ЖАЛҒЫЗБАСТЫ аналардың өрескел 5 ҚАТЕСІ

0
5 378

Білместікпен жіберген бұл қате баланың болашағына балта шабуы мүмкін


ЖАЛҒЫЗБАСТЫ аналардың өрескел 5 ҚАТЕСІ

Бала тәрбиесінде әке мен ананың әрқайсының өз рөлі бар. Екеуінің де орны маңызды. Алайда, тағдырдың жазуы кей балаларды ананың алақанынан не әкенің қамқорлығынан айырып жатады.

Бүгінгі қоғамда әкесіз, жалғыз анасының қамқорлығында өсіп жатқан ұл балаларды жиі көреміз. Аналар әке орнына әке болуға барынша тырысады-ақ. Алайда, білместікпен мынадай қателерді жіберіп жатады.


Баланы әкесіне көрсетпеу

Өзінің ренішін осындай жолмен көрсету немесе кек алуға тырысу – аналардың ең үлкен қатесі. Мейлі, әкесін жаман адам деп санасаңыз да, баланың материалдық жағдайы мен тәрбиесіне көмектеспейді деп ойласаңыз да, олардың араласуына рұқсат беру керек. Туған әкесін танығанының, сирек те болса ұшырасқанының өзі баланың бойына сенімділік, рух береді. Ал, әкесімен жүздестіру мүмкін болмаған жағдайда (дүниеден өткен, алыста, т.с.с.) әке тұлғасын, бейнесін қалыптастыратын ер адам мен баланың арасында байланыс орнатыңыз. Бұл – атасы, ағасы, жақын досыңыз, көршіңіз болуы мүмкін. Тарихта аты қалған азаматтар жайлы оқып, әңгімелеп беріңіз. Баланы спорт үйірмесіне қатыстырсаңыз, ондағы жаттықтырушының қандай екеніне мән беріңіз. Жаттықтырушы балаңызға спортшы ғана емес, нағыз ер-азамат ретінде үлгі көрсете алса, құба-құп.


Әкесін не ер-азаматтарды жамандау

Баланың көзінде әкесін сөкпеңіз, оның іс-әрекеттерін сынамаңыз, төмен баға бермеңіз. Жалпылама ер-азаматтар жайлы да жаман айтпаңыз. «Барлық еркектер осындай» деген біржақты пікірден аулақ болыңыз. Барлық ұл балалар үш-төрт жастан бастап өздерінің де ер-азаматтар әлемінің бір бөлшегі екенін сезіне бастайды. Сондықтан сіздің ерлер қауымы жөнінде айтылған теріс пікіріңізді өзіне қабылдап қалады. Балаға әкесі жайлы әңгімелегенде қалай танысқандарыңызды, жасаған жақсылықтарын, жақсы мінезін баяндауға болады. Өсіп, оң-солын танығасын бала бағасын өзі берер.


Шектен тыс қамқорлық

Әрине, балаға қамқор болу – ата-ананың басты міндеттерінің бірі. Бірақ кей аналар тым асыра сілтеп жатады. «Әкесі жоғын сездірмеймін, басқа балалардан кем қылмаймын» деп тым қатты тырысып, сұрағанының бәрін әпереді, қатты еркелетеді, қанша жасқа келсе де кішкентай балаға сөйлегендей сөйлейді, ешкімнің бетінен қағуына жол бермейді. Мұның бәрі бала есейгенде теріс нәтижеге апаруы мүмкін. Керісінше, ұлыңыздың өзіңізге, қыз балаларға, үлкендерге қамқорлық жасауына, көмектесуіне, әлсіздерді қорғауына мүмкіндік беріңіз. Қажетіне кішкене де болса қиналып қол жеткізетіндей жағдай жасаңыз. Мүмкіндігінше заттарын жинау, тазалау, реттеуді өзіне тапсырыңыз. Үлкен адамша сөйлесіп, отбасыңызға қатысты шешім қабылдауда пікірін сұраңыз, ойын ескеріңіз. Кей шешімдерді қабылдау құқығын балаға беріңіз. Және осының бәрін жасаған сайын мақтап-мадақтап отырыңыз.


Баланы аяу

Ұл балалар төбелессіз, жарақатсыз, құлаусыз өсуі мүмкін емес. Ауыр, қауіпті жарақат болмаса, жеңіл-желпі жағдайларда баладан бетер абыржудың қажеті жоқ. Аналық жүрегіңіздің елжіреп тұратыны түсінікті, әйтсе де дәл осы жерде ер-азаматтарша қатаңдық танытыңыз. Ұрсуға тіптен болмайды. Салмақты қабылдап, көгерген не жараланған жеріне тиісті ем-дом жасаңыз. Балаға бұның қауіпті екенін, байқап жүру керегін жай сөзбен түсіндіріңіз. Ауырса, «шыда, төзімді бол, бұл – уақытша, сәл күнде жазылады» деп жұбатыңыз. Бұдан соң жазылып кеткенше бар айтқанын орындап, ас-суын аузына салып өбектеу де артық.


Қорғаштау

Балаңызға біреу ауыр сөз айта қалса, бас салып араша түсудің, барлық жағдайда жақтаса берудің қажеті шамалы. «Әкесі жоқ деп басынғың келе ме?», «Менің балама қарап сөйлемеңдер» деген сияқты сөздерді айту тіптен орынсыз. Әрқашан кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін ажыратып, әділ болыңыз. Балаңызға қатысты әділетсіздік жасалса, өзін өзі қорғауды үйретіңіз. Өзінікі дұрыс болмаса, кешірім сұрауын қадағалаңыз. Өз әрекетіне жауап беруді, жазадан құтылу үшін өтірік айтуға болмайтынын, шыншыл болудың маңыздырақ екенін осылай ғана ұқтырасыз.

Әрине, әрбір ана баласына тек жақсы нәрсені тілейді. Жалғыз өзі баланы жетілдіру, нағыз ер-азамат етіп тәрбиелеп шығару қиын, бірақ мүмкін емес деуге де келмейді.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Осы 8 әдетті РАМАЗАН АЙЫНДА қалыптастырып үлгеріңіз