​СҮРБОЙДАҚ немесе АЖЫРАСҚАН: 30+ қыздарға қайсысы дұрыс

0
6 668

Қыз балаға 30 дан кейін көбіне ажырасқан немесе сүрбойдақ боп жүріп қалған үлкен жастағы жігіттер сөз сала бастайды...


​СҮРБОЙДАҚ немесе АЖЫРАСҚАН: 30+ қыздарға қайсысы дұрыс

фото: ғаламтордан

30 жасқа дейін отбасын құрып үлгермеген қыз-жігіттердің ары қарай тез тұрмыс құрып, үйленіп кетуі екіталай. Басты себеп - олардың талғамы, талабы биіктей түседі. Әрине, жігіттер 30-дан асса да жас қызға үйлену мүмкіндігі жоғары. Ал қыз балаға 30 дан кейін көбіне ажырасқан немесе сүрбойдақ боп жүріп қалған үлкен жастағы жігіттер сөз сала бастайды.

Қалай таңдау керек?


Іскер бойдақ жігіт

30 жасқа дейін үйленбей жүрген жігіттердің көпшілігі өзінің іскерлік жолын, жұмысын жоғары бағалағандар. Олар 30 жасқа дейін тынбай жұмыс жасап, жеке бизнесін жолға қойып, баспаналы, көлікті болған, бар жағдайын жасағандар. Тек олар жеке өміріне, отбасын құруға мүлде уақыт таппаған.

Іскер, сүрбойдақ жігіттер 30 жастан кейін де көп ретте жас, өз-өзіне жақсы күтім жасайтын, сырт келбеті келіскен қыздарға назар салады. Мұндай жігіттер көзі түскен қызынан сыйлықты аямайды, анда-мұнда қыдыртуға да уақыт табады. Тек үйленуге аса асыға қоймайды және олар өте кінәмшіл келеді. Өз үйін өзі билеп үйреніп қалған жігіт, өзгенің тірілігін жақтыра қоймасы анық. Яғни, ол "заттарға былай қара, ананы былай пайдалан, дұрыстап ұста" деген сияқты өз ережелерін үздіксіз тықпалағыш келеді.


Өз-өзіне сенімсіз бойдақ

30-дан асқанша үйленбей сүрбойдақ болып қалатын жігіттердің кейбірі – өз-өзіне сенімсіз жандар. Олардың өзіне деген сенімінің жоқтығы соншалықты, тіпті қыздармен жеке өзі танысуға бата алмайды. Өз жұмыстарына байланғаны соншалық, тек жұмыста ғана өзін судағы балықтай жақсы сезінеді. Мұндай жігіттер қыздардың көңілін табу былай тұрсын, тіпті олармен не жайлы сөйлесерін, не айтарын да білмейді. Олар тек өз жұмысы жайлы ғана жақсы әңгіме өрбіте алады. Алайда бұл типтегі жігіттерден қыздар тез жалығады, қызықсыз арақатынас орнайды.


"Анасының баласы"

30-дан асқанша, мүмкіндігі бола тұра ата-анасының жанынан алыстай алмай жүрген жігіттен көп нәрсе күтудің қажеті жоқ. Әсіресе ол жігіт тек анасымен ғана тұратын болса.

Мұндай жігіттер қыздармен танысып, отбасын құруға әрекет жасағанымен көбіне анасынан асып кете алмайды. Әсіресе, көп ретте баласын жалғыз тәрбиелеп өсірген аналар кез-келген қызды ұлына тең көрмейтіндері көп кезедеседі. Тіпті баласы ол қызды қатты ұнатып, сүйіп тұрса да одан міндетті түрде кемшілік табуы мүмкін.


"Шегіртке" жігіттер

30-ға келгенше үйленбеген, сүрбойдақ болғанымен қызбен, бірнеше қызбен бірге азаматтық некеде (менталитетімізге жат болса да қоғамда жиі кездеседі) тұрып жүрген, отбасылық өмірдің шет жағасынан хабары бар жігіттер де көп. Тіпті баласы болса да неке қимай, үйленгісі келмей әр қызбен бір тұрып көреді. Мұндай әрекетке әдетте бала кезінде анасымен ара қатынасы дұрыс болмаған жігіттер баруы мүмкін. Сондықтан олар кез-келген қыз-келіншектен мін тапқыш, жаман жақтарын көргіш келеді.

