Қандай ӘЙЕЛ күйеуіне ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАЙДЫ

0
9 908

Қоғамда әйелдің көзге шөп салуы ер адамдарға қарағанда өте қатты сыналады.


Қандай ӘЙЕЛ күйеуіне ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАЙДЫ

Некелі бола тұрып опасыздыққа бару - сатқындыққа баланады. Қазір қоғамда әйелдің көзге шөп салуы ер адамдарға қарағанда өте қатты сынға алынады. Мұның себебі дін мен менталитетке, ұлтқа, жерге байланысты болмаса керек. Әйелге толық еркіндік берілген елдердің өзінде, қыз-келіншектердің опасыздығы қатаң сынға ұшырайды. Ал ер-азаматтар сатқындық жасаса «еркек қой» деген бір ауыз сөзбен түйіндейтіні тағы бар.

Тіпті, еркек көлденең жүріске салынса да әйел кінәлі болатын көзқарастар да көп. Десек те әйел баласы мұндай қадамға барған болса, демек оның айтарлықтай маңызды себебі бар көрінеді. Психолог мамандардың анықтауынша әйелдердің опасыздық жасауына бірнеше жағдай себеп болады екен.


Орыс халқында «әйел жүрегімен, еркек тәнімен опасыздық жасайды» деген сөз бар. Яғни ер-азамат пен әйелдің арасындағы опасыздықтың айырмасы осыған саяды. Еркектер үшін тәннің жақындығы маңызды болса, қыз-келіншектер сезім байланысын қалайды.

Ер-азаматтар сыртта жүріс жасағанымен көбіне отбасын тастап кетпейді. Әйелдер де көп ретте опасыз жолдасын кешіре біледі. Ал әйелдің жасаған опасыздығының салдары қиын. Егер әйел заңды некеде бола тұрып жолдасының көзіне шөп салса, мұны күйеуі кешірмек түгілі себебін тыңдамайды да. Сондықтан мұндай әйелдер көп ретте нақты бір шешімге келіп барып, яғни ажырасуға іштей дайын болғанда ғана аяқ басады.


Әйел опасыздығының себептері

Әйелдер болмысы - бірнекелік. Сондықтан олардың опасыздық жасауы қарым-қатынастағы үлкен дағдарыстың белгісі саналады. Әйелдердің мұндай қадамға баруының брнеше себебі болуы мүмкін.


Эмоциялық вакуум

Әйел заты жолдасының өзіне үнемі көңіл бөлгенін қалайды. Егер ер азамат әйелінің көңіл-күйіне қарамаса, онда ол өзін жалғыз сезіне бастайды. Бұл сезімге шамалы болса да салқындық түсіреді. Мысалы кейбір азаматтар әйелдерін көпшілік алдында мазақ етіп немесе қолынан келмеген істерін тізіп «біздің әйел оны істей алмайды», «ой оның қолынан келмейді» деген сынды сөздермен қағытып отырады. Жолдасы дұрыс көңіл бөлмеген әйел өзгенің қамқорлығы мен жылы сөзіне тез байланады.


Жалғыздық

Ер-азамат тәулік бойы немесе ұзақ іссапарларға кетіп, жұмыс деп айлап үй бетін көрмей кетсе, әйел өзін жалғыз қалғандай сезінеді. Бұл жерде бала-шағаның орны бөлек. Егер үйде болған кезінде ер азамат жұбайына дұрыс көңіл бөле алмаса, онда оның өзін жалғыз сезінуі үдей түседі. Сондықтан өзіне жанына жақын адам табуды қалайды. Алайда некесін бұзбайды.


Зеріктірер бірқалыпты өмір

Көптеген жұптардың өмірі отбасын құрғаннан кейін бірқалыпты сарынға түседі. Сүйгеніне қол жеткізген жігіт бойдақ кездегідей жылы сөздерін жиі айтуды, құшағына алып еркелетуді, кішігірім болса да сыйлық беруді тоқтатады. Құсын қолына қондырған соң ешқайда кетпейді, тек менікі деген ой билей бастайды. Ал енді ғана қызықты өмірге қадам бастық па деген қыздар үшін мұндай өзгеріс қиынға соғады. Күнделікті күйбең тіршілікке аздап болса да өзгеріс енгізгісі келіп, арадағы қатынасты «тірілтуге» әрекет жасайды. Ал бұған жігіт жақтан қарсы жауап, қолдау болмаса, онда оны өзге жаннан көруге тырысады.


Төсек қатынасында қанағаттанбау

Төсек қатынасы – ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың негізгі бөлігінің бірі. Қанағаттану сезімі кезінде әйел ағзасында бақыт гармоны - окситоксин әдеттегіден бес есе көп бөлінеді екен. Бұл гормон әйелдің жолдасына деген ынтызарлығын арттырып, сенімін ұлғайта түседі. Сондықтан төсек қатынасына қанағаттанбау - әйелдің опасыздық жасауына себеп болуы мүмкін және бұл ең көп таралған себептердің бірі.


Жолдасына деген кек

Әйелдің опасыздық жасауының тағы бір себебі – күйеуіне кек қайтарғысы келуінде. Дәл мұндай жағдайда әйел өзінің көңілдесі бар екенін жасырғысы да келмейді. Өйткені жолдасына деген ашу-ызасы бар, сондықтан оның да қиналғанын көргісі келеді. Мұндай жағдайға көп ретте күйеуінің сырт жүрісі көп немесе ішімдікке салынған, жиі қол көтеріп, таяқ жеп жүретін әйелдер барады.


Табысты әйел

Жолдасына қарағанда мол табыс табатын әйел де опасыздық жасауға бір қадам жақын тұрады. Себебі мұндай әйелдер ер-азаматқа бағынбайды. Мамандардың зерттеуінше табысты әйелдердің ағзасында еркек гормондар – тестостерон жоғрылайды екен. Әрине бұл барлық табысқа жетіп, жолдасынан көбірек ақша табатын әйелдердің барлығы опасыздық жасайды деген сөз емес. Бірақ мұндай жағдайлар да кездесетінін теріске шығара алмаймыз.


Жасқа байланысты өзгеріс

40 жастан кейін көптеген әйелдердің екінші тынысы ашылғандай болады. Бұрын бала-шаға, үй-тұрмыс деп жүріп жастық шақта, жаңа отау құрған кездегі ұмыт болған жағдайларды қайта бастан кешіргісі келеді. Балалар өсіп, тұрмыс жағдайы дұрысталған соң өз-өзіне қарап, жолдасының көңіл бөлгенін қалайды. Егер ер-азаматы бұл қалауға дұрыс жауап бере білмесе, сырттан табуға тырысады.


Ерекше әйелдер

Әйелдер некеге берік болғанымен, олардың арасында да еркекті жиі алмастыратындарын кездестіруге болады. Психологияда "нимфомания" деген диагноз бар. Мұндай диагноздағы қыз-келіншектер тән рахаты үшін еркектерді жиі ауыстырып тұрады. Яғни некеде бола тұра жүрісін қоя алмай әр еркекпен бір жүретін әйелдер психологиялық тұрғыдан ауру болып саналады.


Қорыта айтқанда, әйелдің опасыздық жасауына көп ретте жолдасының әрекеті итермелейді екен. Сондықтан жағдайды оған дейін жеткізбей ерлі-зайыптылар бір-біріне мазалаған мәселесін үнемі ашық айтып отыруы керек. Ал опасыздықтың соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі.


Жинақтап, дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Қандай БАЛА ата-анасын ҚАРТАЙҒАНДА ТАСТАП КЕТУІ мүмкін


Балаға кейде бұзықтық жасауға рұқсат берген дұрыс