«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МАЙДАН»: Түркістанда жаңа кітаптың таныстырылымы өтті

0
529

Тұсаукесері 25 қараша күні Алматы қаласында өткен болатын.


«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МАЙДАН»: Түркістанда жаңа кітаптың таныстырылымы өтті

Түркістанда «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы облыстық «Фараб» ғылым әмбебап кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-өнертанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібекұлы жайында сыр шертілетін «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы өтті.


Тұсаукесер рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, кітап авторлары – Санжар Керімбай мен Айбек Нәбиге алғысын білдірді. Тағылымды іс-шара барысында Түркістан облысының ардагерлері Жарылқасын Әзіретбергенов, Жарқынбек Құлбайымбетов және Рахым Тәңірбергенов, сондай-ақ Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев ізгі лебізін білдіріп, құрмет көрсетті.


«Түркістанда әдеби, мәдени, рухани кештер өз жалғасын тауып келе жатыр. Бүгінгі кештің жөні бөлек. Себебі ұлт руханиятына қызмет жасаған қайраткерлердің бірі де бірегейі, өзіміздің жерлесіміз, осы Түркістанның қасиетті топырағынан жаралған тұлға – Өзбекәлі Жәнібековтың кітабының тұсаукесерінде бас қосып отырмыз. Кеңестік дәуірде мемлекеттік қызметте жүрген кез келген азаматқа ұлттық ұстаныммен қызмет ету қиын болғанын білесіздер. Сол кезеңдерде Өзбекәлі ағамыз қай салада, қай ортада қызмет етсе де ең бірінші ұлттық ұстанымынан айнымағанын білеміз. Әсіресе, этнография, салт-дәстүр саласында, бала тәрбиесінде ағамыздың жасаған еңбектері орасан. Соның ішінде Әз-Наурыздың және Тайқазанның қазақ еліне қайта оралуында өзіндік еңбегі бар. Осы кітапты арнайы дайындап, ішіне небір мәнді, мазмұнды сәттерді енгізе отырып шығарған, еңбектенген азаматтарға түркістандықтардың атынан, облыс әкімдігінің атынан шынайы алғысымызды айтамыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.


Кітап авторы Санжар Керімбай кездесуде кітаптың қалай жазылғанын, іздену барысында тап болған қызықты жағдайлар мен анықталған тың деректерге тоқталды. Іс-шара барысында Өзбекәлі Жәнібековтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні «Арқалықтың ақ таңы» және басқа да әндерінен попурри, сонымен қатар патриоттық әндер орындалды.


«Отбасы хрестоматиясы» қорынан жарық көрген бұл кітаптың алғашқы тұсаукесері 25 қараша күні Алматы қаласында өткен болатын. Енді түркістандық оқырмандарға да жол тартып отыр.