Карантинде БАЛАНЫҢ іші пыспас үшін НЕ ІСТЕУ керек?

0
3 263

Мұндай жағдайда ата-ана жүйкесінің сабырлығы сынға түседі.


Карантинде БАЛАНЫҢ іші пыспас үшін НЕ ІСТЕУ керек?

Әлемді жаулаған індеттің Қазақстандықтарды да қинап жатқаны жасырын емес. Әсіресе сыртқа шығып еркін ойнай алмай, сабақтары қашықтықтан оқытылуға бағыт алған, кіші жастағы балалардың үйге сыймай жатқаны анық. Үй ішінің барлығы шашылған ойыншықтар, сурет салынған парақшалар - мұндай жағдайда ата-ана жүйкесінің сабырлығы сынға түседі.

Барлық білетін ойын түрлерін ойнап, шаршап, енді не істеріңізді білмей тығырыққа тірелсеңіз, баланың сана сезімі мен ой өрісін дамыта түсетін, назарын аударып, уақытын қызықты өткізетін бірнеше ойын түрлерін ұсынамыз.

Әріптерді қарақұмықтың көмегімен үйренеміз

Қазір азық-түліктің артық қоры ретінде қарақұмық кез-келген үйден табылатын болар. Сол қарақұмықтың 1 келісін баланың ойын дамытатын ойынға арнауға болады. Қарақұмықты биік емес, жайпақ қорапқа салып баланың алдына беріңіз. Қолына қалам немесе қарындаш ұстатып, алдына жазатын әріптің суретін көрсетіп қойыңыз. Сол әріптің немесе сандардың суретін қайталап, қарақұмыққа жазуы керек екенін айтыңыз. Қарақұмықтың сықыры баланың жүйкесіне жайлы әсер сыйлайды, яғни сырттағы құм секілді. Сондай-ақ тағы бір пайдасы ақ қағаз, өшіргіш, қалам сұрап әуре етпейді.

Жылдам уақытқа оқып немесе жинаудан жарыс ұйымдастыру

Бұл ойында айналаңыздағы көзіңіз түскен нәрсенің барлығын ойын қаруына айналдыруға болады. Бастысы ауызға салып жіберердей өте ұсақ немесе қозғалта алмайтындай өте ірі болмағаны дұрыс. Бірақ заттардың өте көп болғаны жақсы. Мақсат - заттарды 1 минут ішінде өте жылдам жинау. Мысалы: шұлықтарды қорапқа салу, сынбайтын пластикалық ыдыстардан мұнаралар тұрғызу, тағы да басқа осы секілді ойындар. Мұндай ойындар баланы санауға, жылдам әрекет етуге үйретеді. Ал оқи білетін балалар үшін минутқа оқып жарысқан дұрыс. Балалар үшін ересек адамдардың кітап оқығаны қызық.

Үйдегі арқанжол (канатная дорога)

Биік үстелдердің аяғына жіптерді бік етіп байлап беріңіз. Киім ілгішке кішкентай жұмсақ ойыншықты қыстырып, оны жіпке іліп беріңіз. Балаға мұның арқанжол екенін, жұмсақ ойыншықтың жолаушы, ал баланың өзі сол жердің басқарушысы екенін айтып түсіндіріңіз.

Үйдегі концерт немесе кино

Кішкентай кезде балалардың көпшілігі әнші, биші, дәрігер т.б болуды армандайды. Сондықтан олар үшін үй ішінен сахна секілді орын дайындап беріп, өздерінің жақсы көретін кейіпкерлерін бейнелеуін немесе ән, тақпақ айтып би билеп, оны камераға түсіріп алыңыз. Бұл баланың өзін еркін ұстап, еркін сөйлеуіне, жаңа ән, тақпақтарды жаттауға қызығуына ықпал етеді.

Үй шаруасына көмектесуге мүмкіндік беріңіз

3 жастан асқан балалар ата-аналарына үй шаруасына көмектесуге құмар болады екен және бұл балалар үшін өте тиімді. Олар дастархан жасасуға, шаңсорғышпен үй тазартуға, гүл қондыруға т,б ұсақ -түйек жұмыстарға көмектеседі.

Ештеңеге қарамастан көңіл-күйлеріңіз көтеріңкі, денсаулықтарыңыз мықты болсын!


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