МЕКТЕПТЕГІ БУЛЛИНГ: балаңыздың бұған қатысы жоқ па?

0
4 424


МЕКТЕПТЕГІ БУЛЛИНГ: балаңыздың бұған қатысы жоқ па?

«Буллинг» сөзі – мазалау, қудалау, қорлау дегенді білдіреді. Өкінішке орай, бұл мәселе біздің мектептерімізде бұрыннан болып келеді, бүгін де бар. Статистикаға сенсек, Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы әр бесінші оқушы қатарластарынан қысым (буллинг) көреді екен. Бұл мәселе тек осы жастағы балаларға қатысты деген сөз емес. Буллинг балабақшада да, бастауыш сыныпта да, жоғары сынып, тіпті жоғары оқу орындарында да бар. Жаңалықтардан қатарластарынан қысым көрген, сыныптастарының сынына ұшыраған, жолдастарынан жәбір көрген, өз-өзіне қол жұмсамақ болған және жұмсаған оқушылардың жантүршігерлік оқиғаларын жиі еститініміз осының дәлелі.

Әрине, балалардың арасында конфликт болмай тұрмайды. Сондықтан, кез келген жағдайда «бұл – буллинг» деп атой салмай, ара жігін ажырата білген дұрыс.


Буллинг:

  • арнайы ұйымдастырылып белгілі бір мақсатпен жасалады;
  • жиі немесе күнделікті қайталанады;
  • екі тараптың күші тең болмайды;
  • агрессия үнемі бір тараптан болады, құрбан да ауыспайды;
  • бір жақ қатты қысым көреді, екінші жақ үнемі жеңіске жетіп отырады.


Буллингтің түрлері:

  • Физикалық буллинг – күш көрсетіп, әлімжеттік жасау: итеріп жіберу, құлату, тебу, ұру, қолын қайыру, денесін зақымдау. Көбіне балалар мұны ата-анасына айтпайды. Тек жырық, соққы белгісі арқылы білесіз.
  • Әлеуметтік буллинг – бұл құрбанды ортадан бөлектеу, ортақ шаралардан шектеу. Мысалы, барлығын шақырып, бір баланы әдейі туған күнге шақырмау, жарыстарға қатыстырмау, командаға алмау, ешкімнің онымен дос болмай, шетке ысыруы. Белгілері: бала көбіне жалғыз жүреді, достары жоқ, сыныптастары туралы ештеңе айтпайды, үнемі көңілсіз.
  • Вербальді буллинг – сөзбен намысына тию, мазақ ету, келемеждеу, ар-ұятын таптау, қорқыту, т.с.с. Вербальді буллингке тап болған баланың ең әуелі тәбеті нашарлайды. Өзімен-өзі болып қалады. Өзін ренжіткен сөзді айтып, «Мен сондаймын ба?» деп сұрауы мүмкін.
  • Кибербуллинг – әлеуметтік желі, байланыс құралдары арқылы зиян келтіру. Біреуге жария түрде жала жабу немесе жеке хаттармен қорқыту. Мұның белгілері: бала алаңдап телефонына жабыса береді, көңіл-күйі төмендеп кетеді, ұйқысы нашарлайды.


Барлық буллинг түріне ортақ белгілер

Баласының буллинг құрбаны болып жүргенін аңғару үшін ата-ана оның мәнез-құлқын, іс-әрекетін үнемі бақылап, әрбір өзгеріске мән беруге тиіс. Негізгі белгілер:

  • баланың денесінде көгерген, қызарған, жарақат іздерінің болуы;
  • киімдерінің жыртылып, заттарының жоғалуы, бүлінуі;
  • баланың мектепке барғысы келмеуі;
  • сыныптастарымен достығының байқалмауы (маңызды кездерде жанынан достары табылмауы, мысалы, туған күніне ешкімнің келмеуі, ешқайда шақырмауы, сабаққа жалғыз барып, жалғыз қайтуы)
  • өзінен кіші балалар мен жануарларға агрессиямен қарау;
  • ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы;
  • концентрацияның жоғалуы;
  • тез шаршау;
  • өзгелерден оқшаулану, жалғыз болғысы келу.


Буллингке қатысушылар

Сіздің балаңыз басқалардан зәбір көрмесе, бұл оның буллингке еш қатысы жоқ деген сөз емес. Егер сыныбында аталған мәселе орын алатын болса, онда барлық оқушы дерлік қатысушы болып табылады. Өйткені, арнайы ұйымдастырылатын бұл әрекетте сыныптың әр оқушысы дәл театр қойылымындағы секілді белгілі бір «кейіпкер» болады. Тіпті, ата-ана мен мұғалім де «қатысушы» саналуы әбден мүмкін. Буллингке қатысушылар шеңбері құрбан, буллер (немесе агрессор), агрессорға еретіндер, агрессорды активті қолдаушылар, пассивті қолдаушылар, бейтараптар және қорғаушылардан тұрады.

Сіздің балаңыз осылардың кез келгені болуы мүмкін және ол да буллингтің орын алуына белгілі бір деңгейде үлесін қосады.

Бір қарағанда, мұндағы ең жағымсыз кейіпкер агрессор болып көрінеді. Алайда, оның өзінің әлі бала екенін мытпау керек. Агрессор буллерлік әрекетке бекерден-бекер бармайды. Ішінде бір мазасыздық, жайсыздық, қандай да бір мәселе (отбасында қысым көру, ата-ананың теріс тәрбиесі, дұрыс емес үлгі, психологиялық ауытқу, т.б.) итермелейді. Яғни, белгілі бір деңгейде ол басқа бір агрессордың құрбаны деуге әбден болады. Оқушы кезінде агрессор болған балалардың көбі есейгенде осындай әрекеті үшін өкініп, ұялып, өзін жазғыратын болады. Сондықтан, агрессорды кінәлай жөнелмес бұрын, оның да ішіне үңіліп, себебін іздеп көмектесуге ұмтылған жөн.

Құрбан – көбіне физикалық және эмоционалды әлсіз, сырт бейнесінде басқалардан оқшаулап тұратын өзгешелігі бар (көзілдірік, брекет тағатын, дене тұрқы тым ұзын не тым қысқа, т.с.с.), тым жақсы оқитын немесе тым белсенді, мұғалімдердің «сүйіктісіне» айналған, жаңадан ауысып келген балалар тап болып жатады. Алайда мұнда белгілі бір заңдылық жоқ, кез-келген бала буллингке тап болуы мүмкін.

Агрессорға еретіндер мен қолдайтындар – әлімжеттік жасаушыға көмектесетіндер. Олар да бала, сәйкесінше ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмағандықтан, кім күшті – соның жағына шығады.

Пассивті қолдаушылар мен бейтарап тұлғалар – бұлар еш шара қолданбайды. Алғашқылары іштей агрессорды қолдайды, бейтараптар әділетсіздікті, әлімжеттіктің дұрыс емес екенін білуі мүмкін, алайда екі топ та тек сырттай тамашалаумен болады. «Маған тиіспесе болды, аралассам, маған да солай жасайды» деген қорқыныш болуы мүмкін бойында.

Қорғаушылар – бұл көбіне жасы үлкен аға-әпке, ата-ана, мұғалімдер.

Ең өкініштісі, кейде білместіктің салдарынан үлкендердің өзі буллингке жол салушылар болып жатады.

Ата-ана тарапын кететін қателіктер:

  • Балаға оның қымбат жан екенін ұғындырмау. Қоштасқанда бетінен сүйіп, қауышқанда құшақтамау. Дәл осы әрекеттерді дұрыс жасап жүрген ата-ананың баласы өзінің қандай қымбат екенін түсінеді.
  • Баланың қажеттіліктеріне көңіл аудармау. Бірнәрсе айтып, сөйлескісі келсе, «қоя, тұр», «кейін» деген сөздермен оған «сенің айтатының немесе жағдайың маңызды емес» деген қатынасты көрсету;
  • Өзіне деген сенімін сындыру. Бала мәселесін айта бастаса, «Өзің де кінәлі шығарсың. Сені білемін ғой» немесе «Ешкіммен тайталаспа, сабағыңды оқып тыныш жүр», «Мектептегіні үйге тасыма» дегендей сөздермен сенімсіз қатынас орнату.


Ал мұғалімдер қандай қателіктер жібереді?

  • Оқушыларды өзі үшін «сүйікті» және «сүйікті емес» топтарға бөліп, оны ашық түрде көрсету. Бұл жерде, кейінгілер өздерін екінші таптағы адам сияқты санап, мұғалімге тісі батпайтындықтан, есесін «сүйіктілерден» алуға тырысады.
  • Балалардың бірін-бірі мазақтауын, балағаттауын көре, ести тұра, оны тоқтатпау, елемеу.
  • Бір оқушыға басқалардың көзінше ұрсу. Қателеріне нұсқап, жәбірлеп, бар баланың көзінше масқаралау. Осылайша басқа балаларға «нашар баламен» қалай қарым-қатынас жасау керегін үлгі етіп көрсетіп береді.
  • Бір оқушыны басқалармен салыстырып, асыра мақтап, қалған оқушылардың алдында мәртебесін көтеру.


Буллингті болдырмау үшін

Ата-ана балаларына адамдармен дұрыс қарым-қатынас құру, қысым көрген адамды қолдау, өзгелерді құрметтеу үлгісін көрсетуге тиіс. Баламен ашық және жиі сөйлесіп тұруы қажет. Бала ата-анасына барлық тақырыпта ойын еркін айта алатындай, өзін тыңдайтынын, түсінетінін білетіндей сенімді қатынас орнату қажет. Мектепте пәндердің қалай өткенін, дене шынықтыруда қандай жаттығулар жасағанын, қатарластарымен қарым-қатынасының қандай екенін, интернетте не істейтінін неге көңіл-күйі жоқ екенін, сұраған жөн. Сол сияқты буллинг тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда бала қатарластары туралы айтатын болады. Бала сіз тарапынан психологиялық және эмоционалдық қолдауды әрдайым сезінуі тиіс.

Ал мұғалімдер буллинг орын алмауы үшін сынып сағаттары мен ашық сабақтар арқылы түсіндірме жұмыстарын өткізуі керек. Балалардың арасында әлімжеттік жасау, ауыр сөздермен намысқа тию жағдайларын байқаса, дереу оған тоқтау салуға міндетті. Ата-аналармен тығыз байланыста болу, оларды да осы тақырыптағы іс-шараларға қатысуға шақыру да жақсы шешім.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Бала ӘРІПТІ ҚОСЫП ОҚИ АЛМАЙ МА? Бұл ата-ананың қателігі