесіне үңіліп, оның неліктен мектепке барғысы келмей жүргендігінің себебін сұраңыз. Мардымды жауап ала алмасаңыз, мұғалімімен бұл туралы ашық сөйлесіңіз. Егер бала көп жағдайда назардан тыс қалатын соңғы партаға жайғасса, оны алдыңғы қатарға орналастыруын өтініп сұраңыз.


Екіншіден, жасыратыны жоқ, мектеп ішінде, әлімжеттік деген бар. Қанша жасыруға тырыссақ та, қадағалауға тырыссаңыз да бұл нәрсе бар. Бәлкім, балаңызға өзінен үлкен оқушылар қысым жасап жатқан шығар. Ер балалар мұндай жағдайды ата-анасына бірден жеткізіп баруға жүрексінеді, бір жағынан, «мен қыз бала емеспін, бұл мәселені өзім шешіп алам» деген ер балаға тән намысқойлық та жібермейді.

Сондықтан, ұлыңызға әрдайым оның жанында екендігіңізді, өзін қорғайтын ата-анасы мен жақындары бар екендігін айтып отырыңыз.


Үшіншіден, осы уақытқа дейін үздік, озат оқушылардың қатарынан көрініп келген оқушының күтпеген жерден «екілік» немесе нашар баға алып қалуы да әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан, баланың қай сабақтан сабақ үлгерімі төмендеп бара жатса, өзіңіз қолдау көрсетіп, көмектесіп жіберіңіз. Егер қадағалауға уақытыңыз жетпей немесе басқа да себептермен көңіл бөле алмай қалып жатсаңыз, репетитор жалдасаңыз да, баланың белгілі бір пәнге деген қызығушылығын жоғалтып алмауына септігіңізді тигізіңіз.


Төртіншіден, кейбір ата-аналар «балам жастайынан белгілі бір жетістіктерге жетсін» деген мақсатпен, баласын түрлі үйірмелерге қатыстырып жатады. Әрине, ата-ананың балаға жамандық ойламайтыны белгілі, баласының мақтан етер азамат болғанын көргісі келеді. Дегенмен, баланың да талғамымен, болмысымен, бойындағы дарыны, икемімен санасу керек. Баланың бойында сол салаға деген қызығушылық бар ма, жоқ па, ол жағын терең ойланып жатпайтын ата-ана ең үлкен қателікті жіберіп алады.

Мектептен шығып, асыр салып, бала болып ойнауға да, демалуға да мұршасын келтірмей, үйірмеден үйірмеге тасып жүретін ата-ана мұны да ұмытпауы тиіс. Бала қашанда бала болып қала береді. Күні бойы сабақ, үйірме, жаттығу арасында жүрген баланың үй тапсырмасын орындауға ықыласы болмайды, шаршайды. Ықылассыз орындалған үй тапсырмасын ол түсінбеуі де мүмкін. Осыдан келіп, баланың оқуға деген құштарлығы кеми береді.



Балаға ДЕМАЛЫС беріңіз!


Бесіншіден, баланың сабаққа деген ынтасының болмауы, мектепке шығып кетіп, бірақ, бармауы отбасындағы жайсыздықтардан да болуы мүмкін. Отбасында үйлесім болмаған жерде бала өзін қорғансыз, керексіз сезінеді. Ата-анасының ажырасуы, ішімдікке салынуы баланың психологиясына үлкен соққы. Сондықтан, осындай жағдайда да бала отбасында болмаған «қызықты» сырттан да іздемейді. Керісінше, бақылаусыз кеткен бала көшеден жаман әдеттерге үйір болып оралу қаупі басым.


Әрине, отбасында түрлі келеңсіздіктер орын алуы мүмкін, дегенмен, баланың көзінде терең мәселелерді талқыламағандарыңыз жөн. Баланы мектепке шығарып салып тұрғанда, күтіп алғанда жылы жүзбен күлімсіреп, маңдайынан бір иіскеп қойсаңыз, оның батылдығы, өзіне деген сенімі оянады. Бұдан бөлек, өзіңіздің мектеп кезеңіндегі қызықты оқиғаларыңызбен бөлісіп, балаңыздың да бастауыш сыныптардағы қызықтарын айтып, көңілін көтеріп қойыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ТАЯҚ ЖЕГЕН бала қандай ҚИЫНДЫҚҚА тап болуы мүмкін?


Отбасында ӘЙЕЛДІҢ БИЛІГІ жүріп кетпесін десеңіз... (Ерлерге арналған кеңес)


Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет