Әр адам өз таңдауын жасауға құқылы. Тіпті оның отбасы болса да.
Өмірдің өзі ақ пен қарадан, қуаныш пен қайғыдан тұрады. Отбасылық өмір – оның бір бөлшегі ғана. Сондықтан әр отбасында тату-тәтті күндермен қатар, ұрыс-керіспен, ренішпен өткен күндер де болып тұратыны заңдылық.
Мұндайда «Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп ақталамыз-ау. Алайда, ыдыс-аяқтың сылдырлай берсе, ұзамай сына да бастауы әбден мүмкін. Сондықтан, үйде келіспеушіліктер көп орын алып кетсе, ұрыс-керіске жиі жол берілсе, мына 5 әрекетті жасауға асығыңыз. Олардың көмегімен жағдайды тез-ақ түзетуге болады.
АШЫҚ СӨЙЛЕСУ
Ерлі-зайыптылар үшін қандай жағдайда болмасын ашық диалог құра білу өте маңызды. Көбіне отбасында былай болып жатады: ері сезімдерін, эмоциясын ашық білдіре алмағандықтан не білдіргісі келмей үнсіз қалады, әйелі болса «неге ренжігенімді өзі біліп алсын, ақымақ емес қой, өзі түсінсін» деп «ішімдегіні тап» режимін қосады. Осыдан келіп ерлі-зайыптылардың үнсіз шайқасы басталады. Бірақ, мұндай үнсіздікте ешқайсысы жеңіске жетпейді, оң нәтиже де болмайды. Керісінше, «Бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде қалып», ол жарақаттар одан әрі асқына түседі. Яғни, жағдай одан әрі ушыға береді.
Қарама-қарсы отырып, бір-бірін тыңдауға, түсінуге, түсіндіруге дайын болып, ашық диалог құру керек. Кімге не ұнамағанын, не үшін ренжігенін, қалай болғанын қалайтынын жай сөзбен, қарапайым тілмен жеткізе білсе, түсінісу әлдеқайда оңай болар еді.
ТАҢДАУЫН ҚАБЫЛДАУ
Әр адам өз таңдауын жасауға құқылы. Тіпті оның отбасы болса да. Үйлі-жайлы болғаннан кейін ерлі-зайыптылар бір-бірі үшін өз қызығушылығын, таңдауын құрбан етуге міндетті емес. Ешкім ешкімге міндет артпағанда, бір-бірі үшін игіліктерді өз қалауымен жасағанда ғана бақыт орнайды. Айталық, әйел күйеуінің романтикалық кеш ұйымдастырып, өзін бір жерге шақырғанын қалайды делік. Бұл қалауын ешқандай ым-ишаратсыз, ренішсіз, тікелей сөздермен жеткізуіне әбден болады. Ары қарай әйелінің қалауын жүзеге асыру-асырмау ерінің өз еркінде. Романтикалық кешке зауқы соқпаса, бұл – оның таңдауы. Әйелі еш ренжімей, қабылдауға тиісті. Ары қарай романтикалық кеш ұйымдастырып тұрмайтын күйеумен бірге өмір сүру не осы үшін арасын үзу – бұл әйелдің таңдауы болмақ. Осы сияқты жағдайларда бір-бірінің таңдауына құрметпен қарап, оны қабылдау көп ұрыс-керістің алдын алады.
ӨТКЕНГЕ ҚАЙТА ОРАЛУ
Бір кезде сүйіп қосылған жан жарыңыз бүгін неге ұнамайды? Күйдіріп-жандырған, жүректі жылытқан, маздаған махаббат қайда қалды? Барлық кемшілігіне көз жұмып қарап, қателіктерін кешіре білген сүйікті жандардың арасында қазір неге реніш, өкпе, ұрыс көп? Өйткені, махаббат шоғы тұрмыстық түйткілдер күлінің астына көміліп қалған. Бұрынғыдай маздамайды, жанды жылытпайды.
Күл астына көмілген шоқты аршып, қайта жандандыру керек. Ол үшін өткенді қазбалаңыздар, тәтті естеліктер әлеміне сапар шегіңіздер. Бір-біріңізді не үшін, қалай жақсы көргендеріңізді еске түсіріңіздер. Жас кезде айтатын жылы сөздерді, еркелетулерді қайта қолданысқа енгізіңіздер. Қайтадан ғашық болуға тырысыңыздар. Осы әрекет екі жақтан да болғанда, ұрыс-керіс, реніш өздігінен ысырылып, сыйластыққа, татулыққа, жарастыққа орын береді.
ОҢАША УАҚЫТТЫ САПАЛЫ ӨТКІЗУ
Күнкөріс қамы, тіршілік, тұрмыс, жұмыс, балалар – осының бәрі ерлі-зайыптыларға оңаша уақыт өткізуге мүмкіндік бере бермейді. Ал мүмкіндік табылған кннің өзінде, ол уақытты сапалы өткізу – екінші бір мәселе. Көбіне ерлі-зайыптылар жеке уақытында да балалардың қамын, тұрмыстық жайттарды сөз етумен немесе әрқайсы өз ұялы телефонына үңілумен болады. Бұл жеке уақыт өткізуге жатпайды. Жеке уақытта тек екеуіне, екеуара сезімдеріне, арманға, жан қалауларына қатысты нәрселерді сөз ету керек. «Екеудің құпиясына» жататын тақырыптар, сұрақтар, өзгеріс, жаңашылдық енгізу мәселелері де осы уақытта талқылануға тиіс.
КҮЛКІНІҢ ҮЛЕСІН КӨБЕЙТУ
Жеңіл әзіл-қалжыңмен күлкің тудыру ерлі-зайыптылардың арасындағы тұтанғалы тұрған ашу, ұрыс-керіс отын сөндіруге қабілетті. Кез келген қиын жайдың өзін қалжыңмен қабылдаңыз, айтар ойыңызға әзіл араластырыңыз. Әзіл сөз ойдағы зілді жойып, жылы-жұмсақ етіп жеткізеді. Бұдан бөлек, жұбайыңызбен бірге комедиялық фильм, күлкілі бейнероликтер тамашалауды әдетке айналдырған артық болмайды.
Міне осындай әрекеттер ерлі-зайыптылардың арасында болуы мүмкін ұрыс-керістің ауылын алыстатып, жүректерін жақындастыра түседі.
ДАЙЫНДАҒАН: А. МЕЙІРХАНҚЫЗЫ
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
БАЛАҢЫЗДЫҢ ЖАМАН ОРТАМЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР МА: қалай білуге болады?