Бәйдібек ауданына инвестиция тарту жұмысын жандандыру керек – Дархан САТЫБАЛДЫ

0
464

Ауданда өндірісті дамыту мен өзіндік табысын көбейту мүмкіндігі бар ма?


Бәйдібек ауданына инвестиция тарту жұмысын жандандыру керек – Дархан САТЫБАЛДЫ

Бәйдібек ауданын дамыту үшін қандай салаларға басымдық берілетіні талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бәйдібек ауданын дамыту үшін қандай салаларға басымдық берілгені жөн? Қандай жұмыстарды атқару керек? Ауданда өндірісті дамыту мен өзіндік табысын көбейту мүмкіндігі бар ма? Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен ауданда өткен актив отырысында осы және өзге де сұрақтарға жауап ізделді. Индикаторларды орындай алмаған жауапты тұлғаларға сын-ескертпелер айтылып, тапсырмалар берілді.


«Бұдан бұрынғы мәжілісте аудандағы кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілген еді. Бүгін осы атқарылған жұмыстарды қорытындылау үшін қайта жиналып отырмыз. Бәйдібек ауданында бірқатар салада өзекті мәселелер қордаланған. Ауданның экономикалық, әлеуметтік салаларындағы жағдай, сондай-ақ, инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ойдағыдай емес. Аудан әкімдігі Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс. Сонымен қатар ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын ұсынуды тапсырамын. Ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу жұмыстарын күшейту қажет. Ауданда индустриалды аймақтың жұмысы нашар. Инвестиция тарту, зауыттар мен кәсіпорындар ашу бағытында ізденіңіздер», – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.


Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды зерделеу қорытындысымен таныстырды.


Мәжілісте дамуға кедергі келтіріп отырған деректер ашық айтылып, кемшіліктерді жою жолдары ұсынылды. Тапсырмаларды орындауға уақыт берілді.