​«Есеймеген» еркек ОҢҒАН КҮЙЕУ, ЖАҚСЫ ӘКЕ болып ЖАРЫТПАЙДЫ

0
1 006

«Неге бәрін мен істеуім керек? Сен ақша тапсаң болды, басқамен ісің жоқ па? Неге бәріне әйел міндетті?»


​«Есеймеген» еркек ОҢҒАН КҮЙЕУ, ЖАҚСЫ ӘКЕ болып ЖАРЫТПАЙДЫ

Қыз-жігіт болып жүргенде, отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында қыз-келіншектерге «АНА БОЛУ» образы бірден ұнай кетеді. Сөйтіп ер-азаматты толық қамқорлығына алып, өбектей бастайды. Ас-суын беріп, киімін айтқызбай жуып, ауырса бар жұмысын тастап күтімін жасап, бір сөзбен айтқанда алдын орап, артын жинап жүреді.

«Тамағыңды іш. Қолыңды жу. Киімің кірлеп кетіпті, ауыстыр. Шомылшы» дейтін жағдайға жетеді тіпті. Бір емес, бірнеше балалы болып, жүгінің ауырлағанын айқын сезінгенге дейін күйеуін «тұңғыш балам» деп төбесіне көтереді.


Егер ер-азамат «өзім» деген функциясын іске қоспай, осы қамқорлық құшағына енген үстіне ене түссе, уақыт өте келе отбасының бар ауыртпашылығы, жауапкершілігі әйелге ауып бітері анық.

Әйел әйтеуір бір күні шаршайды, жүктің тең бөлінбегенін байқайды.

Бітпейтін үйдің шаруасы, қызмет бабы, балаға қарау, күйеуді баптау, азық-түлік тасу, керек-жарақты түгендеу, біреу ауырса, оның асты-үстіне түсу, барып кел-шауып кел шаруаның бәріне жүгіріп жүрген – өзі екенін, күйеуінің жұмысына тіке барып, тіке қайтатынын, үйге келгендегі бар шаруасы теледидар не телефон қарау екенін байқаған кезде біраз нәрсеге кеш болады.

Содан басталады: «Неге бәрін мен істеуім керек? Сен ақша тапсаң болды, басқамен ісің жоқ па? Неге бәріне әйел міндетті?» деген жыр.


Неден көрініс береді?

Байқағаныңыздай, бүгінгі айтпағымыз: халықаралық терминде – инфантильді адам, қазақшалап айтсақ – ересек бала, біздің жағдайымызда – есеймеген еркек тақырыбы.

Инфантильдік – адамның жасы ұлғайып, физикалық тұрғыдан өскенімен, психологиялық тұрғыдан есеймеуі.

Адамның ересек болуы бойының өсуімен ғана өлшенбейді. Ойы да қатар өсуі керек. Алайда, алдыңда тұрған ер-азаматтың ойының өскен-өспегенін бір қарағаннан білу мүмкін емес. Оның есею деңгейі түрлі жағдайдағы іс-әрекеттерін бақылап, сын сағаттарда жанында болу арқылы ғана білуге болады.

Есеймеген ересектер қай жаста да өзін бала секілді ұстайды, ештеңеге бас қатырғысы келмейді. Қандай да бір қиындық кездесе қалса, оны дұрыс қабылдай алмайды, мақсатына жете алмай, артқа шегінеді. Сынаққа оңай сынып кетеді. Өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Жауапкершілік арқалай алмай, оны басқаға аударуға құмартып тұрады. Басқаға қамқорлық жасамайды, әйел-бала-шағасына қорған бола алмайды.

Әйтсе де, өзінің бұл халімен ісі жоқ, жыныстық жағынан жетіліп тұрғасын отбасын құрады. Балалы болады. Алайда, оның отбасында қанша жерден махаббат болса да, мәселелер өте көп. Себебі, өзінің жұбай, ата-ана ретіндегі міндеттерін, жауапкершіліктерін толық өтей алмайтыны айдан анық.

Егер тікелей ер-азаматтар жайында айтар болсақ, олар үйленер кезде-ақ өзіне өмірлік серік емес, екінші ана іздейді. Осы тұсына мән бермеген қыздар өзінің дұрыс емес қарым-қатынасқа шатылғанын арада бірнеше жылдар өткен соң ғана ұғады. Ең басында жігіті айтқанының бәріне көнсе, сұрағанын берсе, маңызды шешімдерді өзіне қабылдатқызса, кел деген кезде келіп, кет дегенде кетсе, «сенсіз өмір сүре алмаймын» деп жыласа, соған мәз.


