ҚАРТАЙҒАН ата-анамен ҚАЛАЙ СӨЙЛЕСУ керек?

0
685

Қарт ата-анаңызбен сөзге келіп қала бересіз бе?


ҚАРТАЙҒАН ата-анамен ҚАЛАЙ СӨЙЛЕСУ  керек?

Көбіне кіші буын мен үлкен буынның өмір салты, ойы мен сөзі бір жерден шықпай жатады. Бұл – заңды құбылыс. Заманның дамуына, өзгеруіне байланысты туындайтын өзгешелік. Алайда, дәл осы нәрсе отбасылық жағдайда біршама түсініспеушіліктерді тудырады. Нақтырақ айтсақ, ата-ана мен баланың арасындағы келіспеушіліктерге себеп болады.

Енді есейдім, ақыл-ойым толысты деген тұста ата-анаңызбен сөзге келіп қала беретін болдыңыз ба? Ендеше, сізге үлкендермен сөйлескенде ымыраға келуді үйрену керек.


Оларды көзқарасымен қабылдай біліңіз

Алдыңғы буын үшін маңызды боп саналған кей нәрселердің бүгін біз үшін маңызы аз. Мәселен, бұрын елдің сөзінен қатты қорқатын. Әр қадамын басу-баспауды «Ел-жұрт не дейді?» дейтін сүзгіден өткізіп барып шешетін. Ал қазіргі ұрпақ үшін ел-жұрттың ойы – ең соңғы орында. Бірінші кезекте – өз қалауы. Немесе, бұрындары біреудің үйіне кез келген уақытта ескертусіз кіріп баруда тұрған ештеңе жоқ еді. Ал қазір бір үйге бару үшін алдымен үй иесіне хабарласып рұқсат сұрау керек деген ереже өмірімізге еніп келеді.

Егер ата-анаңызбен араңыздағы түсініспеушілікке осындай нәрселер сбееп болса, ойының дұрыс еместігін дәлелдеп әлек болмаңыз. Жай ғана жағдайға олардың түсінігімен қарап көріңіз. Өз заманында дәл осындай тәрбие алып, ол қандарына сіңіп кеткенін, ендігі жерде сонымен кететінін қабылдаңыз. Өз қалауыңызша жасаңыз, бірақ бұл жайлы ата-анаңызбен дауласпаңыз. Мүмкін болғанынша талқыламай-ақ қойған абзал.


Сізге қарсы емес, сіздің жағыңызда

Ата-ана мен баланың арасындағы қақтығыстардың миллиондаған себептері болуы мүмкін. Олардың көбіне ортақ бір нәрсе – ата-ананың баласына өмір үйреткісі келген ниеті. Үлкендердің ескертпесі, ақылы сізге ұнамауы әбден мүмкін. Бірақ түпкі ниетінің жаман емес екенін ескеріңіз. Сондықтан шектен тыс көп және орынсыз айтылған ақыл болса да, агрессиямен қабылдамауға тиіссіз. Бұған «Олар маған қарсы емес, менің жағымда, маған жақсы болғанын қалайды, жақсы ниетпен айтып жатыр» деген сынды ойлар көмектеседі. Сондай-ақ, сізге ұнамаған сөздерінің орнын ұнамды әрекеттерімен, қамқорлығымен басыңыз. Мәселен, анаңыз бала күтімі, тәрбиесіне қатысты әрекеттеріңізді мүлде құптамай, көп ескертпе айтатын шығар. Бірақ соған қарамастан көмек керек болғанда немерелеріне қараудан ешқашан бас тартпайды. Ал әкеңіз ақша табуыңызға, қаражатыңызды қалай басқарып жатқаныңызға көңілі толмай, үнемі ұрсумен болса да, қаржылық көмек керек болғанда, барын алақаныңызға салатыны анық.


Дауды тоқтатудың барлық амалын жасаңыз

Кейде маңызды тақырыптар тұсында өз ойыңды ашық айтуға, пікіріңді қорғап шығуға, шешіміңнен айнымай, өзіңдікінен қайтпай тұруға тура келетін кездер болады. Мұндайда ата-ананың қарсылығын жойып, жақсы қарым-қатынасты сақтап қалу үшін айла-шарғыларға жүгіну айып емес. Бәлкім, олардан кей жайларды жасырып қаларсыз. Мүмкін, кішкене басқаша жеткізерсіз. Әңгімені, назарды басқа жаққа аударып жіберерсіз. Немесе, сый-сыяпат беріп алдаусыратарсыз. Қандай айла-шарғыға барсаңыз да, бұл ата-анаңызға зиянын келтірмесе және жақсы арақатынасты сақтап қалуға ықпалы болса болғаны.



