​«ҰЛЫМДЫ СОЛАЙ ТӘРБИЕЛЕГЕН ӨЗІМ КІНӘЛІ»: Күйеубаланың қолына қараған әжейдің әңгімесі

0
5 733

Әке-шешесін БАҚҚАН қартайғанда ТАҚТА отырады...


​«ҰЛЫМДЫ СОЛАЙ ТӘРБИЕЛЕГЕН ӨЗІМ КІНӘЛІ»: Күйеубаланың қолына қараған әжейдің әңгімесі

Аулада үнемі бір әжей отырады. Тап-тұйнақтай болғанымен, көрген сайын көңілі орнында емес, өмірге өкпесі бар адамды көргендей боламын.

Немересіз емес, екі-үш жастағы баланы ертіп, тағы бір-екі балаға бас-көз бола жүреді. Солармен кіріп-шыққанға немересі ғой деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екенін жақында әңгімелескен соң түсіндім.


«Ее, жетісткеннен жүр дейсің бе? Ұлдардан қайран болмаған соң жалғыз қыздың үйінде жүргем жоқ па?» деп күрсініп салды таныстықтан соң әңгімелескісі кеп отырғанын байқатып. Күн ысыған сайын далаға қашатын әдетіміз емес пе, мен де кішкентайымды жетектеп шыққан болатынмын. Тыңдауға икем таныттым...


«Қыз осында тұрады. Күйеубала батыс жақта, айдың жартысында жұмыс істеп, жартысында үйде болады. Екі жыл болды қарасып жүргеніме. Басында енесі жоқ болған соң көмектесіп тұруға шақыратын. Шал да тірі кезінде жалғыз қызының жайын айта беруші еді «қарасатын енесі болмаған соң қиналып қалады» деп. Шал кеткен соң үйдің жағдайы да өзгерді. Бір ұлды әу баста жібергенбіз еншісін беріп. Кенженің еркелігі қалмай жүрген. Әкесі кеткен соң ес жия ма десек, кері кетті. Келін екеуі күнде қырғиқабақ бола берген соң бір күні ашуым келім, көйлек-көншегімді жидым да, осы қыздың үйіне келдім бір айға. Соңымнан келіп, «апа, кешір» деп алып кетеді деген үмітім де болды.

Қайдағы?! Келмек түгілі, екі аптадан соң қамбаның кілтін сұрап хабарласқанда жүрегім езіліп кетті. Келіннің де ақылы бар сияқты еді, ең болмаса екі баласын бағып бергенімді еске алып, «апа, қалайсыз?» деуге жарамады. Қыздың өзі болса мейлі ғой, күйеубала келген соң ұялады екенсің жата беруге. Қызым байғұс «қал, қайтесіз, бөлме жетеді» десе де қарамадым. Өзім бардым.


Барған күні-ақ келіннің қабағынан «жүре берсе сол жақта» дегенді ұққандай болдым. Қайта мен барған соң ұрыс-керістері көбейіп кететін сияқты. Шалдың ерте кеткеніне налып бір жылап, олардың тынышын бұзып алмайын деп өзімді өзім тұншықтырып бір жылап жүріп жаттым. Әйтеуір, шайға шақырғандарына мәз болып...


Сөйтіп жүргенде қызым да жұмысына шықты да, балаларына бас-көз болатын адам керек болды. Балабақшаға баруға кішкенесіне әлі ерте. «Келіп қарап беріңіз» деген соң келдім.

Күйеубала жаман емес. Жақтырмай жатқан дәнеңесі жоқ. Сонда да өз ұлың, шаңыраңың бола тұра күйеудің үйінде тұру қазақтың бәріне қиын. Үйде болған кезінде де такси айдап кетіп қалып, кешке бір-ақ келеді. Мереке сайын көйлек-орамалдарын беріп жатса да, өз ұлыңдай бола ма?

Ұлым демекші, үлкен ұл алыста болған соң оған әңгімеміздің бәрі жете бермейді. Жылына бір келгенде уаймдатып қайтем деп ештеңе демеймін...


