Балаңыз ТӘТТІҚҰМАР, тамаққа ТӘБЕТІ ЖОҚ па? Оған ӨЗІҢІЗ КІНӘЛІСІЗ!

0
3 270

Осы қателіктерді түзеу арқылы баланың тәттіқұмарлығын тежеуге болады.


Балаңыз ТӘТТІҚҰМАР, тамаққа ТӘБЕТІ ЖОҚ па? Оған ӨЗІҢІЗ КІНӘЛІСІЗ!

Ата-аналардың көпшілігі балаларының тәттіқұмарлығын, тамаққа тәбеті жоғын айтып шағымданып жатады. Шындығында, мұндай жағдайға олардың өздері кінәлі. Олар нені дұрыс жасамады және кеткен қатені қалай түзеуге болады? Сұрақтардың қысқа да нұсқа жауабы төменде.


Бала тамақтан неге бас тартады?

  1. Асқорыту жолында мәселе болуы мүмкін. Баланың тәбеті нашар, өзі сылбыр, мазасыз, «ішім ауырды» деп жиі шағымданса, бірінші кезекте гастроэнтерологқа көрсетіңіз.
  2. Баланың қарны тоқ. Мұндай себепті көбіне ескермей, баланың аузына тықпалай беретіндер де бар.
  3. Негізгі тамақтану арасында аузы тынбай бірдеңе жеп жүреді. Тіпті ол алма, көкөніс сияқты пайдалы азық болса да, тоқтық сезімін беріп, тәбетін жауып тастайды.
  4. Ең көп кездесетін себеп – баланың тамақтану режимі дұрыс қалыптаспаған немесе бұзылған, тәттіні көп жегендіктен, тоқтық сезімімен жүреді.

Соңғы себеп барлық дерлік жағдайда ата-ана тарапынан кеткен қателіктен болады. Сондықтан, осы туралы толығырақ айтамыз.


1-қателік: Бала қанша қаласа, сонша тәтті бересіз

Баланың сұрағанын бере беру – оған бақытты балалық шақ сыйлау емес. Есесіне, ересек өмірде тіс және асқазан-ішек жолдарының ауруларымен бетпе-бет келуіне жол салу.

Шешім: тәттіге шек қойыңыз. Мәселен, бір күнде 5 кәмпит, одан артық жеуге болмайды. 5 кәмпиттен кейін де тәтті сұраса, жеміс-жидек, бір шай қасық бал қосқан сусын, жеміс-жидек қағы сияқты пайдалы тәттілер беріңіз.


2-қателік: Үйде тәтті көп

Балаға жеуге тыйым салынған, алайда үйдің әр жерінде көзді арбап тәтті-пәттілер толып тұр. Осындай жағдайда бала саналы түрде «Ата-анам маған жеме деген. Болмайды» деп ойлай алады десеңіз, оларды көріп тұрып, сорпа, ас-ауқат ішеді десеңіз, қатты қателесесіз.

Шешім: тыйым салғаннан кейін баланың көзіне зиянды тәттілерді көрсетпеуге тырысыңыз. Олар үлкен адамдарға да зиян, сондықтан, мүмкіндік болса алмаңыз. Алсаңыз, баланың көзіне түспейтін, қолы жетпейтін жерге жасырыңыз.


3-қателік: Баланың көзінше өзіңіз тәтті жейсіз

Егер өзіңізде тәттіге деген тәуелділік қалыптасып үлгерген болса, ендігі жерде бұл тәуелділіктен балаңызды сақтауға барыңызды салыңыз. Оның көз алдында кәмпит-шоколад, тәтті күлшелер жеп аузының суын ағызбаңыз.

Шешім: тәттісіз тұра алмайтын болсаңыз, оны балаңызға көрсетпей жеген жөн. Баланың көзінде тек пайдалы тағам түрлерімен, көкөністермен тамақтаныңыз.


4-қателік: Пайдалы тағамды бір рет қана ұсыну

Балалар дәрігерлері олардың өзгеше азықты, жаңа дәмді бірден қабылдай алмайтынын айтады. Балалардың асқа деген талғамы бірте-бірте қалыптасады. Ал ата-аналар бірнеше рет беріп көреді де, беті қайтып қалады. «Менің балам мынадай тағам жемейді» деп ерте қорытынды шығарып қояды.

Шешім: баланы жаңа азықпен таныстыру үшін оны түрлі жолмен дайындап (буға пісіру, қайнату, пеште тұмшалау) көріңіз. Әр жолы түрлі пішінде, басқа ыдысқа салып беріңіз. Осылайша кем дегенде 8-15 рет ұсыну керек. Дәмін татып көріп жүріп, бір күні бала оған үйренеді де, үйреншікті тағамдар қатарына қосылады.


5-қателік: «Тамағыңды тауысып ішіп қойсаң, кәмпит беремін»

Осылай айту арқылы ата-аналар өздері балаға «негізгі тамақ дәмсіз, оны тәттіге жету үшін ғана жеу керек» дегендей қағида қалыптастырады. Келесіде «соңында тәтті бермейтін болса, бұл тағамды да жеудің қажеті жоқ» деген түсінік туады. Яғни, негізгі, пайдалы ас туралы негативті ой орнығады.

Шешім: тәттінің маңызын арттырмаңыз, балаға негізгі тамақты не үшін жеу керектігін, оның қандай пайдасы барын дұрыстап түсіндіріңіз.


6-қателік: Сыйақы ретінде тәтті ұсыну

Бала тәртіпті болғаны үшін, бір шаруаны жақсы атқарғаны үшін немесе жылаған кезде жай ғана жұбату үшін не бересіз? Осындай сәттерде көбіне сыйақы ретінде тәттілер келетіні рас қой. Бала келесіде қандай да бір жақсы ісі үшін, көңіл-күйі болмаса, іші пысқанда үнемі тәтті іздеп тұратын болады.

Шешім: тағы да қайталаймыз, тәттінің маңызын арттырмаңыз. Оның орнын қажетті сөзбен, жақсы эмоциямен, баламен байланыспен алмастырыңыз.


7-қателік: Баланы «пайдалы-зиян» ұғымдарымен таныстырмау

Ешкім біліп тумайды, сіздің балаңыз да сондай. Дұрыс пен бұрысты, жақсы мен жаманды ата-ана айтуы, үйретуі керек. Тәттіге қатаң тыйым салып, бірақ оның не үшін екенін түсіндірмесеңіз, бала неге одан бас тартуға тиіс?

Шешім: Оған үнемі қай астың қандай пайдасы бар, қайсының зиян екенін айқындап, ажыратып беріп отырыңыз. Ас әзірлегенде тұзды азырақ салып, әр азық-түліктің өзіндік дәмін сезіндіріңіз.

Міне, осы қателіктерді жасамай, жасап қойған болсаңыз, берілген шешімдерді жүзеге асыру арқылы оны түзетіп, баланың тәттіқұмарлығын тежеуге болады.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЕҢ БАҚЫТТЫ адам - ӨЗІН ТӘРБИЕЛЕГЕН адам