Келес ауданының әкімі "Ашық әкімдік" жүйесімен жұмыс істеуде

0
3 151

Халықпен кездесу іс-шарасы билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайту, күнделікті мәселелердің дұрыс шешімін табу және ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен тұрғындарды таныстыру мақсатын көздеді.


Келес ауданының әкімі

Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев және аудан прокуроры Бақыт Сейфолла халықпен кездесу үшін Келес ауданының Жамбыл және Бозай ауылдық округтеріне сапармен барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Халықпен кездесу іс-шарасы билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайту, күнделікті мәселелердің дұрыс шешімін табу және ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен тұрғындарды таныстыру мақсатын көздеді. Кездесуге Келес аудан әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев, аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Бахтияр Абдиев, жергілікті полиция қызметінің өкілдері мен басқа аудандық құрылым өкілдері қатысты.

"Көбінесе азаматтар табан тоздырып аудандық құрылым өкілдерінің жеке қабылдауына барады. Ал бұл іс-шарада аудандық құрылым өкілдері жұртшылықпен жүздесіп, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу үшін халықтың алдына өздері барады. Халыққа ашықтығымызды көрсететін бұл тәжірибені енгізіп отырмыз. Шара барысында бүгінгі таңда ауданда атқарылып жатқан іргелі істеріміз туралы жұртшылыққа жан-жақты ақпарат беруді мақсат қыламыз", деді Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев.

Сондай-ақ аудан әкімі көше бойлары мен ашық дала жерлерінің тазалығын тұрақты сақтау үшін халық арасында үгіт-насихат жүргізулерін және жұмысты жандандыру керектігін тілге тиек етті. Шара шеңберінде тұрғындар тілегі тыңдалды. Түскен өтініштерге тиісті жауаптар берілді.