ТІЛАЗАР баланы тәрбилеудің ОҢАЙ әдісі бар ма?
Егер бала тыныштығы мен берекесі жарасқан отбасында өмір сүрсе, есейген шақта да өзін керекті адам ретінде сезінеді. Ал өзін керек адам сезіну айналасына мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарауға үйретеді.
Баланың тілазарлығы, ата-анасының айтқан тілін алмауы - көптеген ата-аналарда кездесетін жағдай. Дегенмен мұндай қиындықтың да шешімі бар екенін ұмытпаған жөн.
Отбасында ӘЙЕЛДІҢ БИЛІГІ жүріп кетпесін десеңіз... (Ерлерге арналған кеңес)
БАЛА неліктен ТІЛАЗАР болады?
- Егер балаға жеткілікті көңіл бөлінбей, ата-анасы мен басқа да отбасы мүшелерінің мейірімі мен махаббатына шөліркесе, ол өзін «көрсетуге» тырысады. Өзіндік «ұстанымын» қолданып, ата-анасының назарында болғысы келгені. Ол тіл алмау, керісінше жасау секілді қырсықтықпен де ата-анасының мейірімін оятқысы келеді.
- Ескертулер, тыйымдар, бұйрық секілді балаға сын мен мін көп таңылса, сондай-ақ, баланы үнемі алдарқатып, көп өтірік айтсаңыз, бала қырсығып, айтқаныңызды кері қарай жасауы мүмкін.
- Көп жағдайда бала болмашы себептерге бола ренжіп қалуы да мүмкін. баланы көп ренжітуден аулақ болыңыз! Қаталдық, орындалмаған уәде, әділетсіз жазалаудан баланың ішкі жан-дүниесі азаптанады. Ішкі арпалыс сыртқа агрессия түрінде, наразылық түрінде шығады. Оның бір көрінісі осы - тілазарлық, бұзықтық.
- Бала өзіне сенімсіз болады. Оның өз-өзіне деген сенімін ояту ата-ананың міндеті. Баланы басып, «сенің қолыңнан келмейді, сен мұны жасай алмайсың» деген секілді ата-ананың тарапынан баланың ұмтылысына қарсылықтар баланың өзіне деген сенімдігіні өшіреді. Өзіне сенбегендіктен, ол ештеңе жасағысы келмейді. Ата-анасына қатты сенгендіктен, «мен мұны жасасам да қолымнан келмейді. Ата-анам дұрыс айтады» деген ойды қалыптастырып алады. Осындай кері іс-қимылдары арқылы, «мейлі, жаман болсам жаман бола берейін, бәрібір мені ешкім мақтамайды» деген оймен «түзелуге» ұмтылмайды.
Таяқпен тәрбиелеудің зардабы
«Баланы қорқытып-үркітіп, таяқпен айтқанымды істетем» деп ойлау қате. Кішкентай кезінде бұл мүмкін шығар, бала таяқ жеуден қорқады. Ал, ол бала есейгенде ше? Сіздің де ержетіп қалған балаңызды ұруға шамаңыз жетпейді.
Баланы ұрып тәрбиелеймін деген ойдың қателігі сол, қаталдық қаталдықты шақырады. Яғни, ата-анасынан таяқ жеп «тәрбиеленген» балалар іштегі қарсылығын кішкентайында білдіре алмағанымен, есейгенде ата-анасына қол көтермесе де, өзінен әлсіздерге күшін көрсетіп, өзін жаман қырынан көрсететін болады.
Сондықтан, баланы ұрып, қорқытып тәрбиелеудің түк пайдасы жоқ, ал зияны шаш етектен.
- Ұру - баланың денесінде қандай да бір із қалдырады, ауырсынуды сезеді. Кейбір жағдайларда денсаулығына да зақым келуі ықтимал.
- Айналасын тану үстіндегі, яғни, бір жарым жастан үш жасқа дейінгі баланы ұру ғана емес, дауыс көтеріп, қорқытсаңыз, ол өзінен үлкендерге ойын жеткізе алмайтын, жалтақ болып өседі. Басқа бала жылап жатса да, оған қосылып жылауды әдетке айналдырады.
- 3 жас пен 6 жас аралығындағы баланы ұрып тәрбиелеу баланың ұйқысының бұзылуына әкеледі. Өтірік айтуды үйреніп, «ұрлық» жасауға дейін баруы мүмкін. Жануарларға, жәндіктерге қатыгездік танытып, іштегі ашу-ызасын осылайша шығарып, «өшін» алады.
