Арыста адасып кеткен үш жасар баланы полицей 15 минутта тауып берді

0
1 082

Сәбиін аман-есен тауып берген тәртіп сақшыларына анасы алғысын жаудырып, аналық батасын берді.


Арыста адасып кеткен үш жасар баланы полицей 15 минутта тауып берді

Арыс ауданында адасып жүрген 3 жасар бүлдіршінді полиция қызметкері 15 минутта тауып, ата-анасына табыстады деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Түркістан облысы Арыс ауданы Монтайтас бекетінде 30 сәуір күні төтенше жағдай режимінің сақталуын қамтамасыз етіп қызметте тұрған полиция лейтенанты Бауыржан Салыбаев жолда жылап жүрген 3 жасар қыз баланы байқаған. Учаскелік инспектор ата-анасы мен үй туралы сұрағанымен бүлдіршін мандытып жауап бермеген. Нақты жауап ала алмаған соң, қызды өздерінің шатырларына апарып, дәрігерлерге тапсырып, өзі оның ата-анасын іздеуге шығады.


Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық көшелер мен үйлерді аралап, көршілер мен өтіп бара жатқан адамдардан баласын жоғалтқандар жоқ па екенін сұрастырған. Сол уақытта блок-бекетке жоғалып кеткен қызын іздеп анасы келген. Белгілі болғандай, анасы үйде оқушы балаларының сабағын қадағалап отырғанда үш жасар сәбиінің сыртқа шығып кеткенін байқамаған. Өз бетінше шарқ ұрып іздеп таппаған анасы үш жасар бүлдіршінін қүдыққа құлап кетті ме деп қауіптенген. Қызынан көз жазып қалған ананың үйі блок-бекеттен 400 метр қашықтықта орналасқан. Сәбиін аман-есен тауып берген тәртіп сақшыларына анасы алғысын жаудырып, аналық батасын берді.


Учаскелік инспектор, полиция лейтенанты Б. Салыбаев бұған дейін де Шымкент қаласы Әл-фараби аудандық полиция бөлімінде қызмет еткен кезінде жоғалған тағы бір баланы табуға көмектесіп, ата-анасына табыстаған.