Жиналмаған үй мен мектептегі нашар баға - жалқаулықтан емес...
Балалардың көпшілігі жасөспірім шаққа жеткенде жалқауланып, еріншектігі арта бастайды. Әсіресе сабаққа келгенде барынша жалқаулығы ұстайды. Төменгі сыныптарда 4 пен 5-ке оқып жүрген баланың сабағы нашарлап, 3-ке түсіп кетуі мүмкін, үй шаруасын жарым-жартылай жасайды, т.б. Бұл көптеген ата-аналарға таныс жәйт. Себебі ата-аналардың көпшілігі жиналмаған үй мен сабақтағы нашар бағаны баланың жалқаулығынан көреді.
Алайда балалар табиғатынан өте белсенді және әуесқой келетінін естен шығармау керек. Сондықтан жалқаулықпен күреспей тұрып оның негізгі себебін анықтап алу керек. Мұндай жалқаулықтың негізгі себептерін және оның шешімін төменнен біле аласыздар.
Бір оқымысты жалқаулықты "жұмысқа, еңбекке, сабаққа деген жек көру"деп анықтама беріпті. Ал психологтардың көзқарасында, жалқаулық – бұл тек ұзағырақ демалудың бір белгісі екен.
Балалардағы жалқаулықтың ең жиі кездесетін себептері:
Баланың шаршауы
Бүгінгі күннің балаларының әрбір минуты кестеге сай жүреді. Яғни сабағы, жаттығуы, үйірме, достармен кездесу, осылай жалғасып кете береді. Сондықтан, бала үйірмеге немесе басқа жағдайларға баруға ықылас танытпаса, онда "оған шектен тыс ауырлық салмадым ба?" деген ойға келіңіз. Себебі, баланың күнделікті кестесінде мейлі ол қанша жаста болса да, міндетті түрде демалатын уақыт болу керек және ол демалыс баланың өзіне ұнайтындай болғаны дұрыс. Яғни, демалысы диванның үстінде жатып теледидар қарау, ойын ойнау секілді болса да, оны бос уақытыңда кітап оқы деп қинаудың қажеті жоқ.
Егер баланың жалқаулығы артық жүктеменің салдарынан болса, онда оның шешімі:
- Баланың күнделікті кестесін 2-3 күн бақылап көріңіз. Егер оның демалуға уақыты болмаса, күндік кестесін қайта жасап, қарау керек.
- Демалыс пен ұйықтау кестесін бір ретке келтіру керек. Бала жақсы дамып, жақсы тынығу үшін 8-13 жастағы балалар 9 сағаттан кем, ал 14-18 жастағы жасөспірім 8 сағаттан кем ұйықтамау керек. Сондай-ақ дұрыс, уақтылы тамақтану мен далада кем дегенде 1 сағаттық серуеннің де бала денсаулығы үшін пайдасы орасан. Егер бұл жағдайлар жасалмаған болса, онда ағза шаршап, сыртқа жалқаулық белгісі беріле бастайды.
Ерік жігері әлсіз балалар жалқаулыққа бейім келеді
Жалқаулықтың мұндай себебі кіші және орта мектеп жасындағы оқушыларға тән келеді. Әсіресе баланы кіші жаста деп үй шаруасына жұмсап, еңбек етуге үйретпеген жағдайда, олардан келешек масыл тұлға шығуы бек мүмкін. Сондықтан:
- Баланы кемсітпеңіз және оған күлмеңіз! Егер балаға үнемі "еріншек, жалқаусың" деп айтатын болсаңыз, ол сол сөзге сай болуға икемделеді.
- Әдет қалыптастыруға тырысыңыз! Бір нәрсені үнемі жасап тұру – ерік жігерді нығайтудың бір жолы. Мысалы таңертең 5 минуттық сергіту жаттығуы, тұрған соң төсекті жинап қою, өз киімдерін реттеу т.б.
Егер баланың ерік жігері әлсіз болса, онда өзінің шамасы мен қызығушылығын тудырған спортқа беріңіз. Спорт – өзін игеру әдетін қалыптастырады, алға ұмтылуға көмектеседі.
Бала жалқаулыққа бой алдырмас үшін ынталандырып тұру қажет
Адам өзінің жасап жатқан ісіне қызығушылық танытпаса, онда ешқандай ерік жігердің мықтылығы, дұрыс жасалған уақыт кестесі көмектеспейді. Ал ынталандыру – адамды кез-келген істе табысқа жетелейтін кілт секілді. Оның шешімін былай табуға болады:
- Баланың қызығатын істерін бір арнаға тоғыстыруға көмектесіңіз. Ол үшін баламен ашық сөйлесіп, мұқият тыңдаңыз. Баланың қызығушылығын сабақпен байланыстырып көру керек. Мысалы, бала бір нәрсе құрастыруға, жасауға құмартса, гүлдерді немесе кесіп-пішкенді ұнатса, осылардың бәрін математика, физика, химия пәндерімен байланыстыра отырып түсіндіру қажет. Ынтасын ояту үшін эксперимент жасауға қажетті заттарды алып беріп, жасаған ісін мақтап отырған дұрыс.
- Балаға үнемі қолдау білдіріңіз. Ата-ананың назарын ештеңе алмастыра алмасы анық. Жұмысыңыз қаншалықты көп болса да, міндетті түрде баламен күнделікті өткізетін 1-2 сағат табыңыз.
- Мұқият тыңдаңыз, қолдаңыз.
- Сәтсіздіктің пайдасы туралы айтып өтіңіз. Қателіктен сабақ алғандардың табысты болатынын айтыңыз.
Бала жалқаулығының тағы бір себебі – сәтсіздіктен қорқуы болуы мүмкін. Жеңіліп қалудан, ісінің сәтсіз шығуынан қорқып, ештеңе жасамай қоюы әбден мүмкін.
Үлкендер тарапынан болатын шектен тыс қамқорлық баланы еріншек етеді
Қазіргі кезде баласы үшін бәрін өзі жасай салатын ата-аналар мен ата-әжелер көбейген. Алайда бала айналасын өз еркімен, өз көзқарасымен танып біліп, тәуелсіз, дербес болуға үйренуі қажет. Шын мәнісінде олар бәрін өздері істеп, жасап көргісі келеді, тек "мыныны мен істей салайын, бір жеріңді жарақаттап аларсың, саған ауыр болады", "сен мұны бір сағат істейсің, одан да өзім 10 минутта-ақ тез-тез атқарып тастаймын" деген ата-ананың шектен тыс қамқорлығы бұл мүмкіндікті болдырмайды.
Сондықтан балада "бұл менің қолымнан келмейді", "мен бұл іске әлі дайын емеспін" деген ой қалыптпасады. Бір нәрсені істеп көруге деген құлшынысы азаяды. Ал қызығушылығы, құлшынысы жоқ бала жалқаулана бастайды. Сол себепті мұндай мәселенің алдын алу үшін, баланы кішкентай кезінен дербестікке үйретіңіз. Тамақ жеген ыдысын апарып қою, киімін өзі кию, қолын, тісін өзі жуу т.б ұсақ-түйек істердің өзі баланың еріншек, жалқау болмауының алдын алады.
Баланың жалқаулығымен күресу үшін міндетті түрде ата-ананың қолдауы, назары керек. Балам жалқау болмасын десеңіз, бала үшін уақыт тапқаныңыз дұрыс!
Дайындаған: Э.Базарбаева
Сізді қызықтыруы мүмкін: Қыздарға анасының киімін киюге болмайды: негізгі 5 себеп