Мәңгі бала жігіттер

Өмірді көбелек секілді ұшіп жүріп сүретін жігіттер бар. Олар өз-өздеріне қарап, жақсы киініп, денесінің сымбаттылығын қадағалап, үнемі жаттығу залдардан шықпайды. Мұндай жігіттер қыздардың да көңілін жақсы табады, керемет әңгіме өрбіте алады. Бірақ олар көп ретте бір қызды өзіне қаратып алған соң онымен ұзақ уақыт өткізе алмай тез жалыға бастайды. Солай келесі қызға оп-оңай ауыса салады және өмір бойы осылай тұрақсыз, көбелек секілді ұшып-қонып жүреді.


Бойдақтығы бойына сіңіп кеткен жігіттер

Кей жігіттер жасы келген сайын бойдақтық өмірге еті үйреніп кетеді. Тіпті үйінде жуылмаған киім, ыдыстар тау болып үйіліп жатса да, үй іші шашылса да оған осы өмірі ұнайды. Ешкімнің келіп осы жайын бұзғанын қаламайды. Өзге біреудің келіп ас үйіне қожайындық жасап, «мынаны іш, мынаны былай қой, киіміңді іле кет» деген секілді сөздерін көтере алмайды. Мұндай жігіттер өзі не қалайды тек соны жасап үйреніп, бойына сіңіп кеткен. Сондықтан қандай қызбен танысса да ол үшін бірінші кезекте өзінің жеке кеңістігі, жалғыздығы тұрады.


Кейінге қалдыратындар

Шынайы қарым-қатынастан қорқатын жігіттер болады, олар өз өміріне өзгені кіргізуге қорқады. Олар өздерін іштей үйленуге дайын сезінгенімен, кейінге қалдырғанды дұрыс санайды. Түрлі себеп, сылтаулар тауып үйленуді кейінге шегереді. Егер мұндай жігіттен кездесіп жүрген 5-6 ай ішінде нақты үйленуге ұсыныс түспесе, сылтауы бітпесе, онда одан бойды аулақ салған дұрыс. Олар өмір бойы үйленуге дайын болмайды. Қандай да бір себеппен үйлене қалса да, өкінішін айтып жүретін болады. Сондықтан бекер уақыт пен жүйкені тоздырып мұндай жігітпен жүрудің қажеті жоқ.


Көп әйел алғыш жігіттер

Әйелімен бірге тұрмайтын, бірақ ажыраспаған еркектерге сене беруге болмайды. Олардың мың сан сылтауы бар. Әлі кішкентай балалары үшін ажыраспай жүргенін айтады немесе ересек балаларым дұрыс түсінбей қалады дейді. Мұндайлардың қармағына ілініп, жем болудың қажеті жоқ. Олардың сылтауы өмір бойына немесе бірнеше жылға созылады. Нәтижесінде олар бұрынғы әйеліне, балаларының анасына қосылып кетеді. Ал алданып бірге тұрып, сәбилі болып қалған бойжеткен онда баланы жалғыз тәрбиелеуге тура келеді.


Әйелі қайтыс болған ер-азаматтар

Мұндай азаматтар отбасылық өмірге үйреніп қалған жандар. Сондықтан әйелсіз өмірді мүлде елестете алмайды. Бірақ бұл жағдайдың да өзіндік кемшін тұстары бар.

Біріншіден, әйелі қайтыс болған азаматтар көбіне жаңа үйленген келіншегін өмірде жоқ адаммен салыстырып отырады. Сондай-ақ көбіне сол кісіні мақтап, бұлай реттемейтін, бұлай қоймайтын, мына тағамды жақсы істейтін деген сияқты түрлі себептер айтады.

Оның үстіне көп ретте мұндай азаматтардың балалары болады. Ал олармен тіл табысып кету өте қиынға соғады. Себебі баланың есі кіріп қалған болса, олар әкесінің екінші үйленуін анасына жасаған сатқындықпен тең көреді. Сондықтан өмір бойы екінші анасын да, одан туған балаларды да мойындамауы мүмкін.


Әрине, мұның бәрі өмірлік қағидаларға сүйенген болжам ғана. Үй болып отбасын құрамын дейтін жандарға қай жаста болсын өзіне лайықты жан табылады. Сондықтан 30-дан астым деп көңілді түсірудің, әйтеуір тұрмысқа шығу керек деп, жаңа танысқан жанның сырын білмей етегінен ұстап, өмір бойы қалған ғұмырын өксумен, өкінішпен өткізудің қажеті жоқ.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: "Енеңе НЕ істесең, алдыңа СОЛ келеді..."


Ата-ананың назарына: баладағы БҰЛ ЖАҒДАЙ суицидке апаруы мүмкін