КҮЙЗЕЛІСке түспеу үшін ҚУАТыңызды сарқитын МЫНА әдеттерден аулақ болыңыз

0
5 110

Мамандар адамның энергиясын тартып алатын әдеттердің бар екендігін айтады. Олар ҚАНДАЙ әдеттер?


КҮЙЗЕЛІСке түспеу үшін ҚУАТыңызды сарқитын МЫНА әдеттерден аулақ болыңыз

Күз - жылдың қоңырқай тартып, көңіл-күйге сарытап сағыныш сезімін ұялататын мезгіл. Бірақ, өзіне тән сұлулығы да болады. Егер сол сұлулықты байқап, көңіл-күйіңізді көтере алсаңыз, жағымды әсер ала алсаңыз, әлбетте, күйзелістен, жабырқаудан аман қаласыз.

Соған қарамастан, жылдың дәл осы мезгілінде депрессияға түсіп, тіпті, өмірден түңіліп, терең күйзелістен шыға алмай өз-өзіне қол салып жататын адамдар да басқа мезгілге қарағанда жиі кездесіп жатады.


Депрессия дегеніміз не? Адамдар неліктен күйзеліске түсіп қалады? Себебін анықтап алайық.

Депрессияға жеткізуші себептердің бірі - энергияның жеткіліксіздігі. Энергия неліктен жетпей қалады? Ол қайда кетті?

Мамандар адамның энергиясын тартып алатын әдеттердің бар екендігін айтады. Олар ҚАНДАЙ әдеттер?


НӘТИЖЕсі жоқ БОС ӘУРЕшілік

Бірнеше жоспарды бірден іске асырамын деп талпыну сіздің күш-қуатыңызды босқа шығындайтынын біліп жүріңіз. Мұның барлығын соңына дейін жеткізіп, нәтиже көре алсаңыз, құба-құп. Бірақ, сіз жарты жолдан болдырып, шаршасаңыз, бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізуге ықыласыңыз сөніп қалады да, қолыңызды бір сілтейсіз.

Бір ісіңізді жарты жолдан тастай салып, басқа бір істі қайтадан бастайсыз. Әрине, мұның барлығы энергияны артық жұмсауға, өнімі жоқ іске текке ұрынуға себеп болады.

Адам мұндай жағдайда күш-қуатын сарқып, физикалық түрде ғана әлсіздігін сезінбейді, сонымен қатар, жүйке жүйесі де тыныштығынан айырылып, шаршауды сезесіз.


ТОҚТАҢЫЗ!

Мұндай орынсыз шабылумен ұзаққа бармайсыз. Бір сәт үзіліс жасаңыз, өзіңізге демалуға мүмкіндік беріңіз! Демала отырып, ойыңызды да жинақтап алуға мүмкіндік туады. Сонда ғана әбден ширыққан, қорытылған ойыңызбен қолға алған ісіңізді ары қарай жалғастырып алып кетсеңіз, өзіңіз де шаршамайсыз, керісінше, бір жұмысты тындырғаныңызға масайрап, ләззат аласыз.

Өзіңізге қатысы жоқ іске тұмсығыңызды тықпаңыз!


«МЕН» деген жасанды кейіпке ену

Сіз КІМсіз? Маңайыңыздағы адамдарға рухы мықты, белгілі бір жетістіктерге жеткен, өзгелерден ерекшеленіп тұратын айрықша ситліңізді де қалыптастырып үлгерген «ТҰЛҒА» болып көрінгіңіз келетін шығар?!

Алайда, адам өзінің болмысын қолдан жасап, сырт көз үшін ғана жасанды мінез танытса, бұдан да бір күні болмаса, бір күні шаршайды. Шынайы болмысыңызды қабылдамаған адамдарға «басқаша қырыңызды» көрсетемін, «мен оларға ұнауым керек» деп әуреленудің қажеті бола қоймас. Мұның барлығы өзгені емес, ең алдымен өзіңіздің энергияңызды сорып алады. Мұндай адамдар өзгелерді ғана емес, өзін де алдап жүргенін ойлағанда біртіндеп күйзеліске түсе бастайды. Яғни, «жалғаннан» шаршайды.

Бір өтіріктің үстіне бір өтірігін жамап, өзгелерге ұнаудың осы тәсілін ұстанған адамдар өтірік айтуды әдетке айналдырып алады.

Сондықтан, тоқтатыңыз! Бетперде киюдің, роль ойнаудың барлығы сіздің энергияңызды босқа шығындайды.


СЕНІМсіздік

Негативті ойлардан құралған «брондалған киімді» үнемі үстіңізден тастамай киіп жүргеннің қандай пайдасы бар, айтыңызшы? Жаман ойлардың шырмауында қалып, басқалардан да жамандық күту, ол маған бірдеңе десе, мен де одан қалыспауым керек деп салғыласу ең жаман әдет.

Қорқу қорқыныш сезімін шақырады және күн өткен сайын санаңызға орныға беріп, күшейе береді. Ал, айналаңдағы адаммен өштесу, жек көру ішкі ресурсты кемітеді. Тән қорғаныс тәсілін іске қосқанымен, адам психологиялық тұрғыдан қатты шаршайды. Сондықтан, мұндай жаман әдет ешкімге пайда бермейді, СЕНІМ білдіруді үйреніңіз!


ЖАЛҒЫЗдықта жиі қалу

Адамдар бір-бірімен қарым-қатынас орнатудан, әңгімелесуден, табиғат көріністерінен, жақсы мәміледен энергия алады. Яғни, қоршаған ортамен байланыста болудан өзіне күш-қуатын арттырады. Біз адамдармен қаншалықты жақсы мәміле орнатсақ, өзімізге оң әсерін тигізеді. Қарсыңыздағы адамнан да сондай жауап күтесіз, сонымен қатар, басқа адамдар арқылы да сіздің тарапыңызға дәл осындай мәміле орнатуға тырысқанын байқайсыз.