Көбірек тыңдап, әңгіме-дүкен құрыңыз

Ата-анаңызды көбірек тыңдаңыз. Айтқысы келген бар ойына құлақ салыңыз. «Ооой, қойыңызшы, айта бермеңізші. Бір нәрсені қайталай бересіздер? Сіздердің заманыңыз өткен, қазір олай емес» дегендей сөздермен тыйып тастамаңыз. Әрине, бәрін құлаққа құйып алып, айтқанын екі етпеңіз демейміз. Қазірше ұйып тыңдаңыз, кейінірек өз ішіңізде сүзгіден өткізіп, керегін алып, керек емесін қалдыра жатарсыз. Сондай-ақ, қызықты әңгіме-дүкен құруға өзіңіз де атсалысыңыз. Бұл тұста айтарыңызды бірден електен өткізіп отырып, еш зиянсыз, ата-анаңызға ұнайтын тақырыптарда ғана сөз қозғап, ұнамай қалатындарын тістеп қалуға кеңес береміз.


Ойыңызды жұмсақ жеткізіңіз

Бұл кез келген қарым-қатынастың негізгі ережесі, соның ішінде ата-ана мен бала арасында да. Әңгіме барысында көңіліңіз толмайтын, реніш туғызатын тұстары болса, оны барынша басқа адамның жанына батпайтындай етіп жеткізуге тырысыңыз. Бұған көмектесетін бірнеше техника бар:

  • Позитивті ойдан бастаңыз. Егер сөзіңіздің басында бейбіт позицияны көрсетсеңіз, ары қарайғы ойыңызды өткізу оңайырақ болады. «Сіздің ойыңыз дұрыс, мен оны түсініп тұрмын. Дегенмен, менің ойымша былай...»
  • Егер қандай да бір ойыңызды жеткізу барысында позитивті эмоция қоссаңыз, сізді салмақты қабылдамау қаупі бар. Ал негативті эмоция қосылса, қарсы жақтан да сондай жауапты ұзақ күтпейсіз. Сондықтан, ең абзалы – еш эмоция қоспай сөйлеу. «Мен – хабарлама» үлгісін қолданыңыз. Мәселен, «Неге сіздер үнемі өстесіздер? Мені ренжіте бересіздер» деудің орнына «Мен бұл туралы кішкене басқаша ойлаймын. Мен осындай сөздерді естігенде, көңілім түсіп қалады», т.с.с.
  • Сізге жақпай қалған сөзі не ісі үшін ата-анаңыздың барлық жақсы қасиеттерін, жасаған жақсылық, еңбектерін түгелдей сызып тастамаңыз. Адамның тұлғасын толықтай сынамай, нақты қай сөзінің не ісінің ұнамағанын айтыңыз.


Ата-анаңыз да осы өмірді бірінші рет сүріп тұр

Адам жасы ұлғайған сайын ақылды, дана, көреген болу керек деп санаймыз. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ, бұл қасиеттің бәрі тәжірибемен келеді. Мүмкін, сіздің ата-анаңыз осындай тәжірибеден енді өтіп жатқан болар? Олардың да қателесуге құқығы бар. Өз көзқарасы, пікірі бар. Олар сізбен келісуге міндетті емес, сіз де олармен келіспеуіңізге әбден болады.

«Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөз – қазақтың қасиетті ұстанымдарының бірі. Осы ұстаным бүгінде ескі ұстара ұқсап, ұсталмай бара жатыр. Ата-анасына бауырын бұрмайтын, оларды ескіліктің сарқыншағы көріп, өзін жаңа заманның жақұты санайтын перзенттер қатарынан болмаңыз. Қандай жетістікке жетсеңіз де, «Өзім болдым, өзім толдым» деп айта көрмеңіз. Бүгінгі жеткеніңіздің бәрінің түп-тамыры ата-анаңыздың бергенінен бастау алғанын ұмытпаңыз. Сол себепті оларға «Сенікі – бұрыс, менікі – дұрыс» дей көрмеңіз. Қарттарыңызды қадірлеп, көңілін аулау – өте оңай, сөйте тұра үлкен құрметке лайық іс.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ерлі-зайыптыны АЖЫРАСУҒА апаратын басты ҮШ ҚАТЕЛІК