Дархан Сатыбалды ардагерге құрмет көрсетті

0
572

Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы Түркістан ауданы, Тартоғайда шаруаның отбасында дүниеге келген.


Дархан Сатыбалды ардагерге құрмет көрсетті

Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғысындағы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған іс-шаралар басталып кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғысындағы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған іс-шаралар басталып кетті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды 96 жастағы түркістандық ардагер Әбжаппар Дайрабайұлының үйіне арнайы барып, сый-құрмет көрсетті.


"Қазақ халқы – қазыналы қарияларын сыйлаған ел. Мен үшін ардагерлеріміздің айтқан кеңестері, ақ баталары бәрінен маңызды. Мереке қарсаңында өзіңізбен амандасып, тілдесуді жөн көрдім. Түрлі қиындықтарды жеңіп, мемлекет үшін тер төктіңіздер. Біз батыр тұлғаларымызды бағалап, ұрпаққа үлгі-насихат ретінде көрсетіп отыруымыз керек. Ардагерлердің хал-жағдайы әрдайым назарымызда. Тек мереке кезінде емес, барлық уақытта қолдау көрсетеміз. Амандығыңызды тілейміз", – Дархан Амангелдіұлы.


Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы Түркістан ауданы, Тартоғайда шаруаның отбасында дүниеге келген. Ашаршылық жылдары 5 жастағы Әбжаппар денсаулығына байланысты жүруге жарамай қалады. Қиындықпен өседі.


1943 жылы 16 жасында майданға аттанып, Беларусь, Украина майдандарында соғысқан, Польшаны азат етуге қатысқан. «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және тағы да басқа медальдармен марапатталған.


Елге оралған соң ұстаздық жолда еңбек еткен. Қалалық Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы болды. Ардагер 3 қыз бен 2 ұлдан немере тәрбиелеп отыр. Қазіргі таңда ұлы Рүстембек Дайрабаевтың шаңырағында тұрады.


Айта кетейік, Түркістан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралған. Олардың арасынан Кеңес Одағының батырлары, Халық қаһарманы және III дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалерлері шыққан.


2023 жылдың 25 сәуірдегі жағдайымен 4438 адам ҰОС ардагерлері және оған теңестірілгендер есебінде. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерінің саны – 14. Өңірде 4423 ардагер жағдайлары бойынша ішінара санаттарға бөлінеді.


Жалпы, 4438 ардагерге Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 175,5 млн. теңге қаржы бөлінді. ҰОС ардагерлеріне 1,5 млн. теңгеден үлестірілсе, 4400-ден астам тыл еңбеккерлері мен қаза болған жауынгердің жесірлеріне және басқа да санаттардағы ардагерлерге қаржылай көмек қарастырылды.


Отансүйгіштікті дәріптеу мақсатында алдағы уақытта жастардың қатысуымен іс-шаралар өткізу жоспарлануда.