Өзіне КӨҢІЛ БӨЛМЕЙТІН ата-ана баласына ТЕЗ АШУЛАНАДЫ

0
4 784

Балаға орынсыз ұрыспау үшін не істеу керек?


Өзіне КӨҢІЛ БӨЛМЕЙТІН ата-ана баласына ТЕЗ АШУЛАНАДЫ

Бала тәрбиесі қай заманда, қай кезеңде болса да оңай болмаған. Ал кейде шектен тыс еркелігі мен айтқанды тыңдамай қоюы ата-ананың ашуын шығарып, айқай салуға алып келеді. Бір айқайлағанда тоқтай алмай, неше түрлі сөздерді айтып, тіпті ұрып жіберуге дейін барып қалатын сәттер жетерлік.

Алайда кейін бәрі басылған соң жанымыз ашып, артықтау кеткенімізді түсініп жатамыз. Неге сол кезде ашуымды баса алмай қалдым деген ойға кетеміз. Бірақ бұл ойлардың бәрі кешігіп келеді. "Айқайлағаным үшін кешірім сұрайын" дегенді көп ата-ана ойлай бермейді. Дегенмен, "ашуымды қалай басамын, қалай айқайламауға болады" деген мәселе ғана толғандыруы мүмкін.


Осы баланың не ойы бар?

Бұл - баласына ашуланған әрбір ата-ананың ойына келетін алғашқы сұрақ. Оның жауабын да өзі дайындап қояды: «Бұл бала ештеңе ойланбайды немесе мені өлтіріп тынатын шығар».

Бірнәрсені бүлдіріп ата-ананың ашуына тиген бала, оны ешқандай себепсіз жасауы мүмкін емес. Ал ата-анасының жүрегін әдейі ауырту тіпті де ойына келмейді. Мүмкін дәл сол сәтте ол ренжулі болған шығар немесе өзін әлсіз сезініп кетті, болмаса ұйқысы қанбай тұрды және т.б себептер көп болуы мүмкін. Егер баланың бұзақылық әрекетіне әсер еткен сол себептердің бірін анықтасаңыз, онда қатты ашуланбай, өз-өзіңізді сабырға шақыра аласыз.

Кеңес: Егер баланың жауабына ашуланатын болсаңыз, өзіңізді сабырға шақыра алмай тұрсаңыз, онда оған «осыны істегенде, бүлдіргенде не ойладың?» деген сұрақ қоймаңыз. Себебі ашуланып тұрған кезде, балаңыздан қандай жауап естісеңіз де ол сізді тыныштандырмайды. Сондықтан ондай сыртқа шығып, алдымен өзіңізді басып алыңыз.


Шаршап немесе қарныңыз ашып тұр

Егер сіздің қарныңыз ашып немесе шаршап тұрсаңыз, онда дәл осы жағдайда сізді ашуландыру оңай және бар қаһарыңызды балаға төге салуыңыз ғажап емес.

Егер балаңыз ашуға тиген уақытта қарныңыз ашып тұрған болса, онда міндетті түрде бірінші кезекте бірнәрсе жеп алуға тырысыңыз. Тек содан кейін ғана балаңызбен сөйлесіңіз. Ал егер шаршап тұрсаңыз, бірақ дем алып алуға уақыт жоқ болса, онда шамалы оңаша бөлмеге барып, көзіңізді жұмып 2-3 минут отыра тұрыңыз. Жәй ғана "ашпын, шаршап тұрмын" деген ойдың өзі баланың ісіне деген ашуды арттыра түсетіні есіңізде болсын.



Өзіме жеткілікті көңіл бөліп жүрмін бе?

"Маған ешкім қамқорлық танытпайды, менің көңіліме қарамайды" деген ойда жүрген ата-ана өз балаларына тез ренжіп қалады екен.

Сондықтан соңғы кезде қамқорлықты сезініп, көңіліңіз жайлы жүрген кезді еске алыңыз. Егер ондай сезім жақын арада болмаса, онда өзіңізге өзіңіз көңіл бөліңіз. Досыңызға қоңырау шалып, біраз ой бөліңіз, сыртқа шығып тамақтанып келіңіз, үйде ерекше тағам жасаңыз т.б. Себебі өзіңізге көңіліңіз толмаса немесе жайсыз сезімде жүрсеңіз онда, баланың кішкене бұзақылығына шыдай алмай шектен шығып кетуіңіз бек мүмкін.


Балаға айқайлағанда қандай сезімде болатынын түсінуге тырысып көріңіз

Сіз де кезінде бала болдыңыз. Сондықтан баланың бала көңіліне қараңыз. Ол ата-анасын ренжіту үшін әдейі жасамады. Оның әлі бала екенін есіңізге алыңыз.


Айқаймен, ашумен еш нәрсе шешілмейді

Сіздің айқайыңыздан кейін бала бүлдірген, істеген нәрсе қайта орнына келмейді. Сіз айқайлады деп есейіп те кетпейді. Керісінше, үрей мен қорқынышқа бой алдырып жылап жіберуі, тіпті кейде балада осындай жағдайдан кейін бір нәрсе істеуге деген қабілет жоғалуы мүмкін. Егер баладан ары қарай жақсы әрекет күтсеңіз, онда оны жұбатыңыз және жігерлендіріңіз.


Бастысы,тәрбиенің бала мен ата-ана арасындағы қарым қатынас екенін ұмытпаңыз. Балалар өседі, уақыт өте ата-ананың міндетінен тәрбие қалып, тек арадағы жылдар бойы қалыптасқан қарым-қатынас қалады. Ал оның жылылық пен жақындық немесе реніш пен жатсыну болуы тікелей ата-анаға байланысты.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Сізді қызықтыруы мүмкін: Баланы ЖАЛҚАУЛЫҚТАН арылтудың ЕҢ ДҰРЫС тәсілі