Бір үйдің балалары бір-бірімен ТІЛ ТАБЫСА алмаса, АТА-АНАСЫ кінәлі

0
3 820

Балалар негізінен бір-бірімен ата-ананың назарын аудару үшін ренжіседі.


Бір үйдің балалары бір-бірімен ТІЛ ТАБЫСА алмаса, АТА-АНАСЫ кінәлі

Бір үйде, бір ата-анадан туса да көптеген балалар бір-бірімен тіл табыса алмай, аралары қиындап кететін жағдайлар жиі кездесіп жатады. Әсіресе ұл мен қыз арасындағы бәсекелестік, түсініспеушілік көп орын алатыны бар. Ендеше, мұндай жағдайларға себеп болатын жайттарды анықтап көрейік.


Балалар арасындағы түсініспеушілікке қалай жол бермеуге болады?

Көп жағдайда балалар арасындағы қызғаныштың өршуіне ата-аналар себепкер болып жатады екен. Мысалы, дүниеге екінші немесе одан кейінгі сәби келгенге дейін, тек ата-ананың ғана емес үйдегі барлық ересектердің назары, мейірімі тұңғыш балада болады. Ал бірден барлық назардан тыс қалған бала ата-ананың махабатын, өзіне деген сүйіспеншілігін ешкіммен бөліскісі келмей қызғанышқа бой алдырып, өзінен кейінгі бауырын жек көре бастайды.

Сондықтан ата-аналар әрбір сәби дүниеге келерден алдын балаларға үйге тағы бір адам қосылатынын, оның келуімен ештеңе өзгеріп кетпейтінін, барлығын бірдей жақсы көретіндерін айтып, түсіндірген жөн. Баланың өзінен кейінгі іні немесе қарындасының өмірге келуін қуанышпен, асыға күтетіндей ету қажет. Жаңа туылған сәбиге бар мейірімді төгіп, үлкендерін назардан тыс қалдыруға болмайды.

Уақыт қанша тығыз болса да балалардың бәріне бірдей көңіл бөлген дұрыс. Кішкентайды немесе балалардың ішінде бреуін өзгелерінің көзінше асыра мақтап, еркелетуден аулақ болған жөн. Мұны тек ата-ана ғана емес, балалардың айналасындағы барлық жандар ескеруі тиіс.


Баланы өзінен кіші бауырларына қарасып, көмектесуге үйрету

Әрине өзінен кіші бауырына қарайласын деп баладан бала күтушісін жасаудың қажеті жоқ. Бар болғаны «жаялығын әкеліп бер, аузына емізігін сала сал, ойыншықпен ойнатып, алдарқата тұр» деген секілді ұсақ-түйек істердің өзі баланы бауырмал болуға, жауапкершілікті сезінуге жетелейді.

Сондай-ақ балаларға ортақ, яғни бірігіп орындап тастайтындай тапсырма берген жөн. Мысалы, ойыншықтарды бірге жинатып, бір затты әкелу үшін екеуін қосып жұмсау керек. Ойнап жүріп ренжісіп қалған жағдайда араға түсіп балалардың бірін жақтап шығуға болмайды. Алдымен араларындағы мәселені өздері шешу үшін, тек сырттай бақылаған жөн. Ал егер мәселе қиындап балалар қатты жанжалдасып кетсе, ақылды ортақ, яғни бәріне бірдей айтқан жөн.


Балалар не үшін ренжіседі?

Балалар негізінен бір-бірімен ата-ананың назарын аудару үшін ренжіседі екен. Уақыт өткен сайын олар ренжісудің жаңа тәсілдерін шығарады. Сондықтан ата-аналар балалардың ұрысын жәй ғана балалық деп емес, мән беріп қарау керек. Себебі бұл жағдай баланың өзге де адамдармен қарым-қатынасына, келешегіне әсер етеді.

Баланың көзінше КИІНІП-ШЕШІНУГЕ абай болыңыз!

Мінездегі қарама-қайшылық

Бір ата-анадан туса да балардың мінездері бір-біріне мүлде ұқсамайтыны белгілі. Бір бала жалғыз жүріп, жеке ойнағанды, тыныштықты қаласа, енді бірі керісінше, айналасындағы жандардың көп болғанын ұнатады. Сондықтан балалар арасында кейде ортақ, қызықты ештеңе болмай қалады.

Мұндайда, яғни балар арасындағы мінез сәйкессіздігі үлкен болса, онда олардың бір-бірін құрметтеуге, ортақ бір сәйкестігін тауып, бірге болуында ата-ананың ықпалы зор болмақ. Егер үлкен бала өз алдына жеке ойнап отырған болса, онда кішкентайды қасына жібермеуге тырысу керек.Балаға ағасының немесе әпкесінің осылай ойнағанды ұнататынын айтып, түсіндіру қажет.


Қызғаныш тудырмау

Сондай-ақ балаларды бір-бірімен жарыстырмау керек. Яғни, «мынаны кім бірінші жасап қойса сол мынадай сыйлық алады немесе кім сабақты жақсы оқыса соған пәлен сыйлық» деген сияқты жарыстыру болмағаны дұрыс. Мұның соңы балалар арасында бақталастықты өршітуі мүмкін.

Егер олардың арасында мұндай жағдай болмаса, демек олардың ара-қатынасы да жақсы, бірқалыпты болады. Ал кейбір балалардың көкейінде бала күнгі бақталастық қалып қойып, есейген кезде де арақатынастары салқындап, мүлде араласпай кетуі мүмкін.


Балаға қалай көмектесуге болады?

  • Баланы тыңдай білу керек. Негізі ренжіген, көңілде қалған нәрселер айтыла берсе, онда көңілдегі өкпе біртіндеп тарай бастайды. Сондықтан балаңыз ойындағысын айтқанда алдымен жақсылап тыңдап алу керек. Уақыт өте қайталап айтса қайта тыңдап көріңіз, сөзін бөлмей, асықпай ақыл –кеңестеріңізді айтыңыз.
  • Жақсы сөздер айтыңыз. Балалар ренжіскен кезде, жұбату үшін болса да «иә, ол ертең менен сыбағасын алады, жанын шығарам, енді тиіссе маған айт» деген сынды сөздерді мүлде айтуға болмайды. Мұндай сөздер біріншіден баланың үнемі біреуге арқа сүйеп үйреніп қалуына әкелсе, екінші жағынан өз ісін дұрыс санап, менменсуіне жол ашады. Сондықтан бала кіммен ренжіскен болса да, сол адамды мақтаңыз, жақсы істерін айтуға тырысыңыз.

Балаларымыз ата-анаға мейрімді, бір-біріне бауырмал болсын!


Түрлі дереккөзден дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