- Қаталдықпен өсіп келе жатқан мектеп жасындағы балалар жарақат алғанын да айтудан қаймығып, барлығын ішінде сақтай береді. Мектептен шыққаннан кейін, үйіне баруға да жүрексінеді.
- Жасөспірім шақтағы балаларды ұрып-соғып тәрбиелеймін деген ойдан мүлдем аулақ болыңыз! Өйткені, өтпелі кезең бала үшін де, ата-ана үшін қиын кезең. Бұл кезде барынша сабырлы болыңыз. Баланы ұру арқылы жөнге саламын деп одан айырылып қалуыңыз да мүмкін. Бала өтпелі кезеңде тез өкпелегіш, тез еліктегіш болады. Мұндай жаста, сізге болмашы көрінген себеп оған үлкен проблема, тіпті трагедия болуы мүмкін. Сондықтан, суицид жасауға, жаман әдеттерге үйір болуына алып келетін бұл жолдан мейлінше сақ болғаныңыз жөн.
- Баланың өмірінде айқайлау, ұрсып сөйлеу қалыпты болып қалмас үшін, балаға мейлінше бәсең дауыспен, жылы сөйлегеніңіз дұрыс.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Бала тәрбиелеудегі ЕҢ ДҰРЫС ӘДІСтер
- Баланың тентектігіне, теріс қылықтарына «уақытша ғой» деп көз жұмбаңыз. Оған үндемесеңіз, демек, мен дұрыс жасап жатырмын деп ойлайды. Бірақ, тәртіпке шақырғанда өте нәзік мәміле орнату керек. Қаталдық таныту баланың «мені жақсы көрмейді, мен ата-анама керек емеспін» деген ойды қалыптастыруына жол ашады.
- Егер балаңыз қырсығып, тіл алмай жатса, оның көңілін қызықты нәрсеге аударып көріңіз.
- Бір отбасында он бала болса, әрқайсысының мінез-құлқы әртүрлі. Олардың мінез-құлқына байланысты, әртүрлі қарым-қатынас орнатуды әрбір ата-ана жақсы білуі тиіс. Баланың кейбірі ата-анасын тез түсінсе, кейбірінің қабылдауы баяу болады. Оған түсіндіруден шаршап, «ақпақұлақсың» немесе «сылбырсың» деп жекіру дұрыс емес.
- Егер бала тыныштығы мен берекесі жарасқан отбасында өмір сүрсе, есейген шақта да өзін керекті адам ретінде сезінеді. Ал өзін керек адам сезіну айналасына мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарауға үйретеді.
- Баланы жиі мақтаңыз! Ақылдылығын айтыңыз, еңбекқорлығын айтыңыз. Бала осындай жақсы сөздерді естігенде, көңілі көтеріліп қана қоймай, сол мақтауға лайық болуға ұмтылады.
- Балаға мейірімді болыңыз! Бірақ, шектен тыс еркелетіп, шолжаңдатып жібермеңіз. Мұндайда бала өзіңізді басқарып кетуі мүмкін.
- Баламен дұрыс қарым-қатынаста болып, шын мақтауға лайық кезде мақтап, қателік жасағанда да дұрыс еместігін түсіндіріп отырсаңыз, бала әділетті болып өседі. Ақ пен қараның ара-жігін ажырата алатын азамат болып өседі.
- Бала болған соң, кейде үйдің ішін азан-қазан қылып жіберуі мүмкін. Мұндайда көп тыйым салып, ұрыса берудің де қажеті жоқ. Егер шыдамыңыз жетпей жатса, өктемдігіңізді таяқпен емес, нық, сенімді, қатты шыққан даусыңызбен-ақ көрсете аласыз. Әйтпесе, көп ұрыс естіген бала сабап жатсаңыз да айылын жимайды. Өйткені, оның күн сайын бірнеше мәрте ұрыс естіп, еті үйренген. Оған бәрібір болып қалады.
Балалық шақ-адам өміріндегі ең бір тәтті, ең қызызқа толы, алаңсыз бақытты шақтардың бірі. Сондықтан, ата-аналар, балаларымызға көбірек қуаныш сыйлауға, жүзінен риясыз бақыттың нұрын көруге тырысайық. Әр баланың өз ойы бар, соны ұға білейік. Баланың да ойын тыңдауды үйренейік. Кейде, үлкендердің ақылынан да артық пікір айтуы мүмкін.
Г. Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: