​Күйеу ҚОЛ КӨТЕРЕ МЕ – мәселені өршімей тұрып өшіру керек

0
6 223

Әйелдердің көбі әлімжеттіктен сауатты қорғана білмейді.


​Күйеу ҚОЛ КӨТЕРЕ МЕ – мәселені өршімей тұрып өшіру керек

Қазақ арасында заң да, заман да өзгерте алмаған мәселелердің бірі – әйелге қол көтеру. Өкінішке орай, мұны аса бір күрделі мәселе санамай, керісінше, әйел жұмасына бір рет таяқ жеп тұруы керек деп түсінетіндер де баршылық. Ең сорақысы, осылай ойлаушылардың арасында әйелдердің де болуы.


Әлбетте, егер барлық әйел адамы бұл нәрсеге көнбесе, қарсылық танытып, тиісті шара қолданса, әлдеқашан түбегейлі жойылған болар еді. «Ұрса, өз әйелі (өз қызы, өз қарындасы)», «Көнбегенде қайда барам, басқа амалым жоқ», «Балаларым үшін шыдаймын», «Күйеуіме арыздансам, ел не дейді?», «Ешкім білмей-ақ қойсын» – міне, осындай ойлар аталған мәселенің әр жаңа күнге, жаңа жылға ілесіп әлі келе жатқанына себеп.

«Балам үшін» деп шыдағанмен, шын мәнінде аналар мұндай жолмен баласына еш жақсылық жасамайды. Керісінше, зиянын тигізеді. Мұндай көріністі көріп өскен бала кішкентайынан көптеген психологиялыққы соққылар алып өседі. Оның бойында өзіне де, болашақ өміріне де кесірін тигізетін қаншама кері әсерлер, негатив жинақталады. Сондықтан, балалар үшін шыдау – ана үшін дұрыс шешім емес емес. Дұрысы – балалардың қамы үшін оларды әйелін ұратын әкелерімен алыстан сыйластыру болар еді.

Енді біреулер бар «соңғы рет кешірші, енді түзелемін» деген уәдеге қайта-қайта сеніп жүріп, сан жылды артқа тастағанын байқамай қалады.

Хош, бұл жағдайдағы әйелдердің психологиясы белгілі. Олар «елден ұят болмасын, балаларым әкесіз өспесін, төркініме қалай сыямын, жалғыз өзім балаларды қалай асыраймын» деген секілді ойлармен көнуге мәжбүр. Ал ерекектердің не себептен қит етсе қол жұмсауға құштар болатынын түсіну қиын.


Мамандар еркекті өзінен әлсіз әйелге қол көтеруге итермелейтін бірнеше себепті атап көрсетеді:

  • Бала кезінде ол да бірнеше рет үй ішіндегі ұрыс-керістің, ата-анасының «төбелесінің» куәсі болған. Соның нәтижесінде оның ойында осындай отбасы моделі қалыптасқан. Әйелге қол көтеру қалыпты жағдай деп санайды
  • Өз басында психологиялық немесе психикалық мәселесі бар. Ашуын әйелден алуға бейім тұрады. Бұған қандай да бір дерт немесе өзін-өзі бағалауының төмендігі, өзіне сенімсіздік себеп болуы мүмкін.
  • Күні бойғы бойына жиналған агрессияны үйге келген соң әйеліне «төгу». Ол бастығына сөз қайтара алмайды, ереже бұзғаны үшін ұстап алған тәртіп сақшыларына қарсылық таныта алмайды, басқа да түрлі жағдайда есесі кетуі мүмкін. Сол жағымсыз жайға қатысты туған агрессиясын дер кезінде шығара алмағандықтан, ішіне жинайды. Ал үйінде ол өзі бастық. Үйдегі тәртіпті орнатуға да, оны бұзуға да құқылы. Ондағы адамдардың бәріне әлі келеді. Сондықтан, сырттан жиналған агрессияны отбасы мүшелеріне, оның ішінде әйеліне көбірек шашады.
  • Ішімдіктің буымен ашуға бой алдырып, соңы жұдырық жұмсауға ұласады. Осы жағдайда оның «қарсыласы» көбінесе не досы, не әйелі болады.
  • Кейде әйелдің өзі қол жұмсайтындай жағдайға жеткізеді. Өмірде мұндай жайттың да жоқ емес екенін мойындауға тиіспіз. Әйелдің өзі кінәлі болып, еркектің ашуын шегіне жеткізетіндер, тілінен табатындар санаулы болса да, бар.


«Бір рет ұрса, екінші, үшінші, ... рет те ұрады»

Күйеуі бірінші рет ұрған кезде кез келген әйел оны анасына, енесіне, құрбысына, не басқа бір жанашырына айтып, кеңес не көмек сұрайды. Оның болған жайды баяндайтын адамы көбіне әйел кісі. Сондай-ақ, ол әйелдің айтар кеңесі де көп жағдайда біреу: «Бір рет ұрған еркек екінші рет те ұрады. Бір ұрып дәнікті екен, енді қоймайды. Осы бастан алдын ал».

Расында солай ма? Бір рет ұрды екен деп ол отбасының алдағы бірнеше онжылдығына болжам жасап, енді тоқтамайды деп үмітті үзіп, осы бастан алдын алу керек деп тамырына балта шабу керек пе?

