Мәжілісмен: Мемлекет "сауын сиыр" емес қой

0
1 382

Мәжіліс депутаты кәсіподақ мүшелерімен кездесті


Мәжілісмен:  Мемлекет

ERNUR.KZ. Түркістан облыстық кәсіподақ орталығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев салалық кәсіподақ қызметтерінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Халық қалаулысының сөзіне қарағанда халықтың сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдау мақсатында Түркістан облысында көшпелі кездесулер өткен. Бүгінгі таңда Мәжілісмендер тарапынан балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттардан қорғау мәселесі бойынша, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, ҚР білім туралы заң жобасына, газ және газбен жабдықтау, ҚР кейбір заңнамалық актілеріне, мемлекеттік қызмет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар түскен.

Ф.Қаратаев Түлкібас, Төлеби аудандарында болғанда диқандар бау-бақшаға, ет өнімдеріне субсидияның тоқтатылғандығы жөнінде мәселе көтерілгендігін айтты.

«Мемлекет қашанға дейін береді? Ол «сауын сиыр» емес қой. Қазір кәсіпкерлерге қолдау түрлері көп. Өнімдердің барлығы өзімізден шығады, бірақ базарларда баға жоғары. Базардағы бағаларды жеке сектордағы өнімдер көтеріп отыр», - деді халық қалаулысы.

Аталмыш жиналыста қозғалған мәселелердің бірі - қызметкерлерінің зейнет қаржысының уақытылы түспеуі. Қазіргі кезде зейнетақы қорына түсетін қаржы жиналып жылына бір мәрте аударылады, сондықтан қалған 11 ай есепсіз қалады. Бұдан 30-40 жыл қызмет жасаған мамандар зардап шегіп жатыр. Әсіресе ауылшаруашылығы саласында осы мәселе ушығып тұрғанға ұқсайды. Көктемде егістігін егіп, күзде өнімін өткізгеннен кейін зейнет қаржысын аударады. Осыған байланысты Мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері осындай олқылықтарға жол берген мекемелердің бухгалтерлерін бақылауға алса деген ұсыныс жасалды.

Ф.Қаратаев ең алдымен екі тараптың мүддесіне сәйкес келетін жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек келісімшартының міндетті түрде болуы керектігін жеткізді. Қазіргі кезде көптеген мекемелерде еңбек келісімшарты жасалмайды, жасалған күнде де жұмыс беруші тарапынан жасалатындықтан тек бір жақтың мүддесін көздейді. Мәжіліс депутаты аталған мәселелердің ескерілетіндігін айтты.