Кентауда контейнер шығаратын зауыт іске қосылады

0
295

Зауыт толық іске қосылғанда 150 адам жұмыспен қамтылмақ.


Кентауда контейнер шығаратын зауыт іске қосылады

Кентауда биыл модульдік контейнерлер шығаратын зауыт іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кентау қаласында биыл «АйдарСтройГрупп» ЖШС-і модульдік контейнерлер жасау зауытын іске қоспақ. Жобаның жалпы құны - 2,25 млрд теңге. Өндіріс орны жылына 400 дана модульдік контейнер шығаруға қауқарлы. Зауыт толық іске қосылғанда 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл жайында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов брифингте мәлімдеді.


«Жалпы биыл қалаға 47 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Шаһардың өркендеуіне өз септігін тигізер ірі жобалар қатарында «Каз Ойл Энерджи» ЖШС-ң өндіріс орны да бар. Қалдықтарды қайта өңдеу жобасының құны - 27 млрд теңге. Онда алдағы уақытта 1 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. 2023 жылы Кентуға 46,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 83%-ы - жеке инвестицияға тиесілі» - деді қала әкімі.


Былтыр Кентаудың жалпы өңірлік өнім көлемі 76,2 млрд теңгеге жеткен. Жалпы өнімнің 56%-ы - өнеркәсіп, 17,6%-ы - ауыл шаруашылығы, 14,8%-ы - сауда саласының үлесінде. Ал ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 13,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Биыл аймақта «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 477 млн теңгеге 97 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 194 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өткен жылы аталған жоба аясында 491,6 млн теңгеге 92 жоба қаржыландырылған.


Шаһарда ірі жобалармен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді. Жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 13%-ға артып, 6 615-ке жеткен. Салада 31,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, инфрақұрылым бойынша Кентау мен оған қарасты ауылдар 100% ауыз сумен және электр желісімен қамтылған. Кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 78,1%-ды құраса, қаланың 55 пайызы табиғи газ жүйесіне қосылған.