Адам ауыр мұңнан және іштарлықтан өзін «құтының ішіне» салып қойса, онда ол достарынан, туыстарынан, жақындарынан алыстайды да энергиясы азая береді.

Әрине, энергиясы азайған адам өзін жайсыз сезінеді, әлсірейді, соңында ауру табады. Сондықтан, сіз де топтың бір мүшесі болыңыз!


АЯҚТАЛМАҒАН жұмыс

Аяқсыз қалған іс міндетті түрде миыңыздың бір бұрышында тұрады. Сол аяқсыз қалған ісіңіз жайлы міндетті түрде ойлайсыз. Мысалы, оған міндетті түрде жұмысты ғана айтпаймыз, берілмей қалған қарыз, орындалмаған уәде, тіпті, нүктесі қойылмаған ұрыс-керіс болуы да мүмкін.

Мұндайда, уақыт емдемейді, керісінше, мәселені күшейтеді. Сондықтан, арасын үзіп-үзіп болса да, қарызыңыздан құтылып, уәдеңізді орындап, ұрысқан адамыңызды кешіріп тынышталыңыз!


ЗОРЫҒУ

Әрине, адам баласының қиялы ұшқыр, арманы асқақ. Дегенмен, арманға ұмтылу, мақсатқа жету жақсы қасиет болғанымен, айналаңа көз салып қарамай, басыңмен кіріп кетіп «жетемін» деген мақсатқа тез жетуге қол ұрсаңыз, басқа өмірдің қызығынан құр қаласыз немесе ойқы-шойқы, бұралаңы көп қиын жолмен жүріп өткендіктен, қиындықтар еңсеңізді көтертпей, күйзеліске түсіп кетуіңіз де әбден мүмкін.

Осылайша адам күйзеліспен өмір сүруге көндігеді. Өйткені, тек қана мақсатыма жетсем болғаны деген ой тұрғанда, денсаулығына көңіл бөлу де жайына қалады. Адам кезең-кезеңімен аздаған үзіліс жасап, тынығып, күш жинап алған соң ғана ары қарай жалғастырмаса, мұның соңы денсаулықтан айырылуға дейін апарып соғады. Ал, денсаулығы болмаған адам ештеңені іске асыра алмайды.


АСАП-АСАП жеу

Майлы, қуырылған, калориясы көп тамақтарды ұдайы тұтыну да артық энергия жұмсауға алып келеді. Өйткені, тамақты қорыту үшін де біраз энергия қажет.

Дұрыс тамақтану өмірлік салтыңызға айналсын!


Әлеуметтік желілер

Сериал, ғаламтор ойындары, бейтаныс, қажетсіз адамдармен виртуалды өмірде танысып, сөйлесу алтын уақытыңызды ұрлағанымен қоймай, энергияңызды да ұрлайды.

Реалды өмірде өзіңізге не қажет? Ғаламторды тек осы мақсатта ғана пайдаланып, қалған уақыттарыңызда бейберекет ғаламтордан шектеңіз.

Өзгелердің инстадағы «әдемі» өміріне елтіп, өзіңізді кем санау, қайғыру да күш-қуатты жояды.


Өмірге «ӨКПЕСІ БАР» адамдардан аулақ жүріңіз!

«Өмірге өкпелі адам» деген кім? Ондай адамдар сіздің көңілжықпас, ақкөңіл мінезіңізді пайдалануы мүмкін. Жүйкеңізді тоздырады, бауырмалдылық сезімдеріңізге кері әсер етеді, өзіне көңіл аударуыңызды ашық түрде талап ете алатын адам. Қайғы-мұңы мен әлдекімге деген өкпе-ренішін сізбен бөлісіп, сырласып отырмын деп ойлауы мүмкін. Бірақ, мұндай адамдар сізге де «уын» төгеді.

Қысқасы, ЖАЛҚАУ, КӨП КЕЙІГІШ, ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ «ВАМПИР» адамдардан мейлінше аулақ жүріңіз!


Сананы «ҚОҚЫСқа» толтыру

Миыңызда қаншалықты көп мәліметті сақтасаңыз, оны қорыту үшін соншалықты көп энергия жұмсайсыз.

Мысалы, сатып алынатын керекті заттардың тізімі, біреулердің телефон номері, кездесу уақыты т.б. Бұлардың барлығын миыңызда сақтамаңыз, арнайы блокнот немесе дәптеріңізге жазып-сызып жүріңіз. Қазір дәптердің орнын смартфон алмастырған, телефоныңызға сақтап ала қойыңыз. Қажет болған жағдайда жаныңызда жүретін «жады дәптеріңізді» аша салу қиын емес.


ҰЙҚЫның жеткіліксіздігі

Уақытылы ұйықтамаудың да әртүрлі себептері бар ғой. Мысалы, әлеуметтік желіде отыру, біреулермен болар-болмасты әңгіме етіп, түн жарымына дейін отыру, асықпай бітіруге болатын істерде түнделетіп бітіруге асығу. Организм уақытылы демалу керек, өйткені, жаңа күнге дейін энергия топтауы тиіс. Ағза дұрыс демалмаса, күні бойы дел-сал, ұйқылы-ояу жүріп, жапырып жұмыс істей алмайсыз.

Ұйқының дұрыс болуы денсаулықтың кепілі, терінің жастық қалпын ұзақ сақтауының себепшісі екендігін естен шығармаңыз!

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Отбасындағы НЕШІНШІ перзент екендігіңізге қарап, МІНЕЗіңізді біле аласыз


Өзіне СЕНІМСІЗ адам ӨСЕК айтуға бейім тұрады