Психологтар бір рет қол көтеруге жол берген еркектің ендігі уәдесіне қалтқысыз сенудің қажеті жоқ дейді. Әйелге қол жұмсау арқылы азамат рұқсат етілген шектен асты, жеке шекараны аттап өтті. Психикалық жай-күйі тұрақты, «Әлсізге әлімжеттік жасауға болмайды» деген қағиданы ұстанған еркек ешқашан олай жасамайды. Жасады екен, бұл оның тәрбиесінде не түсінігінде бар нәрсе болғаны. Қайталану мүмкіндігі де жоғарырақ.


«Кешіруге бола ма?»


Күйеуінің бір рет ұрғанына көніп, оны кешірген әйел осы әрекетті әрі қарай да қайталауына өзі жол ашып береді. Енді еркек біледі:

- оны ұрса, тиісті дәрежеде жауап қайтара алмайтынын;

- ешқайда кете алмайтынын;

- қайта кешіретінін.

Сондықтан, оның енді қайталанбайды деген уәдесіне сенбеңіз. Алайда, сол жерден ат құйрығын кесісіп те кетпеңіз. Тек тағы қайталанған кезде қолдануға болатын шараларды қамдаңыз, қарсы тұруға, төтеп беруге қауқарлы болуға өзіңізді тәрбиелей жүріңіз. Бұл жайынан еріңіздің де хабары болсын. «Бір реттік қателікті бәрі де жасайды, бірақ, одан сабақ алып, түзелмесе, екінші рет мүмкіндік берілмейді» осы нәрсені жақсылап түсіндіру керек. Және келесіде шындап кіріссеңіз, заңдық тұрғыда да, адамдық тұрғыда да өз-өзіңізді қорғай алатыныңызды, тіпті болмаса, араңызды алшақтата алатыныңызды көрсетіңіз.


Не істеу керек?

Әйелдің өзін сауатты түрде қорғай алуы маңызды. Кейбірінің бұған шамасы мен ақылы жетіп тұрса да, қабілетін қолданбайды. Заңдық органға арызданайын десе, елден ұялады, оқтауын болса да алып қорғанайын десе, жеңілген жағдайдағы күйеудің намысын ойлайды дегендей. Ең үлкен қателіктердің бірі – осы. Көптеген келеңсіздіктерге жол бермеудің жолы – қорғану. Қалай қорғану керек? Қол көтермек ниетін байқағаннан бастап:

- жақын маңдағы адамдарды көмекке шақыру (көшеде болса, бейтаныс адамдардан, үйде болса, көршілер не ата-ене, басқа да үйдегі туыстардан жәрдем сұрауға ұялмаңыз)

- күйеуіңізді есігінде құлпы бар бөлмеге амалдап кіргізіп, сыртынан жауып қойыңыз

- ол бөлме ішінде де тыныштала алмай жатса, полиция шақырыңыз.

Ал, болары болып, күйеуіңіздің соққысына ұшырасаңыз, жағдай тынышталғаннан соң ойланыңыз. Бірінші кезекте, келесіде осындай қорлық пен ұрып-соғуға төзбеу үшін не істей аласыз, соны ойлаңыз.

«Маңдайыма жазғаны осы шығар, тағдырыма мойынсұнамын» деп салыңызды суға кетірмеңіз. Бұл жағдайға кінәлі ешқандай да тағдыр емес. Құдай да емес. Кінәлі адамдардың өздері – не күйеу, не өзіңіз. Кейде екеуі де.

Өзіңізден қол көтеруге тұрарлықтай еш айып таппасаңыз, кінәлі тек күйеуім деп ойласаңыз, тағы да саралаңыз – ол неге мұндай әліздікке жол берді? Негізгі себеп қандай?

«Онымен ары қарай да өмір сүруге дайынмын ба?» – бұл да толғандыруға тиіс сұрақтардың бірі. Ажырасу, жазалау сынды амалдардың «қақпағын жылы жауып» қоя салмаңыз. Жағдайға шынайы, ересек адамның көзқарасымен қараңыз. Еріңіздің жақсы және жаман қасиеттерін тізбектеңіз. Қайсысы көбірек, қайсысы басым? Қай қасиеті үшін бар қателігін кешіруге болады? Қай кемшілігі кешірімге лайық емес? Күйеуіңізді өзгертуге ықпал ете аласыз ба? Ол өзі өзгеруге құлықты ма? Қауқары жете ме?

Егер жауаптың бәрі «жоқ» болып, ішкі ой-санаңыз күдеріңізді үзуге кеңес берсе, өзіңізді құрбандыққа шалудың қажеті жоқ. Уақытша болса да, бөлек тұруға талпыныңыз. Өйтпеген жағдайда бұл өзіңізге деген құрметсіздік болар еді. Ал өзін құрметтемейтін, өзін жақсы көрмейтін әйелді еркек те сыйламайды.

Иә, сұрақ көп. Өйткені, мәселе күрделі. Әйтсе де, бас қатыруға құлықсыздық танытып, жылы жауып қоя салатындай емес. Бір шешімін таппаса, өрши түседі. Өршітпей, өшіруге күш салыңыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Үйде ұрыс-керіс көбейіп кетті ме? Былай жасап көріңіз...