Біле жүріңіз, инфантильді адамның 4 белгісі:

1. Өз бетінше шешім қабылдай алмау. Қандай жағдай болса да бірінші кезекте біреуден ақыл-кеңес сұраса, басқалар не ойлап қалар екен деп алаң болса, бұл – дабыл. Өз өмірін басқаға билетіп қойса, (мейлі ол анасы болсын, досы болсын) одан іргеңізді аулақ салыңыз. Тіпті шешім қабылдау жауапкршілігін сізге сыйласа да, қуана қабылдаудан аулақ болыңыз.

Балаға тән қылықтар: эгоизм, шектен тыс қиялшылдық, еркелік. Егер ересек адам барлық жағдайда бірінші кезекке өзін қойса, тек менде болуы керек, басқалар мені еркелетсін, маған қамқор болсын деген ниеті болса, ол адамның өзгелерге қамқорлық жасауға мүлде құлқы жоқ деген сөз.

2. Эмоционалдық қиындықтар. Өміріндегі бір қиын жағдайды айтып жанашырлық оятуға тырысса, өзінің барлық сәтсіздігін, жетістікке жетпегенін, қолынан келмеген істерді соның салдары деп санаса, бұл да есеймегендіктің белгісі. Сонымен қатар, тез ашуға берілу, ашуланғанда өзін ұстай алмау, шектен тыс қызғаншақтық, тез ренжіп қалу, жиі арыз-шағым айту, т.б. эмоциясын басқара алмау да бұл қарым-қатынастан аяқ тартуға тұрарлық мінез-құлық.

3.Көңіл көтеру мен ойын-сауықты бәрінен жоғары қою. Уақыты мен қаражатының көп бөлігін көңіл көтеруге, қыдыруға, ойын-сауыққа, құмар ойындарға, тіпті балалар ойнайтын ойындарға, желілік ойындар,а арнайтын адам да ересек өмірге әлі толық дайын емес деген сөз. Есейген жан олардың шегі мен орнын, уақытын біледі.

4.Қоғаммен араласа алмау. Егер адам өзін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінбесе, ондағы жауапкершіліктерін де сезінбейді, сәйкесінше атқармайды. Ол аздай, басқалармен дұрыс қарым-қатынас құру дағдысы қалыптаспағандықтан, адамдармен араласа алмайды. Ешкіммен тіл табыса алмайтын тұйықтық – туа біткен мінез емес, дұрыс қалыптаспаған коммуникаияның, өзін ересек адам сезінбеудің көрінісі.

Міне, іс-әрекеттерінен осы блгілерді байқасаңыз, мұндай адаммен қарым-қатынас өқұрудың алдында жақсылап ойланып алыңыз. Себебі, оның жанында өте ауыр жауапкершілік арқалап жүруге тиіс боласыз.


Не істеу керек?

Білместікпен осындай есеймеген еркекке тұрмысқа шығып қойдыңыз делік. Енді не істеу керек? Қайта тәрбиелеп аламын, өмір бойы осы жүкті арқалаймын, болмаса ажырасамын дегендер бірінші нұсқа емес. Ең алдымен мынаны түсініп алыңыз: инфантильді адамға жақындарының қолдауынсыз, өз бетінше өзгеру өте қиын. Сол себепті, оған тек қолдау білдіріңіз. Мән беріңіз: көмектеспеңіз, ұрыспаңыз, жазғырмаңыз, кінә артпаңыз, арыз-шағым айтпаңыз, талап етпеңіз, тек қана қолдаңыз.

Одан кейінгі кезекте өзіңізді өзгертуге тырысып көріңіз. Өз қарым-қатынасыңызды, әрекеттеріңізді.


1. Бәрін өзіңіз жасап, артынан ренжігенді қойыңыз. Жасадыңыз ба, ренжімеңіз. Ренжитін болсаңыз, жасамаңыз. Күйеуіңізбен сөйлесіп, үй шаруасындағы қандай істерді атқара алатынын, қайсысын өз мойнына алуға дайын екенін сұраңыз. Бір ғана істі өз мойнына алса, соның өзі алғашқы жеңіс. Тағы біраз уақыттан соң осы әңгімені қайталап, тағы бірнеше шаруаны күйеуідің міндетіне өткізуге болады. Келіссөзге келіңіз. «Мен мынаны жасайын, сол кезде сен ана шаруаны бітіріп қойшы» деп өтініш жасап көріңіз. Немесе ауырып, кешігіп жатқанда «Мына істі тындыруға көмектесші» деп жәрдем сұраңыз. Бастысы, осы істі күйеуіңіздің мінсіз атқаратынына сенетініңізді білдіріңіз. «Былай жаса, өйт-бүт» деп үйретпеңіз. Өз білгенінше жасасын. Соңыра сын айтып, мін тағып жүрмеңіз. Керісінше, мақтап, алғыс айтуды ұмытпаңыз. «Жасай алмаймын, шаршап тұрмын» дегендей сылтау айтса, сіз де сондай салмақты себеп тауып, жасаудан бас тартыңыз.


2.Егер бірінші қатені түзете алсаңыз, екінші кезекте оның мәселелерін шешіп беруді доғарыңыз. Отбасылық төлемдерді қайда қанша, қалай құятынын айтып, қаражатты табу, төлеу мәселесін өзіне қалдырыңыз. Бастапқыда қиын болатыны анық, алайда дұрыс берілген қолдау мен өзіңізге ұстамды болу арқылы біраз уақыттан соң көздеген мақсатқа жете аласыз. Басқа да күйеуіңіздің өзіне ғана қатысты шаруаларын да мүлдем мүмкіндігіңіз, уақыт, күшіңіз жоқ екенін алға тартып, өзінің шешуіне қалдырыңыз.


3.Махаббат пен қолдауды дұрыс жеткізу. Күйеуге махаббатыңызды, қолдауды білдіру керек, оны мақтау керек. Алайда, оның да өз жөні бар. Қолдау білдіру – ол көмектесу, оның орнына шаруасын бітіріп беру емес, ол сөзбен, сеніммен бойына қанат бітіру. Мақтауды да жайдан-жай емес, әрбір жетістігі, дұрыс атқарған ісі, мәселені шешуіне байланысты ғана айтыңыз.


4.Шекараны айқындау. Өз шекараңызды қорғаңыз, сондай-ақ, өзіңіз де күйеуіңіздің шекарасын бұзбаңыз. Оған ереже орнатпаңыз, сіз айтқан тәртіппен жүруге мәжбүрлемеңіз. Барлық нәрседе бірінші кезекте келісімін сұраңыз. «Мен бүгін кеш барамын. Тамақтарыңды өздерің істеп жей беріңдер. Өзің жаса, сенің де қолың бар ғой» немесе «Балаларға бүгін өзің қара. Сенің де балаларың ғой» демей, «Менің бүгін жұмысым көп. Үйге кеш жетейін деп тұрмын. Блаларға және өзіңе кешкі асты дайындай аласың ба? Маған үлкен көмегің болар еді. Шаршап барғанда сендер тойып отырсаңдар, қуанып қаламын. Мен тәттілер ала барамын, сосын бірге отырып шай ішеміз» дегендей сөздермен алдымен жағдайды түсіндіріп, сосын өтініш жасап келісімін сұраңыз, өтінішіңізді орындаса, қаншалықты жақсы, пайдалы болатынын да айта өтіңіз. Қоса кететін бір нәрсе – атқару керек шаруаны нақты сипаттап беріңіз. Мәселен, кешкі тамақ жасау керек болса күйеуіңіз дайындай алады-ау деген тағамның атауын, азық-түліктердің қайда тұрғанын нақты айтыңыз. Ас дайындау барысында қоңыра ушалып әрдеңені сұрай берсе, ашуланбай жауап беріңіз. Бастысы, күйеуіңізде сізге көмектесу шін өз бетінше ас дайындау,а деген ықыласы оянды, соған қуану керек. Осылай дұрыс үйрете алсаңыз, уақыт өте келе сіз кешігіп жатсаңыз айтқызбай-ақ өзі қамдана беретін болады.


5. «Саған ненің жақсы екенін өзің емес, мен білемін» демеңіз. Көп ананың да, әйелдің де қатесі осы. Балаңыз болсын, күйеуіңіз болсын, «Өйтпе, бүйтпе, бұл саған болмайды, мынауың қате болады» демей, өзіне қатысты нәрселердің шешімін өзіне қалдырыңыз. Қателессе, ештеңе етпейді, өзінің тзтуіне қалдырыңыз. Түзетпесе де, келесіде өзі ойланып, дұрыс жолын іздейтін болады.

Ересек адамның есеймей қалуы – мәңгілік диагноз емес. Оны қай уақытта болсын түзетуге, қай жаста да есеюге болады. Тек өзі соны қалау керек және жақындарының қолдауы қажет.

Бәрі бірден бола салмайды, аз уақытта нәтиже болмады деп ұрыс шығармаңыз, жағдайды одан әрі ушықтырып аласыз. Сабырмен күтіңіз, өзіңіз ұстамды болыңыз. Уақыт өте келе әрқайсысы өз жауапкершілігін толық түсінетін, көтеретін екі ересек адамның одағын құрып аласыздар.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: