«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Түлкібастық отбасы құлпынай шаруашылығын қолға алды

0
838

Кәсіпкер атанғандар қатары күн санап артып келеді.


«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Түлкібастық отбасы құлпынай шаруашылығын қолға алды

Түлкібастық отбасы «Ауыл аманаты» жобасымен құлпынай шаруашылығын қолға алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысына қарасты бірқатар аудандарда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында кәсіпкер атанғандар қатары күн санап артып келеді. Оған дәлел, Түлкібас ауданында тұратын Тілемісовтер отбасы құлпынай егіншілігін қолға алып, кәсібінің нәсібін көріп келеді. Бұған дейін түлкібастықтар дүйім жұртты алмасымен таңғалдырса, енді құлпынай жемісі нағыз брендке айналып келеді. Аталған жоба, елді мекендердегі егіншіліктің дамуындағы алғашқы баспалдақ саналады. Халықтың әлеуетін жақсарту мақсатында қолға алынған бағдарлама шаруалар үшін таптырмас мүмкіндік.


Ағайынды Тілемісовтердің айтуынша, бұл кәсіпті «Ауыл аманаты» жобасымен мемлекеттен 2,5 пайыздық несие арқылы 7 миллион теңге қаржы алып, шаруашылық жерлерінің көлемін ұлғайтқан. Мәліметтерге сүйенсек, осыған дейін ауданда 188 миллион теңгені құраған 31 жоба қаржыландырылған. Шаруа қожалықтың дамуы алғашында,қайтарымсыз грант аясында кішігірім үй ауласынан басталған екен. Сонан соң, «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, құлпынай алқабын тағы 3 гектар жерге кеңейткен.


Ағайынды Тілемісовтердің сөзінше, бұл жеміс, басқа өсімдіктерге қарағанда, едәуір күтімді қажет етеді. Сол себепті бұл кәсіпке келмес бұрын өсімдікті жан-жақты зерттеп, күтіп-баптаудың қыр сырымен толықтай танысқан.


«Қазіргі таңда алқапта құлпынайдың Италияндық Альбион, Азия, Мурано аттыүш түрлі сұрыпы егілді. Аталмыш сұрыптар ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін жылына 30 тонна жеміс береді. Алқапта Израилдық тамшылатып суару әдісін қолданамыз, себебі суарудың бұл түрі ылғалды сақтап қана қоймай өнім көлемін арттырады. Бүгінде қожалықта ауылдың бірқатаржастары еңбек етеді. Негізінен шаруашылыққа қызғушылығым әуел бастан жоғары еді, оның ішінде құлпынай жемісін өсіруге қызығушылық басым болды», - дейді кәсіпкер.


Жалпы Түлкібас ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасынаМичурин, Балықты, Рысқұлов, Шақпақ ауылдық округтері енгізілген. Аталған бағдарламада өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мол мүмкіндіктер қарастырылған.