ӘЙЕЛДЕРДІҢ күйеуіне ЖАҚПАЙТЫН 7 әдеті

0
1 858

Бұл әдеттер сізде бар ма?


ӘЙЕЛДЕРДІҢ күйеуіне ЖАҚПАЙТЫН 7 әдеті

Жақсы көрген адам ештеңеге қарамауға, кемшіліктерін көзге ілмеуге, жұбайын бар қалпында қабылдауға тиіс. Алайда, әйелдердің күйеуіне жақпайтын әдеттері мен әрекеттері бар. Оларды күнде қайталай берсе, кез келген ердің әйтеуір бір күні шыдамы таусылатыны хақ.


Артық сөйлеу

Әйелдер ерлерге қарағанда эмоцияға берілгіш, әсершіл келеді. Ішінде болып жатқан жайдың бәрін күйеуінің түсінгенін қалайды. Естіген-көргенімен, білгенімен, пікірімен бөліскісі келеді. Алайда, тоқтаусыз сөйлеп, тым шектен шыққан әйелді сөздік қоры біткенше тыңдап отыруға екінің бірінің сабыры жетпейді. Суша сапырылған ақпараттарды өзіне мүлде қажетсіз деп тапса, тыңдап отырған кейіп танытып, өзі басқа әлемде жүреді. Немесе ауыр сөз айтып тыйып тастайды. Екеуі де әйелге жағымды әрекет емес. Сондықтан артық әңгімемен еріңіздің басын қатырмаған жөн.


Жеке өмірі жайлы айту

Әйелдер үшін анасына, әпке-сіңлісіне, құрбысына, т.б. жақындарына жеке өмірі жайлы айту, оны талқылау ештеңе емес. Тіпті, қызды-қыздымен ең құпия тақырыптар да ашылып кетіп жатады. Егер осы әңгімелеріңізді еріңіз естісе немесе не туралы сөйлескендеріңізді білсе, құптамас еді. Бастапқыда жай ескертуі мүмкін, кейін қатқылдау айтады. Оған да тоқтамасаңыз, ақылды әйел екеніңізге күмін келтіріп, әбден көңілі қалуы ғажап емес.


Уәдеде тұрмау

Әйелдердің көпшілігі өзгелерге қатысты мәселелерде жауапкершілікті қатты сезінеді. Ондай кезде уәдеге берік, өзінің міндеттерін, парыздарын жақсы біледі және тиісіше орындайды. Тек, өзіне келгенде осы жауапкершілік, сөзінде тұру сынды қасиеттер жоқ болып кетеді. «Диетаға отырып, арықтаймын» дейді, «Бүгіннен бастап бет күтімін жасап, әдемі боп жүремін» дейді, «Ертеңнен бастап спортпен айналысамын» дейді, «Ендігәрі өзімнен ақша аямаспын» дейді... Өзіне қатысты уәделерді үйіп-төгеді де, көбісін аяқсыз қалдырады. Осындай өзіне деген сыйластығының, құрметінің жоқтығын көре-көре, күйеуі оны сыйламайтын, қадірлемейтін еркекке айналады.


Күйеуін құнсыздандыру

Күйеуі кішкентай ғана қате жіберіп қойса болғаны, біраз уақыттан бергі игі істерін, жетістіктерін, басқа да жақсылықтарын жоққа шығара салатын әйелдер бар. «Ой, сен өмірі өйстесің», «Қалай сені жақсы бола қалды деп едім», «Пәленшелер өйтіп жүр, біз ешқашан ондай бола алмайтын шығармыз», «Айттым ғой, тыңдамайсың адамды» деп жерге ұрады. Немесе сыйлық берсе «Ой, осыған бола ақша құртқаның не? Одан да үйге керек нәрсе алмадың ба?», бірге уақыт өткізуге шақырса «Оған босқа уақыт кетірмейік, бала-шаға бізге қарап күтіп отыр» деп шығады. Осылайша ерінің екеуі үшін жасаған бар еңбегінің құнын бір тиын қылады. Бұл кімге ұнасын?


Құлақ етін жеу

Әйел күйеуін қателіктен сақтандыру үшін ескерту береді, жанашырлықпен ақылын айтады, жақсы болсын деп қатесін түзейді, ең ақыры, бір айтқаннан құлағына кіре қоймағасын, бірнеше мәрте қайталап айтады. Бірақ күйеу көп жағдайда мұның бәрін «мылжыңдау, ызыңдау, құлақ етін жеу, мазаны алу, жегідей жеу» деген сынды жағымсыз мәнде қабылдайды. Сол себепті де сын-ескертпелер, ақыл-кеңестер, ұмытып кетпесін деп есіне салу, тағысын тағылар қандай жақсы ниетпен болса да көп айтылмайақ қойғаны абзал.


Жиі жылау

Әйелдердің жаны нәзік, жүрегі жұмсақ. Содан да тез көзіне жас келіп қалады. Одан бөлек, жағымсыз эмоцияларын ер-азаматтар сияқты ашумен, айқаймен, балағат сөзбен, спортпен шығаруға мүмкіндік бола бермейді. Оны да көбіне көз жасымен шығарады. Түсіністікпен қарауға қанша тырысса да, жылап-сықтау тым көп болса, күйеулерге мұны қабылдау қиынға соғады. Басында бір-екі рет жаны ашуы мүмкін. Кейін еті үйреніп, бейжай қарайтын болады. Бірте-бірте манипуляция ретінде қабылдап, әйелі жылай бастаса ашуы келіп, одан сайын «жығылған үстіне жұдырық» болуы әбден мүмкін. Сондықтан, күйеуге көз жасыңызды жиі көрсетпеуге тырысыңыз.


Телефонмен ұзақ сөйлесу

«Екі сағат бойы не айта береді?», «Телефонмен сөйлескеннен басқа тірлігі жоқ» - әйелі телефонмен көп сөйлесетін еркектердің ойы осындай. Мұны күйеуіңіз мүлде жақтырмайды. Олардың түсінігінде телефон бірдеңені талқылауға емес, қысқа ақпарат беруге, хабар алуға арналған. Сондықтан анаңызбен, құрбыңызбен, т.б. жақындарыңызбен ұялы құрылғы арқылы ұзақ сөйлесетін болсаңыз, көп ұзамай ұрыс-керіске себеп болуы әбден мүмкін екенін біліңіз.

Бойыңызда күйеуіңіз жақтырмайтын қандай да бір қылығыңыз, іс-әрекетіңіз болса, оны өзгерту туралы ойланып көріңіз. «Мен қандаймын, сол қалпымда қабылдасын» деп қырсығудың қажеті шамалы. Сіз иілсеңіз, сізге ұнамайтын тұстарын ол да өзгертер. Ерлі-зайыптылар одағының берік болуының негізі – жалындаған махаббат қана емес, бір-біріне жол беру, ортақ компромисс табу екені естен шықпасын.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ата-анаға кеңес: Баланың оқуға деген ынтасын арттыра аласыз