«ЖАЛҒЫЗБЫН» ДЕМЕҢІЗ: тағы қандай сөздерді АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ?

0
3 432

Сөздің құдыреті – сіз ойлағаннан әлдеқайда күшті.


«ЖАЛҒЫЗБЫН» ДЕМЕҢІЗ: тағы қандай сөздерді АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ?

× «Жалғызбын» демеңіз...

«Ең қатты қорқынышым – жалғыздық» деушілер біршама. Ал екінші біреулер жалғыздықты адам үшін қалыпты жағдай деп санайды. Тіпті оның пайдасы көп дейтіндері де бар.

Ауылы араласа, қойы қораласа өмір сүруді салтқа айналдырған, асары мен той-томалаққа бір кісідей жұмылатын қазақ жалғыздықты жек көреді. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас», «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» сынды нақыл сөздер осының нәтижесі.

Әйткенмен, жаныңыз жабырқап, айналаңыздағы адамдардан қолдау таппаған әрбір сәтте «Жалғыз екенмін» деп жыламсырай беруге болмайды. Сіз жалғыз емессіз, егер кем дегенде бір адам сіздің жоқ екеніңізді байқаса. Іздесе.

Нағыз жалғыздық – ұзақ уақыт бойы ешкімнің керек етпеуі, іздемеуі, жоғыңды байқамауы. Көптен бері көрмесе де, сағынбауы. Бүгінгі күннің өлшемімен алсақ, әлеуметтік желіге сурет-видео жарияласаң, ешкімнің лүпіл баспауы, пікір жазбауы. Қалғанының бәрі – жалғыздық емес, оңаша қалып өзіңмен-өзің болуға берілген мүмкіндік. Қарым-қатынастағы уақытша үзілістер.


× «Жоқ» демеңіз...

«Ақша жоқ», «жетпейді», «жағдай нашар» деген сөздерді де айта көрмеңіз. Осылай айту арқылы сіз өзіңіздің қаржылық ағыныңызды жабасыз. Адамның ойы материалданады, ғаламға жіберген барлық хабарламалар қабылданып, сұраныстар екі-үш еселене қайтарылады. Сонда «ақша жоқ, аз, жетпейді» деу арқылы қаржы секторынан не күтесіз? Бұл тіркестерді басқасымен ауыстырыңыз. Мысалы «Ақшам енді болады. Бұл нәрсе қазір қажет емес, болашақта аламын. Қазір ақшамды басқа нәрсеге жұмсаймын» деген сынды сөздерге. Осы сөздер арқылы ғалам сізге қаражаттың қажет екенін біледі.

Ал дәл қазір басқасының бәрін былай қойып, тамақ пен баспанаға ақшаңыз болса, өзіңізді кедей деп санай алмайсыз.

Қарыз, несие алсаңыз, ол үшін де қайғырмаңыз. Әлде де сізде оларды алатын жер, қайтаратын мүмкіндік бар! Ендеше, бұл – кедейлік емес, уақытша материалдық қиындықтар. Әлбетте, уақытша нәрселер өтеді де, кетеді.


× «Аурумын» демеңіз...

Антон Чеховтың өмірбаянынан хабарыңыз бар ма? Қатты сырқаттанып тұрса да, өмірінің соңғы айында Италияға сапар шегіп үлгерген. Өзін ауру деп санағысы келмеген.

Кеңес жылдарында санаторийлер мен ауруханада ем алушылардың барлығын «науқас» деп емес, «сауықтырушы», «ем алушы», «емделуші» деп атаған.

Өлім аузында жатпасаңыз, одан басқа жағдайдың бәрінде сіз – болашақтан үміті бар адамсыз. Сондықтан, бас ауырып, балтыр сыздаса, төсек тартып қалғанда өзіңізді «аурумын, науқаспын» деп айтудың қажеті жоқ.

Ауру – тек қана ағзаңыздың сізге бір нәрсені дұрыс жасамағаныңызды не дұрыс жасамай жатқаныңызды білдіру үшін берілген сигнал. Бәрін жөнге келтірсеңіз, ол да дабыл да басылады.


× «Білмеймін» демеңіз...

«Білмеймін» деген – ең ақымақ сөздердің бірі. Оны айту арқылы сіз өзіңізді тұйыққа тірейсіз. Жағдайдан шығудың жолын іздемейсіз.

Асылында сіз ақыл-ой қабілеті бар адамсыз. «Білмеймін» деп шорт кеспей, білуге талпынсаңыз, ойлансаңыз, ізденсеңіз, кез келген нәрсенің жауабын таба аласыз. Бұл тіркесті тиімдірек сөзбен ауыстырған дұрыс. Мысалы «Мен білуге тырысамын. Менің мұны білуім керек. Жауапты қайдан не кімнен іздесем болады?» - осындай ойлар жетегінде ізденсеңіз, жауаптар әрқашан табылады. Сізге көмектескісі келетін, үйрететін адамдарды міндетті түрде кездестіресіз. Нәтижесінде білетін болып шығасыз.

Сөздің құдыреті – сіз ойлағаннан әлдеқайда күшті. «Айтылған сөз – атылған оқ». Оны кері қайтара алмайсыз. Бұрыс сөз айтып қойдыңыз екен, оның теріс салдарын да өзіңіз көресіз. Дұрыс сөз айтсаңыз, жақсы нәтиже де өзіңізге бұйырады.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ӘЙЕЛДЕРДІҢ күйеуіне ЖАҚПАЙТЫН 7 әдеті