Тағы бір барсам, үйді жөндеп тастапты. Шал екеуміздің бөлмемізді қайта жасап, қыз немереме дайындапты. Ескі сандығым мен шкафты сыртқа шығарып тастағаннан-ақ түсіндім ол үйге жүк екенімді. Осы уақытқа дейін зейнетақымды солар алып келген. Қанша екеніне де қарамай, той-томалақ пен қажетімнен артығын отын-суына төлеуге беруші едім. Мейлі ғой, менің зейнетақымды сол немерелер жемегенде кім жейді? Бірақ бөлмемді айтпай алғаны, ақылдаспағаны жанымды қарып кетті.


Ұл келген соң бұлары не екенін сұрасам, ол төмен қарайды. «Қызыңызбен жата берсеңізшы, сыясыз ғой» дегенде ашуым келді. Ал келін болса, тыржиған күйі асүйге кетіп қалды. Барымды айтып, ұлға ұрыстым. «Тірі кезімде бұлай етсең, өлгенде Құран оқып та жарытпассың» деген күйі қайта кері қайттым.


Ешқашан қызыма айтпаған едім, осы жолы тым босап кетсем керек, бар мұңымды шағып жыладым. Қан қысымым көтеріліп, сол күні ауруханаға түстім. Алты күн жатқанда күнде келген ұлымды аядым бір жағынан. Келінмен тағы жүз шайысып қала ма деп уаймдаймын ғой, сол баяғы. Келін бір төбе көрсеткені болмаса, қайтып келген жоқ. Тек қызым мен кенже ұл мен үшін ұрысып қалыпты.

«Енді бармайсыз. Өзім қараймын...» деп ауруханадан шығарып әкеп күтті. Міне, содан бері осындамын.

Өзім кінәлі... Сол ұлымды үлкенінің таяғынан, ауылдағы балалардан ерекше қорғаушы едім. Өзі әлжуаз болды да, етегіме оралып алысқа шықпайтын. Әкесі де ұрсушы еді, «көшенің балаларымен ойнап, ара-тұра төбелесіп тұрмаса, жігіт болмайды» деп... Өз баламды жамандағандай болдым ба, бірақ, өзім ғой сол...


Әкенің таяғынан да қорғадым, ешкімге «әй» дегізбедім. Ол таңдаған келінге де біріншідей қатал болмадым. Сол баланың көңіліне қарап, еркелігін көтердім. «Шаңырақта қалады, осылар қарайды қартайғанда» деп шалға да сөйлеуші едім. Енді міне, сөйткен балам мені айында бір іздемейді...


Ағайынға денсаулығымды айтып, қалада күтім керектігін желеу етемін. Әйтпесе, нем бар осында? Шүкір дейін, жиендерім әжелеп тұрады. Салқын қабақ көріп жатқаным жоқ. Бірақ бәрібір, өз шаңырағыңда отырғанға не жетсін?!»


Ауыр күрсінген әйелдің жағдайын түсіне алдым да, алмадым ба, бірақ оның айдаладағы ұлына ренжідім. Біреуді өзімізбен салыстыра кететін әдетіміз емес пе, өз ата-анама қарап отырған інімді еске алдым. Ашуланғанда әкемнің қаһарынан там айналым қашып кететін інімді, «апа, қан қысымыңызды өлшеп жіберейін» дейтін келінімді ойлап, іштеу тәубеге келгендей болдым. Әйтеуір, ата-анамның шағымы жоқтығына қуанып, әжейге іштей сабыр тіледім. Әлде де болса, ұлы қателігін түсініп алып кетер деген үміттемін.

Кішкентайымнан «Әке-шешесін БАҚҚАН қартайғанда ТАҚТА отырады» дегенді естіп өскен мен қазақ үшін АЛТЫН ТАҚТЫҢ тек өз шаңырағы екеніне тағы көз жеткіздей болдым...

Қ.САУРАН,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


АЖЫРАСЫП кеткен ерлі-зайыптыны ТАТУЛАСТЫРАТЫН 4 тәсіл


Әйеліңіз МИЫҢЫЗДЫ «ЖЕЙ» БЕРСЕ: Еркектер үшін АРНАЙЫ 6 кеңес

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет