Осы 8 әдетті РАМАЗАН АЙЫНДА қалыптастырып үлгеріңіз

0
6 360

Дәл қазір керемет мүмкіндік бар.


Осы 8 әдетті РАМАЗАН АЙЫНДА қалыптастырып үлгеріңіз

Жақсы әдет – көркем мінездің іргетасы. Сондықтан оң әдет-құлықтарды қалыптастыру – өмір бойы жалғасуға тиіс еңбек. Ғалымдар кей әрекеттерді дағдыға, әдетке айналдыру үшін 21 күн үзбей қайталау жеткілікті екенін айтады.

Дәл қазір бізде жақсы әдеттерді қалыптастыруға керемет мүмкіндік бар. Яғни, Оразаның отыз күнінде үзбей қайталанған әрекетті ары қарай да жалғастырып кету қиын болмайды.


Сонымен, Оразада оңай қалыптасатын 10 әдет:


1. Ерте жатып, ерте тұру

Сәресіден соң қайта ұйықтамай, күніңізді бастап кетіңіз. Көп шаруаңызды ерте тындырып аласыз. Ертеңгі таңда да ерте тұру үшін кешкісін ертерек ұйқыға жатыңыз.


2. Дұрыс тамақтану

Күндіз ішіп-жеуден тыйылған кісі ауыз ашқан соң тамаққа бас салып, талғамай жұта берсе, Оразаның пайдасынан көрі зияны көбірек тиеді. Абзалы – алдымен су ішу, жарты сағаттан кейін дұрыс дайындалған негізгі тағамды ішу, тағы бірер уақыттан соң тоқбасар жеу. Сондай-ақ, сәресі мәзірі де майсыз, жеңіл қорытылатын, құнарлы әрі дәрумендерге бай азық-түліктерден құралса, құба-құп. Дәл осылайша отыз күн тамақтансаңыз, отыз бірінші күні асқазаныңыз өзі-ақ фаст-фудты іздемей, майлы, ауыр тағамдарды қабылдамай тұратын болады.


3. Ысырап жасамау

Ауыз ашар сәтке түрлі тағамды үйіп-төгіп дайындап алудың да қажеті шамалы. Шын мәнісінде, асқазан өзіміз қалағаннан, ойлағаннан аз мөлшердегі тамаққа қанағат ете алады. Тек, құрамында ағзаға қажетті пайдалы заттары мол болса болғаны. Осы қағиданы ұстансаңыз, сәресі мен ауызашар дастарханына үйіп-төгіп ас қоюдың орнына, олардың пайдалылығы, дұрыс дайындалуы жағына назар аударатын боласыз. Есесіне, бұрын бір күнде тауысатын асыңыз енді екі күнге жететін болады.


4. Артық сөзден, істен тыйылу

Рамазан айында барлық артыз ауыз сөзден, істен тыйылу бұйырылғаны жалпыға аян. Содан да осы күндері барынша әр айтқан сөзімізге сақ болуға, әр қадамды аңдап басуға тырысамыз. Осы әдетті неге 30 күнге ғана емес, жылдың 365 күніне созбасқа?


5. Хадис, сүре жаттау

Басқа күндері рухани білім игеруге көп көңіл бөле алмай жатамыз. Ал, ораза кезінде бұл оңайырақ. Күнделікті бір уақытты белгілеп бөліңіз. Осы уақытты хадис, сүре жаттауға, дұға оқуға арнаңыз. Ораза біткен соң да күн тәртібіңізден осы бір бөлікті алып тастамай, жалғастыра беріңіз.


6. Эмоцияны басқару

Рамазан айы кезінде қанша ашуға булығып немесе реніш кернеп тұрса да, қарсыдағы кісіге сыпайы, салқынқанды жауап беруге тырысамыз. Отыз күн ішінде осы қабілетті кәдімгідей меңгеріп алуға болады. Жағымсыз эмоцияны басқарып, ашу-ызаны басып үйрендіңіз бе? Ендеше оны ораза уақыты біткен соң да тастамаңыз.


7. Ерік-жігерді жаттықтыру

Рамазан айының алғашқы бірер күні ауыз бекітушілердің көпшілігі үшін едәуір сынақ. Қарын ашады, көз қарауытып, бас айналады, тамақ кеуіп, ерін кеберсиді... Осының бәріне шыдамдылық таныту – төзімді тездеу, ерік-жігер күшін жаттықтыру. Ерік-жігердің бұлшықет секілді екені, үнемі жаттықтырып тұрмаса, босаңсып кететіні белгілі. Олай болса, осы бір шыдамдылықты шыңдау амалдарын жыл бойы жиі қайталап тұруға себеп бар.


8. Режиммен жүру

Жай күндері уақытпен санасасыз ба? Өміріңізде күн тәртібі құрылып, реттілік орнатылған ба? Жоқ болса, бұл шаруаны да осы отыз күнде біржақты етуге болады. Ауызашар мен сәресі уақыты бекітілген. Сіз өз ыңғайыңызға қарамай, сәресіні ерте, ауызашарды кеш ішпей, дәл белгіленген уақытта дастархан басынан табылуға дағдыланыңыз. Сонда кейін де сағатқа жиі қарап, әр істі өз уақытында атқаруға асығатын боласыз.

Аталғандардан бөлек, кез келген өзіңіз қалаған әдеттерді де қалыптастыра аласыз. Ол үшін алдымен нақты мақсаттарыңызды белгілеп, тізімін жасаңыз. Оларды жүзеге асыратын уақыт белгілеңіз. Бір айдың ішінде тұрақты қайталасаңыз, әдетке айналып, мінезіңіздің бір қасиеті ретінде бойыңызға сіңетініне сенімді болыңыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

АДАЛ ДОСыңыз көп пе, АМАЛ ДОСыңыз көп пе?