Осы күндері ата-анасымен керіскен, оларды тастап кеткен балалар жайлы өте жиі айтылады
Ата-ананың балаға деген махаббаты шексіз, сондықтан олардың көптеген қателігі кешіріледі. Алайда өсе келе балалар өздері үшін жасалған дүниелерді тез-ақ ұмыта бастайды. Сондықтан болар, ділімізге жат дүниелер орын алып, "баласы анасын ұрып тастапты", "дүниеге таласып ата-анасын далада қалдырыпты" деген секілді жағдайларды жиі еститін болғанбыз. Ал кейбіреулер қартая бастаған ата-анасының өздеріне тек көңіл бөлінгені мен құрметі ғана қажет ететінін түсінбейді.
Бар жақсыны перзентіне беруге тырысқан ата-ана үшін ұрпағының құрметсіздік танытуы - ең қиыны. Әрине, кейбір ата-аналар баланы мұндай жағдайға өздері жеткізеді. Мәселен, баладан бас тартады, ішкілікке салыну, отбасындағы зорлық-зомбылық, т.б жағдайлар.
Осындай отбасында өскен балалар тастап кетсе, ата-анасында реніш болмас. Ал егер толыққанды, жайлы отбасында өскен балалар ата-анасын қараусыз қалдырса ше? Қартайғанда осындай күйге түспес үшін не істеу керек? Баланы қалай тәрбиелеген дұрыс?
Психолог мамандар қартайған ата-анасын тастап кететін балаларды кейбір белгілері арқылы білуге болады деп есептейді. Ендеше ол қандай белгілер?
Ата-анасына тек қажетін тауып беретін жан ретінде қарайды
Көптеген ата-аналар балаларым қиналмасын, ештеңеге мұқтаж болмасын деп олардың бар айтқанын, аузынан шыққан сөзін орындауға тырысады. Айтқаны мүлтіксіз орындалатын, қажетті дүниелері оңай, қиындықсыз келген бала тек өзі үшін өмір сүретін өзімшілге айнала бастайды. Нәтижесінде ата-анасынан ақша түспей қалған (мысалы зейнетке шығып қалған соң) мезетте сүйікті ұл-қыздың да назары, ата-анаға деген махабаттары таусылады.
Міне, сондықтан баланы кішкентайынан тек ала беруге ғана емес, беруге де үйреткен дұрыс. Кішкентай кезінен қолындағы тіпті тәттісінің өзін үй ішіндегілермен бөлісіп жеуге үйренген бала келешекте қамқор, мейірімді болып өсері анық.
Кей балалар үй шаруасына көмектескісі келмейді
Бала отбасындағы әрбір жанның үйде белгілі бір өзі орындайтын міндеттері бар екенін түсінуі керек. Анасы үй шаруасымен айналысса, әке деген жұмысқа кетеді, ақша табады, ал балалар үйдегі ұсақ-түйек шаруаларды атқаруға көмектеседі. Мысалы өз бөлмелерін жинайды, ауладағы жұмыстарға көмектеседі. Қалыпты отбасында жағдай осылай орын алады.
Балаға жанашырлық танытып үй шаруасынан босатудың қажеті жоқ. Егер үйде «ол әлі кішкентай» немесе «бала деген үй жинап, ыдыс жумай, ойын ойнағаны дұрыс» деген пікір қалыптасса, онда ол үйдің балалары келешек ата-анасынан сырт айналуы мүмкін екен. Сондықтан баланы үй шаруасына 3 жасынан бастап міндеттеген жөн. Үш жасында ойыншықтарын арнайы ыдысқа салып, жинап үйренген бала, бір жылдан кейін гүлдерге су құйып, тамақ ішкен ыдысын жинап қоюға бейімделіп қалады.
Бала бейқам немесе ұшқалақ
Тек жауапкершілігі мол жан ғана өзгелердің жағдайын ойлай алады. Жоғарыда айтып өткендей егер бала ата-анаға көбірек тәуелді болса, онда оған келешекте бізге қарайды деген үміт артпаған дұрыс. Сол секілді тым бейғам немесе өз ойы жоқ ұшқалақ баланың да опа бермесі анық.
Сондықтан баланы жиі мақтап, артық кеткен жерінде тыйып отыру керек.
Бала өзін керексіз сезінеді
Кейде ата-аналар баланың бар қажеттілігін жасап, қарым-қатынас, еркелету, жылы сөздер айту туралы ұмытып кетеді немесе уақыты болмайды. Алайда мұндай жағдайда өскен бала мейрімсіз бола бастайды. Психолог мамандар бақытты өмір сүру үшін жақын жандарыңмен күніне ең кемі 8 мәрте құшақтасып тұру қажеттігін айтады. Ата-ана назарынан тыс қалған, өзін керексіз сезінген бала, келешекте ата-анасының берік қорғаны бола алмасы анық.
Осы күндері ата-анасымен керіскен, оларды тастап кеткен балалар жайлы өте жиі естіп біліп жатамыз. Алайда әрбір ата-ана бала тәрбиесіне тереңірек мән беріп, өз әрекетін түзеп жақсы үлгі бола білсе мұндай жағдайлар орын алмас еді. Мейірімді, қамқор ұрпақ өсіріп, қартайған шақта жайлы өмір сүру өз қолдарыңызда екенін ұмытпаған жөн.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Балаға кейде бұзықтық жасауға рұқсат берген дұрыс