Бала ТІЛАЛҒЫШ болуы үшін НЕ ІСТЕУ керек?

0
5 420

Балаға еркіндік те керек екенін ұмытпаңыз!


Бала ТІЛАЛҒЫШ болуы үшін НЕ ІСТЕУ керек?

Ата-анасын тыңдамайтын бала тек жақындарына ғана емес, таныс емес жандар алдында да көптеген ыңғайсыз жағдайға душар ететіні рас. Еркін жағдайда, өз бетінше өскен сәби, бала дұрыс пен бұрысты ажырата алмайды. Ал мұндай балаларды тәрбиелеу – өте ұзақ уақытты қажет етеді.

Баланы қалай тілалғыш, айтқанды тыңдай білетін етіп тәрбиелеуге болады? Төмендегі бірнеше кеңеске көз жүгіртіп көріңіз.


Тыйым салсаңыз, соңына дейін ұстаныңыз

Яғни, сіз қандай да бір тыйым жасаған болсаңыз, оны соңына дейін ұстану керек. Мысалы, ауладан алыс кетпеу, көшеге шықпау секілді тыйымдар. Онда осы тыйымдарды күнделікті ұстанған дұрыс, бүгін тыйып, ертең бала ғой деп еркіне жіберуге болмайды.

Бала - өте мықты психолог. Олар ата-анасының қай кезде, қай жерде әлсіздік танытатынын бірден біле қояды. Сіз бекіткен, тыйым салған ережелер де солай. Сондықтан да айтқаныңыздан қайтпаңыз, бір рет тыйым салып, оны ертеңіне өзіңіз алып тастап немесе жазасыз қалдырсаңыз, онда балада «бұл үшін маған ұрыспайды, бұл ережені орындаудың маңызы жоқ» деген түсінік қалыптасады.

Әрине, сәйкесінше кез-келген тыйым салуды қайта бұзуды әдетке айналдырады. Сол үшін де баланы тілалғыштыққа дағдыландырып, үйретуде сөзіңіз дәйекті болсын!


Қатал әрі мейірімді болыңыз

Өмірлік тәжірибелерден көріп жүргендей баланы бір жақты ашу-ыза, айқаймен тәрбиелеу қиын. Сондықтан кішкентай адамның санасына тыңдау деген түсінікті қалыптастыру үшін, ол өзін өзгелердің жақсы көретінін сезініп, білуі тиіс. Айналасындағы жандардың ұрысқанын, тыйым салғанын өзін жек көргеннен емес керісінше жақсы көріп, керемет болуы үшін айтылып, жасалып жатқанын ұғынуы тиіс.

Балаға деген махаббатқа ерекше назар аудара отырып, мейірімді қарым-қатынас жасаған дұрыс. Сөйте тұра өз ұстанымыңызда қатал бола білу керек. Осылайша балаға өзін қатты жақсы көретініңізді, жағдайын жақсы түсінетініңізді, бірақ қойылған талап-ережені бәрібір орындауына тура келетінін түсіндіре аласыз.


Балаларыңызға үлгі болыңыз

Бала айтқанды тыңдап, дегенді жасау үшін әрбір ата-ана өз өмір салтында қалыптасқан кейбір нашар әдеттерін қойып, өзгеруі тиіс. Балалар ақыл тыңдағаннан гөрі, ата-анадан көрген үлгісін жақынырақ қабылдайды.

Психолог мамандардың зерттеу нәтижесі көрсеткендей, балалар кішкентай жаста өте сезімтал болады екен. Сондықтан да олар айналасындағы күнде көріп жүрген жанына жақын, әсіресе сенім артатын ата-анасына ұқсағысы келеді, қайталайды. Міне, осы себепті де ата-ана баладан күткен нәтижесін өзінен бастауы тиіс.

Мысалы, әкесі шылым тартатын болса, балаға оның қандай зиянды екенін, тартуға болмайтынын айтып түсіндіру қиынға соғады.


Дұрыс жазалай білу де керек

Жыл өткен сайын балардың дене бітімімен бірге ақыл санасы да өсіп жетіледі және өскен сайын үнемі өзін қызықтыратын жаңа тақырыптар табуға тырысады. Осылайша не істеуге рұқсат етілетінін, ал не істеуге рұқсат етілмейтінін анықтай алады.

Баланың теріс жасаған әрекеті мен қылықтары үшін, соған сай жазаны анықтап алған дұрыс. Мәселен, бала кішігірім теріс қылық жасаса, онымен біршама уақыт сөйлесуден бас тартып, дұрыс жасамағанын сезіндіруге болады. Бірақ баланы қорқытуға болмайды, мұндай әрекеттің зияны болмаса пайдасы жоқ. Тек балалар ата-аналар белгілеген барлық ережелерді сақтауы қажет екенін, әйтпесе жаза болатынын айтып түсіндіріңіз.


Балаға сыйақы беріңіз

Тіпті ересек адамдар үшін де ерінбей, жалықпай, ыждаһатпен жұмыс істеуге деген ынтаны оятатын, жақсы сыйақы болып табылады. Сондықтан мұндай жағдайдан балалар да шет қалмайды. Бала өзін біраз уақыт тілалғыш, тәртіпті ұстауы үшін, оны қандай сыйлықтар күтетінін алдын ала айтып қоюға болады. Мысалы, кинотеатрға жаңа мультфильмге, хайуанаттар бағына, жаңа ойыншықтар, тәттілер, компьютерлік ойындар мен т.б.

Бұл әдіс жақсы әрекет етеді, бірақ үнемі қолданған да дұрыс емес. Себебі бала тек "сыйлық" үшін әрекет жасауы мүмкін.


Баламен тең сөйлесу қажет

Ата-анасы балаға бір нәрсе айтарда тізерлеп отырып, онымен бойы бірдей жағдайда сөйлескені жөн. Бұл балаға өте жақсы әсер қалдырады. Иә, әрбір жас бала ата-анасымен, туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болғанды, олардың алдында еркін жүріп-тұрғанды қалайды.

Егер ата-ана жас сәбиімен үнемі жоғары отырып, түрегеліп тұрып «биіктен» сөйлесетін болса, бала «жоғары жаққа қарағыш» болып өседі, кемістік, әлсіздік сезімдеріне беріледі. Сәби де, ата-анасы да бір-біріне тура қарап сөйлессе, бала өзін басқалардан кем санамайтын болады.


Баланы қызықты ойындармен алдандырыңыз

Көптеген балалар немен айналысарын білмей, қызықты нәрсе таппағанда ата-анаға кедергі жасап, тыңдамайтын бұзық болып кетеді. Сондықтан баламен ойнайтын уақыт жоқ болған жағдайда алдын ала оншақты ойын түрін ойлап тауып қойған дұрыс.


Бір үйдің балалары бір-бірімен ТІЛ ТАБЫСА алмаса, АТА-АНАСЫ кінәлі


Баланы да тыңдау керек

Баламен бірге аптасына жеті күн, 24 сағат бірге болатын ата-аналар бірте-бірте өз шаруасымен әлек болғаны соншалық, баланың күнделікті айтатын нәрселеріне мән беріп естуден қалады. Уақыт өте бала да осыған дағдыланып сізді естімеуі мүмкін. Сондықтан үй шаруасы немесе жұмысыңыз қаншалықты көп болса да арасында баланың сөзін екі минут уақытыңызды бөліп, тыңдаңған дұрыс.


Үнемі тыйым салудан сақ болу керек

Кейбір аналар баланы күні бойы кез-келген нәрседен қрорғаштап, тыйып отырады. «Лайды басып кетпе, топыраққа ойнама, қолыңдағыны түсіріп алма» деген сынды күні бойғы айтылатын тыйымдарды бала уақыт өте кәдімгі бір әуен тәрізді көріп, мән бермеуді әдетке айналдыра бастайды.


Тәрбиені бәрі бірдей ұстауы қажет

Ата-ана таңдаған тәрбие желісін үйдегі барша ересек жандар ата-әже, аға- әпкесі түгелдей ұстануы тиіс. Сондай-ақ баланы қалай тәрбиелеу керектігі жайындағы әңгіме балалардың көзінше айтылмауы керек.

Әрине осы кеңестерді орындағаннан кейін балаларыңыз мінсіз тілалғыш болатынына ешкім уәде бере алмайды. Дегенмен бұл кеңестердің пайдасы да аз емес. Бастысы балаңыздың не айтқанын тыңдап, соған орай ұтымды жауап қайтара біліңіз!


Балаға еркіндік те қажет

Егер балаңыз айтқаныңыздан шықпайтын тілалғыш болса, бұл жағдайды асыра пайдаланбау қажет. Өзіне де кішкене еркіндік беріңіз! Өз ойын, пікірін, таңдауын жасауға мүмкіндік беріңіз. Бұл келешекте мәселе туындамас үшін керек. Мүлтіксіз айтқанды орындайтын балалар көбіне өзгенің жетегіне еріп кетуге бейім келеді. Кейін олар дербес, өз бетінше шешім қабылдай алмауы мүмкін.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