​Баланың нешінші болып дүниеге келгені өміріне әсер етеді

0
23 440

Баланың отбасында нешінші болып келгені оның дамуына ғана емес, денсаулығына тіпті тағдырына да әсер етеді екен.


​Баланың нешінші болып дүниеге келгені өміріне әсер етеді

Тұңғыш балалар – көшбасшы

Отбасының тұңғыштарына артынан кішкентай ергенше ата-анасы бар көңілін бөледі. Ата-ананың назарын молынан алу, баланың өзіне сенімді, мықты тұлға болып өсуіне ерік береді.

Тұңғыштар көбіне көшбасшылық бағыт ұстанады. Олар басқалардың ережені, тәртіпті сақтағанын қалайды. Өздерінің мақсатына жетуде табандылық пен қайрат таныта алады. Сондай-ақ ата-аналар үлкен балаға өзінен кейінгілерді қарауға міндеттеп жатады. Бұл да баланың жауапкершілігін сезінуге көмектеседі. Көшбасшылық қабілетін арттыра түседі.


Ең ақылды балалар

Көптеген зерттеулер тұңғыш балалардың өздерінен кейінгілерге қарағанда IQ -і ортадан жоғары болатынын дәлелдеген. Ата-аналардың үлкен баланың зияткерлігін ынталандыруға мүмкіндігі көп. Көптеген ата-ананың балалардың әр қайсысымен ұзақ уақыт отырып, бірдеңе түсіндіруге уақыты мен мүмакіндігі аз.

Ал тұңғыш балаларды ата-анамен қоса ата-әженің, айналасындағы жандардың бәрі назарға алып, көңіл бөлген соң олардың сөздік қоры мол болады, ересектер секілді ойлауды ертерек бастайды.

Алайда балаға қосымша көңіл бөлудің көп болуының кері жағы бар. Үлкен балаға кішілерге қарағанда көбірек талап қойылады. Олар мұны жақсы сезеді. Сондықтан бір нәрсені істей алмай қалса ата-анасы жақсы көрмей қалатындай сезімде болады.


Тұңғыш балалар тамақтан болатын аллергияға бейім келеді

Мұның негізгі себебі – ата-аналар тұңғыш балаларын микробтардан барынша қорғауға тырысады. Ал кейінгі балаларда кірлегенге сабырлы қарайтын болады. Үстін кірлеп алса, қолымен топырақ ұстап қалса, бірінші баладағы секілді жүгіріп барып қайта-қайта жуып жатпайды.


Ортаншы балаларда креатив көп

Әдетте ата-аналар тұңғыш баланың мәселесі мен кенже баланың қамқорлығымен жүріп, ортаншы балаға қажетті көңіл бөле алмайды. Ортаншы балалар өздерін адасып қалғандай сезінеді. Сондықтан ата-ананың назарын өзіне аудару үшін бірдеңелер ойлап тауып жатады және оларда тұңғыш балаға артылған жауапкершілік болмайды. Мұндай балалардан көбіне әртіс, суретші, әнші шығады.


Жақсы дипломат

Ортаншылар көбіне тұңғыш пен кенжетайдың ұрысын басуға тырысады. Сондықтан олар кіммен қалай сөйлесуді, араздықты қалай шешуді, қалай мәмілеге келуді біледі. Сол себепті де болар ортаншы балалардың некесі көбіне тұңғыш пен кенжетайға қарағанда бақытты болады.


Ортаншы балалар күйзеліске бейім келеді

Бұл ата-ана тарапынан көңіл бөлудің аздығынан, өзін-өзі төмен бағалаудан болса керек.


Кенже балалар көбіне кәсіпкер болады

Кенже балалар ата-ана жүрегінен ерекше орын алғанымен, отбасында оларды байыпты қабылдай алмайды. Үлкен аға-әпкелері ата-анасын қызғанып елжірей қоймайды. Сондықтан көбіне ойындарына қосқысы келмей, заттарына тигізбеуге тырысады. Нәтижесінде кенжетайлар өздерін жаман сезінеді. Олардың ойын ешкім тыңдамайды. Өз сөзін тыңдату үшін кейде шындықтан асырып жіберіп жатады. Ойын ешкім тыңдамаған соң өз жолымен жеке жүруге тырысады. Сондықтан да көбіне мұндай балалардан жақсы кәсіпкерлер шығып жатады.


Кенже балалар алдындағы аға-әпкелеріне қарағанда өте көңілді

Тұңғыш бала дүниеге келгенде ата-ана тәжірибесіз болады. Сондықтан тым қобалжып, мазасыз болады. Алайда әр бала туылған сайын бұл сезімдер жаймен басыла бастайды, ата-ана сабырлы, еркін бола түседі. Ал бұл кенже баланың мінезіне әсер береді. Олар жайдары, көңілді жүреді.


Тәуелділікке бейім келеді

Кенже балалардың жыныстық жетілуі аға-әпкелеріне қарағанда ертерек, кем дегенде үш ай ерте басталады. Сол себепті болса керек кенже балалар көбіне тәуекелді әрекетке бейім келеді. Олар темекі, спиртті ішімдік секілді нәрселерді бір ішіп, шегіп көруге қорықпайды.


Отбасындағы жалғыз бала

Отбасындағы жалғыз перзент өмір бойы ата-анасының назарында жүреді. Бар көңілін сол балаға арнайды. Алайда мұның оң және теріс тұсы да бар. Бір жағынан ата-анасы бар қорын балаға құйған соң мұндай балалардың жетістікке жетуге мүмкіндігі мол. Енді бір жағынан ата-анасы баласын өмір бойы еркелетіп, өздерінен алысқа жібере алмайды.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.